Жаңалықтар

Қар суынан қауіп жоқ

7 қаңтар күні Көптоғай ауылында жауған қар аралас жаңбыр тұрғындарға қиындық келтірді. Дегенмен қазір елді мекенде жағдай қалыпты, ешқандай қауіп жоқ.

Көптоғай ауылдық округінің әкімі Ерлан Асылбаевтың айтуынша, толассыз жауған қар мен жаңбырдың суы қырдан келіп, сайда орналасқан елді мекен көшелеріне жайылған. Дегенмен бұдан ешқандай тұрғын үй зардап шекпеген.

— 7 қаңтар күні жаңбыр мен еріген қар суының шамадан тыс көп болуынан ауыл іргесіндегі көтерме жол астында орналасқан су өткізгіштен ағынды су өтіп үлгермей,  соның салдарынан Көптоғай ауылының көшелеріне су кірді. Біз дереу қимылдап, еріктілермен бірге арнайы техникалармен қауіптің алдын алдық. Қазір жағдай қалыпты. Бүгінде елді мекенде ауа температурасы -27 градусты көрсетіп тұр. Кешегі ауылға кірген су қатып қалды. Алдағы уақытта осындай жағдайдың қайталанбауы үшін көктемде қауіпсіздік жұмыстарын қарқынды түрде жүргізетін боламыз, — дейді округ әкімі.

Ал аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, алдағы уақытта Көптоғай мен Амангелді ауылдары арасындағы автокөлік жолының астына үлкен көлемді су өткізгіштер салынбақ. Осылайша бұл мәселе толығымен шешіледі.

Айта кету керек, бүгінде Көптоғай ауылында 910 тұрғын тұрады.

 Данагүл ҚАЗИХАН,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button