Құрмет және марапат
Қарғалы ауданында жыл қорытындыланған салтанатты жиын өтті.
Іс-шарада аудан әкімі Асқар Жүсібалиев еліміздің өткен жылғы тарихи белестеріне шолу жасап, ауданның әлеуметтік-экономикасы мен жетістіктері туралы баяндап, қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген бірқатар қарғалылықтарды марапаттады.
Іс-шара барысында «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басшысының орынбасары Жаңылсын Исмағұлова, №1 Бадамша орта мектебінің директоры Наиля Кужакова иеленді. Жұмабек Көлжанов, Иван Кудря сынды кәсіпкерлер ауданның «Құрметті азаматы» атанды.
Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер Берік Оянғалиев, Юрий Баранов — «Жомарт жүрек» медалімен, Сергей Вандич «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Салтанатты жиында аудандық соттың қызметкері, көпбалалы ана Гүлзира Бижановаға күміс алқа тапсырылды. Шара аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ұйымдастырған концертпен жалғасты.
Бақыт ИМАШЕВ.