Жаңалықтар

Қала қардан тазартылып жатыр

Ақтөбе қаласының көшелерін қардан тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға 11 мердігер ұйым бекітілген.

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жомарт Бақытгелдінің айтуынша, қазіргі таңда қаланы қардан тазалауға 120-дан астам арнайы техника жұмылдырылған. Күндіз 12 бригада, түнде 5 бригада жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ қар шығаруға жүк тиегіш техникалар және самосвалдар шығарылған.

Өткен жылдың 15 қазаны мен 2 қаңтар аралығында қала аумағынан 22 500 текше метр қар шығарылды.

Ал қаңтардың 3-інен 4-іне қараған түні Ақтөбеде көшелер мен жолдарды тазалауға және көктайғаққа қарсы материалдарды себуге 130-дан астам техника мен 90-ға жуық жұмысшы жұмылдырылды. Түнгі тазалауға сыпыру-жинау техникасы, тиегіштер,  тракторлар, самосвалдар шығарылды. Жалпы алғанда, бүгінде коммуналдық қызметтердің қарамағында 180-нен астам техника, оның ішінде қар тазалау кезінде таптырмайтын шнекороторлар, тиегіштер бар. Мердігер ұйымдар көктайғаққа қарсы материалдарды себуде авариялық-қауіпті учаскелерге, атап айтсақ, көпірлерге, өткелдерге, көлік көтеріліп, түсетін жерлерге, тротуарларға, қоғамдық көлік аялдамаларына ерекше назар аударуда. Жалпы, қала аумағын таза ұстау үшін жауапты компаниялар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, — дейді ол.

Синоптиктер алдағы күндері Ақтөбеде ауа температурасы төмендеп, қалың қар жауатынын болжап отыр. Сол себепті жауапты мекеме өкілдері жолдарды қардан уақтылы және сапалы тазарту үшін жол бойындағы аумақтарға көліктерді қоймай, жол ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Ал жеке сектордың тұрғындары өз үйлерінің аумағынан қарды өздері шығаруға тиіс.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button