Жаңалықтар

Қос ерлікті сабақтастырған сапар

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналды

Көктемнің көркі

Шығыстың қос батыр қызы Әлия мен Мәншүк Қазақстанның батысында туғанмен, исі қазаққа ортақ есімдер. Ерліктерін ұлықтап, есімдерін есте қалдыруды ойлап, тек туған жерлерінде емес, еліміздің өзге өңірлерінде де қос батыр қыздарымыздың аттары берілген оқу орындары, көшелер, мұражайлар, тұтас ауылдар аз емес. Солардың бір-бірімен байланысын нығайтып, іс-тәжірибе алысуын ұйымдастырса деген ой көптен көкейде жүретін еді. Соның сәті биыл, Ұлы Жеңістің 66 жылдық мерекесіне орайласа түсті.

Осы мақсатты көздейтін «Ерліктің қос қанаты» атты жобамыз облыс басшылығы тарапынан қолдау тапты. Облыстық мәдениет басқармасы мен «Қос шынар» Әлия-Мәншүк атындағы Ақтөбе қалалық қайырымдылық қоры қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, мамырдың 10-ы күні, «Ақтөбе-Алматы» жүйрік пойызымен жолға шықтық. Бұл ұлағатты сапарға облыс атынан төрт адам жолға жиналғанбыз, мен — жоғарыда аталған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Ғалымжан Байдербес,  «Әлия» патриоттық орталығының директоры Бағдаш Төпенова, облыстық Ғазиза Жұбанова атындағы филармонияның әншісі, республикалық ән байқауларының бірнеше дүркін лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері Гүлсім Юсупова, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының операторы Санат Қалекенов.

Мамыр айы — көктемнің бір әсем шағы ғой. Табиғат «үлдесі мен бүлдесін киіп», жасанып, жайнап-ақ кеткен. Теміржолдың екі бетіндегі егілген орман-тоғайлар барынша құлпырып, қарақаты бүр жарып, бозқарағаны гүлдеп тұр. Алдында ғана жаңбыр себелеп өткен өңірлер ерекше өңді көрінеді. Жол бойы ұшырасатын елді мекендердің көктемгі тіршілігі де сондай әсерлі. Жер жыртылып, тұқым себіліп дегендей, қарбалас шаруалардың жүріп жатқаны аңдалады. Осының бәрі заулап келе жатқан пойыздың терезесінен жалт етіп көрініп, киноның экранынан қараған көріністердей, артқа ысырылып қалып жатыр.Тіпті қалды деуге де болмас, ол қалса, алдан жаңа көріністер тосылады. Бейбіт күндердің тірлігі қандай әсем. Осының қадірін бәріміз бірдей жете сезініп жүрміз бе? Әлия мен Мәншүк он екі де бір гүлі ашылмаған қыршын жасында, осы біздің бейбіт тірлігімізді сақтап қалу үшін, жау оғынан мерт болды. Тәуелсіздік жолында, ұрпақтарымыздың болашағы үшін жанын қиды. Олардың бұл ерлігін қазақтың әр қаласы, әр ауылы ұмытпай қастерлесе, артық бола ма?

Қызылорда

Осындай ой үстінде келе жатып, Қызылорда қаласында пойыздан бізді Мәншүк Мәметова атындағы гуманитарлық колледж директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Әлима Әбдіхалықова бастаған ұжым қарсы алғанда, ерекше толқыныс үстінде болдым. Республикамызға белгілі, іргелі оқу орынының бірі болып саналатын колледждің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатырған Әлима Жақыпқызын мен бұрыннан жақсы білетін едім. Әр аймақта, әр жылдарда өткен Әлия мен Мәншүктің мерейтойларына бірге қатынасқанбыз. Еңбегі елге мәлім, Сыр елінің есімін мақтаныш ететін қызы ол. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты. Қазіргі талапқа сай маман даярлап жатқан оқу орынының басшысы. Қазіргі талапқа сай дегеніміз — Елбасы алға қойған міндет, өршіл талап. Биылғы Жолдауында Елбасы іргелі оқу орындарына әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтындай маман даярлауды ұсынғаны белгілі. Осы стратегиялық мақсаттың орындалуына Әлима қарындасымыз басқаратын колледж ұжымы да өзінің нақты үлесін қосып келеді. Басым бағыттағы «Бастауыш сыныпта оқитын», «3 жас пен 10 жас аралығында білім беру», «Шет ел тілі», «Информатика және есептеу техникасын оқыту» сынды 13 түрлі негізгі және қосымша мамандандыру еңбек рыногында бәсекелестікке қабілетті жас мамандар потенциалын толықтыруда. Таяу болашақта жүзеге асатын 12 жылдық білім беру стандартында белгіленген жалпыұлттық деңгейдегі орта білім берудің зор жауапкершілігі мұғалімнің иығына түскелі тұр. Заманның жүгін арқалайтын мұғалім, оның ішінде бастауыш сыныптарға білім мен тәрбие беретін ұстаз даярлау, білікті колледж басшысы айтқандай, қиынның қиыны. Ал ондай міндеттің батыр қызымыз Мәншүк Мәметованың есімі берілген оқу орнында жүзеге асырылуы жауапкершілік жүгін ауырлата түседі. Мұнда қандай жақсы іс болсын, батыр қызымыздың есімімен байланыстырыла айтылады. Ұжым әркез жақсы істерімен көрініп, халқымыз ерлігін қадірлеген батыр қызының аруағына кір келтірмеуді ойлайды. Оқу ғимаратын, мұражайын аралап көргенде, ұжыммен, студент қауымымен кездесу кездерінде Мәншүк рухына адалдықтың куәсі болдық.

Мұнда Мәншүктің қысқа ғұмырының, ерлік жолдарының барша деректері түгел дерлік жиналған. Оның бас-аяғын бір мақалада түгелдеп айту мүмкін де болмас. Міне, мынау Жеңістің 40 жылдығында қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова ерлік көрсеткен жерлермен жүріп өткен колледж оқытушылары мен оқушыларының атқарған істері. Олар «Әкелер даңқы жолымен» жорығына қатысып, Белоруссия жеріне барған. Мәншүктің ерлік көрсетіп, соғысқан жерлерімен жүріп отырып, батыр қыздың ол кезде көзі тірі майдандас жолдастарымен, соғыс ардагерлерімен кездескен. Олардың суреттері, айтқан естелік әңгімелері, берген құжаттары мұражайдың бүгінде баға жетпес жәдігері. Ол — ол ма, сол «Әке даңқы жолымен» жорығына қатысып, осы тарихи деректерді жинақтаған Роза Бәсекеева, Аманкелді Нәлібаев, Медетхан Омаров, Балбөпе Балмағанбетова, Гүлсім Әлімова, Зухра Әлімбетова бастаған 25 оқу озаттарының өзі қазірде құрметті аға буынға айналды. Осылар жинаған мұражай жәдігерлерінің ішінде, қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры, №3, №100 бригада, №1 атқыштар ротасының ержүрек пулеметшісі М.Мәметованың рота командирі, Мәншүкті ақ жауып, арулап қойған, ерлігін танып Алтын Жұлдызға ұсынған Шәкір Тәжібаевтың естелігінің орыны бір төбе. Оның өзі «Отан соғысы» және «Қызыл жұлдыз» ордендерінің иегері, Невель қаласының құрметті азаматы.

Мәншүк ерлігін насихаттаушылар, кейінгіге үлгі етушілер ұлтжанды адамдар. Соның көш басында ұжымның білікті басшысы, ғалым-педагог Әлима Жақыпқызы келеді. Оның зор қолдауымен Мәншүктің ерлік жолдарын іздестіру, зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Колледж оқушыларының  Алматы қаласындағы Мәншүк оқыған №28 мектептің ұжымымен кездесуі, осындағы, бұдан 40 жылға жуық бұрын ашылған батыр қызға арналған мұражайдан құнды материалдар жинақтауы — бұл бағыттағы жұмыстардың бір парасы ғана. Мәншүктің тікелей бауырларынан тарайтын ұрпақтарымен жүздесу, әйгілі жазушы Әзілхан Нұршайқовтың отбасында болған кездесулер, олардың бейнетаспаларға жазылуы дер кезінде атқарылған игілікті шаралардың нәтижесі деуге болады.

Батыр қыздың туған жері —Орал (бүгінгі Батыс Қазақстан) облысы. Қызылордалық колледждің оқытушысы Марат Маханов бұл өңірге де сапар шығып, бірталай деректер жинап, олжалы қайтқан. Орал қаласында Мәншүктің бөлесі Мәрзиямен, нағашы сіңлісі Ғайнижамалмен әңгімелескен. Колледж мұражайына Мәншүктің тұтынған заттарын жеткізген. Колледждің тағы бір оқытушысы Аягөз Тоқмағанбетова Мәншүк жайлы Әлішердің 1946 жылы жазылған естелігін отбасылық мұрағатынан алып, арада 56 жыл өткенде халықпен қауыштырған еді.

2002 жылы қазан айында Орал қаласында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың туғанына 80 жыл толуына арналған тарихи мәні бар мерекелік шара өтті. Сонда оқу орнының қабырғасында атқарылып жатырған осы жұмыстар туралы тойға қатысушыларға Әлима Әбдіхалықова әңгімелеп берген еді. Арада 10 жылдай уақыт өткенде, енді соны біздің көзбен көруміздің сәті түсті. Тек бұл ғана емес, біз мұнда кездесу, басқосу сәттерінде «Орал мен Псков — жаңа ғасырға қадам», «Дала» сияқты көлемді журналдарды, «Ұлағат ұясы» сынды арнайы шығарылған кітап пен «Шығыс Шолпаны» деп аталатын деректі фильмді де қызықтай алдық.

Бесіктегі сәбидің де өсе келе, өзіне берілген есіммен бір құдіретті байланысы болатыны жазылып жүр. Оның қасында үлкен бір оқу орнының рухы биік батыр қыз есімімен аталуы тегін өтпесе керек. Осы біз болған қазақтың батыр қызы атындағы оқу орнын бітірген талай исі қазаққа белгілі түлектері бар екен. Оларды күллі қызылордалықтар мақтан тұтады. Бірнешеуін ғана атасақ, Оқу министрі болған Шәмшия Беркінбаева,  орыс қызы, қазақ ақыны Надежда Лушникова, белгілі әншілер Бақыт Әшімова, Мәдина Ералиева… Облыстың билік саласында да осы оқу орынын тәмамдаған бірталай азаматтар тізгін ұстап отыр.

Қызылордада біз бір ғана колледжде болып қойғанымыз жоқ. Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов атындағы №23 орта мектепте  батырдың қызы, Қызылорда педагогикалық институтының профессоры, кафедра меңгерушісі Гулия Қизатовамен кездесіп, естелігін  тыңдадық. Сондай-ақ қаладағы Әлия көшесінде орналасқан №112 орта мектепте, 1991 жылы Әлия Молдағұлова есімі берілген, Тәуелсіздігіміздің құрдасы №173 орта мектепте жылы жүзді кездесулер өткіздік. Аталған оқу орны соңғы жиырма жылдың ішінде елімізде ағарту саласында атқарылған келелі істердің айқын куәсі. Мектеп директоры Аманкелді Жолмырзаұлының басшылығымен Әлияның батырлық жолын зерделеуде жасалған жұмыстар сан салалы. Осы мектептің 6-сынып оқушысы Тәуекел Калила Ақтөбеде болып, Әлия мұражайларында зерттеу жұмыстарын жүргізген.

Осындағы сапарымыздың соңында, бізді облыс әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедов қабылдады. Ол біздегідей «Әлия» патриоттық орталығын Қызылордада да құруға ықылас білдірді.

Шымкент

Біз бір кезде қазақтың астанасы болған тарихи қала Қызылорда да «ерліктің қос қанатын» қадірлеудің шын мәніндегі куәсі болып, бір түнеп, келесі күні түс аударып, қайта жолға шықтық. Бағытымыз Шымкент қаласы болды. Мұнда Әлия Молдағұлова атындағы №29 орта мектеп бар. Теміржол вокзалынан 12 мамыр күні Шымкент қалалық оқу бөлімінің бастығы Жаннат Тәжібаева, аталған орта мектептің директоры Гүлнара Ақкөзова, мұражай меңгерушісі Ләззат Әлімбай, ұстаздар, оқушылар қауымы салтанатпен қарсы алды. Мен бұл қаладағы Әлия, Мәншүк есімімен байланысты оқу орындарда бұған дейін де үш-төрт мәрте болғанмын. Сондықтан қалада, оқу орындарында қызмет істейтін бірсыпыра адамдар да маған таныс. Бұл жолы да, оңтүстіктегі сәнді қаланың бірі — Шымкент күшіне мінген жаздың ыстығымен бірге, туысқандық пен бауырмалдықтың да ыстық ықыласын танытқандай болды. Жайлы жайға орналастырып, қазақтың қос батыр қыздарының ерлік істерін өздерінің қалай қадірлейтінін танып, білуімізге жағдай жасады. Өз мәнінде, әсерлі өткен бірқатар кездесулерден кейін, қаладағы Әлия ескерткішіне гүл шоғын қойдық. Мәншүк Мәметова атындағы №35 орта мектепке бардық. Бұл — орыс-қазақ тілінде оқытатын аралас мектеп. Мектеп директоры Айжан Беркінбаева  кездесу кезінде оқу орнының, Мәншүктің ерлік жолдарын шәкірттердің зерделеулерінің жай-жапсарын жан-жақты, жақсы жеткізді.

Сонымен бірге маған қатты әсер еткен бір кездесу — Сайрам ауданының Мәншүк Мәметова атындағы №66 мектебінде болған жүздесу болды. Бұл таза өзбек тілінде білім беретін оқу орны екен. Батыр қыз есімі мектепке елуінші жылдары берілген. Ұжымның оны қадір тұтып, қастерлеуі, есімін, рухын аялауы ерекше енді. Мектеп директоры Ахмед Ниязовтың бұл тұрғыдағы әңгімесі жаныңды баурайды. Өзбек тіліндегі бұл оқу орнының өзі де соғыстан кейін, іле 1947 жылы ашылған. Қазір барлығы 604 бала оқиды, 52 мұғалім жұмыс істейді. Оқушы қыздар арасында Мәншүк есімімен тікелей байланыстырылып, «Аңызға айналған қыз» тақырыбымен арнайы тәрбие сағаты өткізіледі. Мұндағы өзбек ағайындардың бізге деген құрметі тіпті ерекше болды. Қазақ жерінің қонақжайлығын, өзбек халқының ұлттық дәстүрлерін көрсетіп, дастархан жайды.

«Ерліктің қос қанаты» деп, ақындарымыз жырға қосқан қазақтың екі батыр қызының есімі берілген мектептің біреуі бізге тарихтан белгілі Мәртөбе жанында болып шықты. 1684-1718 жылдары Тәуке хан бастаған Төле би, Қазбек би, Әйтеке би сынды қазақтың ірі тұлғалары мемлекттік саясатты нығайту, елдің ынтымағы мен бірлігін арттыру мақсатында халықтық жиындар өткізіп отырған әйгілі орын, жиын төбе бұл. Тәуке хан «Жеті жарғы» заңына мөрді осы жерде қойған. Қазақтар үшін Мәртөбе дала парламентінің рөлін атқарған. Осы жерге қойылған тақтада ақынның;

Жүгірткен ойын жыраққа,

Бар қазақ қанық бұл атқа.

Қазақта не көп төбе көп,

Мәртөбе жалғыз бірақ та, — деген өлең жолдары жазулы тұр. Осындай тарихи орында орналасқан батыр қызымыздың атындағы мектеп арғы тарихымызбен сабақтасып тұрғандай. Мұндағы білім мен тәрбие де сол қайнарлардан бастау алады. Аз уақыт болып ұстаздар мен шәкірттермен кездескенде біздің бұған анық көзіміз жетті.

Осындай қызықты кездесулер, ыстық қауышулар уақыттың қалай өткенін білдірмеді. Біз Оңтүстік Қазақстан облысында үш түнеп, төртінші күні бағытты елге түзедік. Ақтөбе топырағына табанымыз тигенде ұлағатты сапармен жүргенімізге толық бір апта толған екен, бірақ шаршағанымызды сезінгеніміз жоқ. Қайда болсақ та, Әлия мен Мәншүкке деген көл-көсір құрмет, ықылас, жақсы сөз — жарым ырыс қайраттандырып отырды.

Ғалымжан БАЙДЕРБЕС,

«Қос шынар» Әлия-Мәншүк атындағы Ақтөбе қалалық

қайырымдылық қоры қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Ақтөбе- Қызылорда-Шымкент-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button