Жаңалықтар

Мердігерлер сыннан сабақ алды ма?

Облыстық әкімдікте қар тазалау науқанына қатысы бар мердігер ұйымдардың жұмысы сынға алынды.

Мерекеден кейінгі күн райы ақтөбеліктерді аса бір қуанта қоймады. Қаңтардың алғашқы күндерінде жауған қар айлық мөлшерден асып түсті. Жапалақтап жауған қар тұрақтамай, біресе еріп, біресе қатып, жолдар әбден бүлінді. Көктайғақ та тұрғындарды әбігерге салды.

Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласында қар тазалау науқанына 14 мердігер ұйым жұмылдырылған. Қызмет сапасын жақсарту мақсатында мердігерлерге қаладағы әрбір учаскелері арнайы бекітілген. Ал коммуналдық қызметтің жұмысшылар бригадалары екі ауысымда жұмыс істейді, олар көшелер мен жолдарды тазартуға тартылған. Күздің соңынан бастап Жаңа жылға дейін арнайы полигонға 22 мың текше қар шығарылған.

Тексеру барысында анықталғандай, мердігер ұйымдардың техникалық жарақтандырылуы сапалы болмай шықты, арнаулы көліктері әу баста айтылған санына жетпей жатты, кейбірі істен шыққан.

Бірқатар мердігер ұйымның директоры  көшені қардан тазарту жұмыстарына уақтылы дайын болмағаны үшін өңір басшысынан сөгіс естіді. Жұмыстары сынға алынған ұйымдар қатарында «Болашақ Гарант Сервис», «Universal 3Q», «ПК МТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және басқалары бар. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов ескертулерді елемей, өзіне жүктелген міндеттерге бейжай қарап, кемшіліктерін түзетпейтін компаниялардың алдағы конкурсқа жіберілмейтінінқадап айтты.

«Сын айтылғасын, мін түзелген болар» деп, біз де қаламыздағы Заречный, Есет батыр тұрғын алаптарын аралап қайттық. Жол бойы жұмыс істеп жатқан тракторлар мен қар тиелген жүк көліктерін көрдік. Кейбір жерлерде қар да үйілген. Қала аралап жүргенде «Universal 3Q» ЖШС директоры Әліби Ержановпенсөйлесудің сәті түсті.

— Айтарлықтай мәселе жоқ, жұмысшылар жеткілікті, тазарту жұмыстарын барынша жасап жатырмыз. Біздің компанияда қыста жолды тазартуға арналған трактор, «КамАЗ», жол аршитын басқа даарнайы техникалардың бәрі бар. Тек ауа райының құбылуына қарай техникалардың жұмысы да өзгеріп отырады, бірақ біз өзімізге жүктелген міндеттерді толығымен орындап келеміз, — дейді «Universal 3Q» ЖШС директоры Әліби Ержанов.

Біз барғанда «ПК МТС» ЖШС жұмысшылары Есет батыр тұрғын алабындағы жолдардың жиектастарын тазартып үйілген қарды жүк көлігіне тиеп жатты. Олар екі ауысымда жұмыс істейді. Негізінен жиектастар алаңын тазартумен айналысады. Жиналған лас қарды Есет батыр тұрғын алабынан өндірістік алқаптағы полигонға тасиды.

Ақтөбе қаласы бойынша 200-ден астам арнайы техника көшелер мен жолдарды тазалауға жұмылдырылған. Коммуналдық қызметтің 12 бригадасы да ауысыммен жұмыс істеп жатыр.

Еріген қар аяз болса,мұзға айналады. Сала мамандарының айтуынша, мұзды оятын да, ерітетін де құралдар жеткілікті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button