ЖаңалықтарСайлау

Сайлауға санаулы күндер қалды…

Сайлау-2023

14 қаңтарда елімізде Парламент Сенатының депутаттарын сайлау өтетіні белгілі. Ақтөбеден кімдердің кандидатурасы ресми түрде мақұлданды?

Облыстық Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіповтің айтуынша, әу баста сенатор атануға өңірден 5 үміткер болған. Бірақ Орталық сайлау комиссиясы олардың барлығының бірдей құжаттарын қабылдамапты.

— Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес кандидаттарды тіркеу туралы мәліметтер БАҚ-та және сайлау комиссиясының интернет-ресурсында жарияланды. Қазіргі таңда Сенат депутаттығына үміткерлер сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2022 жылдың 24 желтоқсанында жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де басталған бұл науқан13 қаңтарда аяқталады.

Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 15 желтоқсандағы №123/617 қаулысымен Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшері белгіленді.Ол бойынша кандидатқа 550 мың теңге қарастырылған.

Облыстық сайлау комиссиясының Парламент Сенатының депутатын сайлау бойынша таңдаушылардың бірлескен отырысы 14 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша сағат 10.00-де (тіркелу сағат 8.00-ден бастап Өнер орталығының конференц-залында өтетіндігін хабарлаймыз. Барлық іс-шаралар Сайлау туралы Конституциялық заңға және күнтізбелік жоспарға сәйкес өтіп жатыр.

Үш ақтөбелік ресми тіркеуден өтіп, Сенат депутаттығына үміткер ретінде қабылданды. Олар —Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры Рахым Бекназаров, облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғманов және  өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес облыстық сайлау комиссиясының құрамы туралы мәлімет «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінде жарияланып, облыс әкімдігінің сайтындағы сайлау комиссиясының парақшасына орналастырылды. Облыстық сайлау комиссиясы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары бойынша сайланған 7 мүшеден тұрады. Барлығының тәжірибесі бар, — деді Нұрлыбек Жүсіпов.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың атынан тек бір үміткердің депутат болатыны айтылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button