Жаңалықтар

Батылдық пен адалдық

Қаңтар қасіреті

Қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздік кезінде денсаулығына қауіп төнсе де, өз қызметіне адал болып, батылдық танытқан өрт сөндірушілер — Азамат Комытов пен Қанат Төлеуғанов қазір басынан өткерген оқиғаларын жиі еске алады. Дәл сол кезде олар алаңда не болып жатқанын түсінбеген.
— Биыл 5 қаңтар күні түстен кейін Ақтөбе қаласындағы 4 өрт сөндіру бөліміне Әбілқайыр хан, 31 мекенжайында балконда өрт тұтанғандығы жөнінде қоңырау түсті. Содан қасымдағы әріптесім екеуміз сатысы бар арнайы көлікпен шақырту түскен мекенжайға қарай беттедік. Алайда аталған мекенжайға барар жолды патрульдік полиция қызметкерлері жауып тастаған. Біз оларға әлгі мекенжайға баратынымызды түсіндірдік. Содан Пацаев көшесіне түсіп, келе жатқанымызда, біздің алдымыздан қолдарында арматура, таяқтары бар адамдар жүгіріп шықты. Олар көлігімізге тас атып, тереземізді сындырды. Көліктің екі есігіне жармасып, бізге қол көтерді. Олардың түпкі мақсаты қызметтік көлікті басып алу болды. Есімде қалғаны — ол жерде жүргендердің дені жастар болатын. Біз оларға өрттен адам құтқаруға келе жатқанымызды айтып, түсіндірдік, алайда нәтиже болмады, олар қайтпады. Бізді ұрып-соғып, көліктің артқы дөңгелегіне пышақ салып алды. Тіпті бірнешеуі көлікке мінгесіп алып, түспеді. Содан әріптесім Қанат екеуміз көлікті қалай да оларға бермеуді ойладық. Ыждағаттылықпен әрекет етіп, тұрған жерімізден кері шегіндік. Ең бастысы, біз қызметтік көлікті жұмыс орнына жеткізу үшін барымызды салдық. Өкінішке қарай, әлгі бұзақылар көліктегі өрт сөндіру құралдарын талап алып кетті, — дейді ол.
Абырой болғанда, сол күні әлгі қоңырау түскен жерге басқа бөлімнен арнайы топ келіп, көмек көрсеткен. Ал көлікті бұзақылардан қорғап қалған олар 4 өрт сөндіру бөліміне аман-есен оралған. Дегенмен олар соққы алып, жеңіл жарақаттанған. Есік-терезесі сынып, күл-талқаны шыққан қызметтік көлік арнайы тұраққа қойылған.
Өрт сөндіру саласында он жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Азамат Комытов мұндай қиын жағдайға өмірінде бірінші рет тап болғанын айтады.
— Қызметте жүрген соң біз алаңда не болып жатқанын білген жоқпыз. Дегенмен осы оқиғадан кейін біз елдің тұрақтылығы мен бейбіт өмірдің мәнін түсіндік. Қазір мен 1 өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып қызмет етемін. Мұнда 70-тен астам қызметкер бар.
Жалпы, өрт сөндіруші мамандығын кез келген адам таңдамайды. Біздің қызметте алдымен өжеттік, батылдық пен төзім қажет. Маған өз жұмысым ұнайды. Елге қызмет етуге әрқашан дайынмын. Біз қандай жағдай болмасын, сақадай сай болуымыз керек. Сол себепті тәулік бойы жаттығамыз, ғимараттың іші мен сыртында жедел құтқару шараларына үздіксіз дайындаламыз, — дейді Азамат Комытов.
Ал жас болса да, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде табандылық танытқан, антқа адал екендігін дәлелдеген Қанат Төлеуғанов қазір 22 өрт сөндіру бөлімінде абыройлы еңбек етіп жүр.
— Осы салада 2016 жылдан бері жұмыс істеймін. Жұмысыма аса жауапкершілікпен қараймын. Біз өрт оқиғасы болған жерге дереу жетіп, адамдардың өмірін құтқаруға тырысамыз. Біздің басты миссиямыз — осы. Сондықтан қай кезде де барынша ыждағатты түрде, жағдайға сай әрекет етуге дайынбыз. Қаңтарда болған оқиға кезінде де дәл сондай ыждағаттылықпен әрекет етіп, өз қызметімізге адалдық таныттық, — дейді ол.
Айта кету керек, өз қызметтеріне адал болып, батылдық танытқан Азамат Комытов пен Қанат Төлеуғанов биыл Төтенше жағдай министрі Юрий Ильиннің қолынан «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button