Жаңалықтар

Жыл қорытындысы

Жыл сайлауы

Биыл еліміздегі ең маңызды саяси жаңалық ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы болды. 20 қарашада өткен сайлауда Президенттікке үміткер алты адамның ішінде ең көп дауысты Қасым-Жомарт Тоқаев жинады. Оған 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе сайлаушылардың 81,31 пайызы дауыс берген.

Орталық сайлау комиссиясының деректеріне сәйкес биылғы саяси науқанға еліміз бойынша 8 300 046 адам қатысқан. Бұл — жалпы Қазақстан халқының 69,44 пайызы. Оның ішінде біздің Ақтөбе облысында сайлаушылардың 72,81 пайызы сайлауға қатысқан.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі 26 қарашада өтті. Онда Конституцияның 42-бабына сәйкес Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант берді.

Салтанатты рәсімде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды.

Жыл сапары

Биыл облысқа Премьер-Министр Әлихан Смайылов екі күндік жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында Үкімет басшысы облыс орталығындағы 1200 оқушыға арналған «Білім» мектеп-гимназиясын аралады. Бұл оқу орнында бүгінде 3 мыңнан астам бала білім алады. Өткен жылы ашылған білім ордасында 48 оқу және 5 компьютерлік кабинет, екі шеберхана, спортзал, 500 орындық акт залы, 500 орындық асхана, екі медициналық кабинет бар.

Одан кейін Үкімет басшысы 2021 жылы пайдалануға берілген 190 төсек-орындық жаңа Облыстық перинаталдық орталықтың қызметімен танысты.

Сондай-ақ «Dina Market» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көтерме-тарату орталығын аралап, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесті. Облысты кешенді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Жыл қасіреті

Жыл басында Жаңаөзенде басталған бейбіт шерудің соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, елімізде төтенше жағдай жарияланды. Тәртіпсіздіктер салдарынан облыстық әкімдігі ғимараты бүлініп, шығынға ұшырады. Елдегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде көптеген адамның қайтыс болуына байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялап, Мемлекеттік Тулардың барлығы төмен түсірілді. Тәуелсіздік пен бейбітшілікке қатар төнген уақытта ел бірлігін көрсетіп, арандатушылар дегеніне жете алмады. Рухы биік, танымы терең халқымыздың арқасында ел тыныштығы бүлінген жоқ.

Жыл мерейтойы

Есет батыр Көкіұлының 355 жылдығы республика көлемінде тойланды.

Бұл шараға Астана, Алматы қалаларынан, еліміздің басқа да көптеген өңірлерінен танымал қаламгерлер мен ғалымдар, мәдениет пен өнер қайраткерлері келді.

Шарада театрландырылған қойылым қойылып, өңірдегі белгілі өнерпаздардың қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Сондай-ақ екі күн қатарынан Ақтөбенің төрінде республикалық айтыс өтті. Айтысқа барлығы 16 ақын қатысты.

Айтыста бас жүлдені Абай облысынан келген ақын Рүстем Қайыртай жеңіп алды.

Айта кету керек, Есет батырдың 355 жылдық мерейтойы қарсаңында облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес оның мемориалдық кешеніне дейін жол салынып, асфальт төселді.
Мемориалдық кешенге дейінгі 4,1 шақырым жолды өз қаражаты есебінен салып берген — «SineMidasStroy» БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Жыл келісімі

Жуырда Астанада өткен «Investment Aktobe 2022» VII Халықаралық инвестициялық форумда Ақтөбе облысының әкімдігі мен ERG компаниясы бастаған, сондай-ақ Германия, Литва, Түркия Республикасы елдерінің ірі инвесторлары арасында сомасы 2,7 трлн теңге құрайтын 8 меморандум жасалды.

Нақтырақ айтсақ, аталған шарада Eurasian Resources Group компаниясы 2025 жылға дейін Ақтөбе облысында жалпы құны шамамен 700 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаны іске асыратынын жеткізді. Сондай-ақ форумда облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен «Рetrochemical enterprise «GEM» ЖШС компаниясының директоры Михаилас Барильчук Мұғалжар ауданының Жем қаласында мұнай-химия кешенін салу жөніндегі жобаны іске асырудағы өзара іс-қимыл туралы тиісті құжатқа қол қойып, Omtis Ortadoğu Makina компаниясының құрылтайшысы Ибрагим Гүлтекин өңірде салынатын қант зауытының құрылыс жобасын таныстырды.

Осы шарада өңір жастарын баспанамен қамтуға арналған «Ақтөбе жастары» бағдарламасы жүзеге асырылатыны белгілі болды. Сондай-ақ өңірде теміржол дөңгелектерін шығаратын зауыт және рельс дәнекерлеу кәсіпорнын салуға мүмкіндік беретін екі меморандумға қол қойылды.

Жыл керуені

Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бес жылдығына орай   Түркістанда Ақтөбе облысының күндері өтті. «Ер түріктің бесігі Түркістанға — алтын бесік Ақтөбеден» атты мәдени керуен Түркістанда екі күн бойы болып, түрлі іс-шаралар өткізді.

Мәдениет күндері аясында Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры «Жайна көктем — жадыра, достар» атты қойылым қойса, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының ұжымы алғаш рет Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында танымал ақын, драматург Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық спектаклін сахналады.

Облыстың мәдени күндерінің екінші күнінде түркістандықтар үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Онда Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарынан жиырмадан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындары өз өнімдерін арзан бағаға сатты.

Жыл бағдарламасы

Биылғы мамырдан бастап елімізде жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама бойынша көлік алғысы келген облыс тұрғындары Ақтөбе қаласындағы автосалондарға ағылды.

Бағдарлама қосылған алғашқы 10 күн ішінде біздің облыста үш адам жеңілдікпен көлік сатып алды. Қазір бұл бағдарлама жалғасын табуда. Осылайша ақтөбеліктер жеңілдікпен темір тұлпар алып, қуанышқа кенелуде.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, автокөлікті несиелендіру шарттары мынадай: сыйақы мөлшерлемесі — 4%, қаржыландыру мерзімі — 7 жыл, бастапқы төлем — 0%, несие мөлшері 10 миллион теңгеден аспауға тиіс.

Несиелеу екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізіледі. Қазіргі таңда бұл тізімде Halyk Bank, «Еуразиялық банк», «Банк Центр Кредит», «Forte Bank» акционерлік қоғамдары бар.

Жыл сыйы

Балалар жылына орай облыста жаңа жобалар іске асырылып, көптеген шара өтті. Осылардың ішінде «Kids book fest-2022» балалар кітап фестивалі балалар үшін ерекше сый болды. Үш айға созылған шара аясында 15 000 кітап көрмеге қойылып, 1500 кітап «Оқы және өзгеге сыйла!» буккросингіне ұсынылған. Фестивальге 4627 көрермен мен 1400-ден астам оқушы қатысқан.

Облыстық білім және мәдениет, архивтер және құжаттама басқармалары ұйытқы болған шара 5 бағыттан тұрады. Олар: «Менің Отаным — Қазақстан!», «Біз бақытты баламыз», «Қызықты кітаппен демалыс», «Еркін оқу кеңістігі», «Оқы және өзгеге сыйла».

Қазан айында аталған фестиваль қорытындыланып, үздік атанған 10 мектеп облыс әкімінің Алғыс хатымен және 300 мың теңгенің сертификатымен марапатталды.

Жыл жәрмеңкесі

Биыл Ырғыз жерінде кең көлемде «Жармола жәрмеңкесі» өтті.

«Ұлттық рухани жаңғыру» аясында өткен шараға мәдениет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, Абай облысынан, сондай-ақ еліміздің басқа да өңірлерімен барлық ауданынан келген қонақтар қатысты.

Шара барысында көкпар, ат бәйгесі, түйе палуан жарысы ұйымдастырылып,   «Ырғыздың қилы тарихы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.

Думанды шара «Аймақты әнмен тербетіп» республикалық өнер байқауымен жалғасып, қолөнершілер көрме өткізді.

Жыл премьерасы

Облыстық драма театрында жазушы Светқали Нұржанның сценарийі бойынша Данияр Базарқұлов қойған «Ер Едіге» спектаклінің премьерасы өтті.

Этно-фольклорлық тарихи драма Едіге батырдың ерлігі мен қазақ тарихының жарқын кезеңдері жайында баяндайды. Бұл премьераны Ақтөбе жұртшылығы жоғары бағалады.

«Ер Едіге» — Едіге батырдың атын шығарған алғашқы спектакль. Қойылым Алтын орданың 750 жылдығына арналған.

Жыл технологиясы

Екі жыл бұрын облыста алғаш рет Қарғалы ауданынан «Бадамша-1» жел электр стансасы салынған болатын. Биыл әлемдік жаңа технология бойынша жұмыс істейтін стансаның «Бадамша-2» аталатын екінші жел электр стансасы салтанатты түрде ашылды.Бұл — италиялық «Eni» компаниясының Ақтөбе облысындағы екінші жобасы. Жылдық қуаттылығы — 48 МВт.

Жобаны «Eni»-дің еншілес компаниясы «Arm Wind» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Жобаға құйылған инвестиция — 36 миллиард теңге.

«Бадамша-2» жел турбиналары — қуаты бойынша еліміздегі ең ірі қондырғы. Олар

жыл сайын 200 ГВт/сағ дейін электр қуатын өндіреді.

Жыл жобасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру тапсырмасы аясында облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы басталды.

Ауыл тұрғындарының табысын көтеруге бағытталған пилоттық жоба алғаш рет Жамбыл облысында сынақтан өткен. Бағдарлама аясында ауыл тұрғындарына жеке қосалқы шаруашылықтары мен аграрлық бизнестерін дамытуға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздық жеңілдетілген заем беріліп, олардың кооператив құруларына және лизингке техника рәсімдеуіне қолдау көрсетіледі.

Жуырда ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне арналған шара аясында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Жыл қуанышы

Еліміз бойынша тұңғыш рет Ақтөбеде «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасы бастау алды. Мақсат — шағын жинақты ауыл мектептерінің білім сапасын көтеру, тұрғылықты жеріне қарамастан баланың сапалы білім алуына жағдай жасау.
Аталған жобаға облыстағы 120 мектептің 10 575 оқушысы қатысады. Бұл мектептерде оларға дәріс беруге үздік білім нәтижелері бар 6 жетекші мектептің 25 білікті педагогі тартылады. Үздік ұстаздар математика, физика, химия, биология, ағылшын тілі пәндері бойынша шағын жинақты мектеп оқушыларына онлайн сабақ беріп, виртуалды мұғалім қызметін атқарады.

Жыл сүйіншісі

Балалар күні қарсаңында Ақтөбедегі облыстық перинаталды орталықта үшем дүниеге келді. Оларға ата-аналары Қасым, Жомарт, Кемел деп ат қойды. Үшемдерді өмірге әкелген Қарлығаш Жармағанбетова — Ақтөбе қаласының тұрғыны. Ол елімізде былтыр басталған «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысқан.

Үшемнің үлкені 2 келі 620 грамм болып туылса, одан кейінгісінің салмағы — 2 келі 270 грамм, үшіншісі — 1 келі 925 грамм.

Айта кету керек, былтыр «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша біздің облыстағы сәби сүйе алмай жүрген әйелдерге — 324, биыл 322 квота бөлінген.

Жыл паркі

Ақтөбенің қақ ортасында велосипед спортына арналған парк ашылды. Бұл нысанды меценат әрі «Lancaster Group Kazakhstan» компаниясының төрағасы Берік Қаниев және оның серіктестері  әлеуметтік жауапкершілік аясында салған. Бұл — велосипедшілерге арналған облыстағы тұңғыш парк.
Триатлон паркте ұзындығы 2,4 шақырым болатын жүгіретін және велосипедпен жүретін жол бар. Сондай-ақ заман талабына сай жабдықталған спорт ғимараты орналасқан. Мұнда триатлон, велосипед спорты мен жеңіл атлетика секцияларына негізделген үш зал салынған. Аталған ғимаратта спорт бары, велосипед жөндейтін орталық жұмыс істейді. Тұрғындар бұл жерден велосипед, шаңғы, конькиді жалға алуларына болады.

Жыл орталығы

Ақтөбеде «Бақытты отбасы» отбасын қолдау, ақпараттық-кеңес және білім беру орталығы ашылды. Мұнда көпбалалы, аз қамтылған, мүгедек бала тәрбиелейтін аналар тегін курстарға қатысып, кәсіпкерлік негіздерін үйренеді. 
Орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, олардың психологиялық, педагогикалық және құқықтық көмек алуына мүмкіндік береді.
Мұндай орталықтар таяу уақытта Қандыағаш, Хромтау қалаларында да жұмыс істейтін болады.

Жыл фестивалі

Ақтөбеде алғаш рет «Шексіз аспан» әуе шарлары фестивалі өтті.

Фестиваль барысында көрме-жәрмеңке, әуе шарларында ұшу, спорттық жарыстар, қолөнер шеберлерінің және басқа да мамандандырылған салалардан шеберлік сабақтар, балаларға арналған анимациялық ойындар, жергілікті және республикалық эстрада әншілерінің концерті өтті. Оның ішінде белгілі әншілер Мархаба Сәби мен Мирас Жүгінісов өнер көрсетті.

Жыл марафоны

«Asar Joly» республикалық қайырымдылық марофоны Ақтөбеде ұйымдастырылды.

Шараны ұйымдастырушы «Asar ume» қорының мүшелері облыс орталығында үш күн болып, меценат кәсіпкерлермен, еріктілермен кездесулер өткізді. Сондай-ақ қала сыртындағы «Green land» демалыс базасында өткен қайырымдылық марафонында үш отбасына баспана алуы үшін қаржылай көмек көрсетті. Бұдан бөлек, қор мүшелері бір отбасына «Өркендеу» бағдарламасы бойынша жеке кәсібін ашуға көмектесті.

Жыл конференциясы

Ақтөбеде «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы» ІІІ халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Оған әлемнің 10 елінен, атап айтқанда, Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия, Франция, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолиядан жетекші тарихшылар, археологтар, этнологтар, өнертанушылар, мәдениеттанушылар және сарапшылар қатысты.
Аталған диалог алаңы әртүрлі тарихи кезеңдерде Арал-Каспий өлкесін мекендеген халықтардың тарихы мен мәдениетін зерттеуге жаңа серпін беретіні айтылды.
Конференцияға қатысушылар Арал-Каспий аймағының жалпы тарихи-мәдени маңызын түсіну, этномәдени және саяси проблемалық мәселелерін талдау, аймақтың жылжымайтын ескерткіштерін зерделеу тақырыптарында баяндамалар жасады.

Жыл чемпионаты

Ақтөбе қаласында тоғызқұмалақтан VI әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге әлемнің жиырма елінен 80-ге жуық спортшы қатысты.
Чемпионат ерлер мен әйелдер арасында классика, рапид, блиц түрлері бойынша өткізілді. Ел намысын 12 спортшы қорғады.
Ақтөбеліктер бір алтын мен үш қола медальді иеленді. Жергілікті спортшылардың арасынан тоғызқұмалақтың блиц түрінен Гүлжанат Алдабергенова жеңіс тұғырынан көрінді.

Жыл ұжымы

Биыл Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлері «Халықтық бюджет» жобасына қатысып, Батыс-2 ауданында балалар алаңын салуға атсалысты. Бірауыздан жиналып, идеяны іске асырған кәсіпорын ұжымы Батыс-2 ауданы Мәңгілік ел көшесіндегі №16 үйдің ауласына жалпы ауданы 320 шаршы метр болатын алаң жасақтап берді.

Жобаға дауыс беру ұсынылған, нәтижесінде үздік деп танылған жоба бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

Жыл күйшісі

Ақтөбе қаласында дәулескер күйші,  белгілі қазанғаптанушы Сәдуақас Балмағамбетовтің туғанына 80 жыл толуына арналған «Ақжелең» республикалық күйшілер байқауы өтті. Оған Ақтөбе, Шығыс, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан, Астана, Алматы қалаларынан барлығы 25 домбырашы қатысты. Негізінен, өнер додасында Қазанғаптың және Сәдуақас Балмағамбетовтің күйлері орындалды. Екі кезеңде қатысушылар Қазанғаптың «18 жасар Балжан қыз», «Ақжелең», «Жұртта қалған», «Кіші Қаратөс», Сәдуақас Балмағамбетовтің «Күй дастан», «Солдат сағынышы», «Жас отау», «Қыз қуу», т.б. күйлерін, сондай-ақ өздерінің қалауы бойынша қосымша екі шығарманы күмбірлетті.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде — диплом мен бір миллион теңгені ақтөбелік Думан Бекмырза жеңіп алды.

Жыл түлегі

Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Гүлназ Аманжолова әлемнің тоғыз университетінен шақырту алды. Ол әлемнің үздік университеттерінен шақырту алу үшін арнайы тест тапсырмаларын орындаған. SAT Reasoning емтиханында 1430 балл жинаған. IELTS бойынша орташа балы — 7.5.
Гүлназ Pitzer College оқу орнын таңдады. Біріншіден, бұл — 5С университеттерінің бірі. 5С — Калифорния штатының Кларемонт қаласында орналасқан бес оқу орны.

Әзірлеген Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button