Жаңалықтар

Ақтөбе жұртшылығы Амангелді Айталымен қоштасты

Кеше Ақтөбе жұртшылығы белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Амангелді Айталыны соңғы сапарға шығарып салды.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде өткен ұлттың ұлағатты тұлғасымен қоштасу рәсіміне облыс басшысы Ералы Тоғжанов қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.

«Аса көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ІІ ші және ІІІ шақырылымдарының депутаты Амангелді Әбдірахманұлы Айталының дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Амангелді Әбдірахманұлы ұзақ жылдар бойы білім және ғылым саласында жемісті жұмыс жасады. Соның ішінде Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында жоғары білікті мамандар даярлау ісіне мол еңбек сіңірді. Мәжіліс депутаты болған кезінде отандық заңнаманы жетілдіруге және парламентаризмді дамытуға атсалысты. Қажырлы қызметімен еліміздің өркендеп дамуына өз үлесін қосып, соңына жарқын із қалдырған Амангелді Әбдірахманұлының есімі мен бейнесі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», — делінген жеделхатта.

Сонымен қатар қаралы жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманғали Бердалин, көрнекті ақын, журналист Ханбибі Есенқарақызы, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, тағы басқа зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, әріптестері мен жақындары қатысты.

Қаралы жиында жиналғандар қоштасу сөзін сөйлеп, марқұмның туыстарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты.

«Ақтөбе-ақпарат».

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button