Ақ пен қара

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
«Ақтөбе»
Ойтүрткі
Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұрады деп жатамыз. Шынында да солай ма? Былай қарағанда, бұл да шартты нәрсе секілді көрінеді кейде.
Осыдан отыз алты жыл бұрын желтоқсанның ақ қарын қара тұман басқаны жадымызда. Ұлтымыздың ұлпа қардай ақ ниеті шовинистік қара түсті керзі етіктер астында тапталды. Әбден санамызға сіңген бодандық қалып еңсемізден басып, етегімізден төмен тартқанымен, іштегі шер бәрібір булығып шықты. Алдымыздан ақ күн туатындығына сендік. Сол ақ күн — Тәуелсіздік таңы еді…
Міне, отыз бір жыл бойы егемендігімізді бетке ұстап, көк туымызды биік көтеріп, Қазақстанымызды әлемнің алдыңғы қатарлы елдері қатарына шығарамыз деп ұмтылып келеміз. Ниетіміз түзу, бағдарымыз айқын. Бірақ осы жолда да ақ пен қараның айқасы тыйылмай келеді.
Ұлы Абай баласы Әбдіраxманды сынау үшін «Ақ түс жақсы ма, жоқ әлде қара түс жақсы ма?» деп сұраған дейді. Әбдіраxман «Әрине, ақ түс жақсы» дегенде, әкесі оған қарсы шығып: «Қара түс жақсы. Адам баласы қайратты, күшті, қуатты кезінде шашы қара болады. Жас баланың шашы ағарып кетсе, онда әсемдіктен, әдеміліктен белгі де қалмайды. Ақ қағазға да xат қара сиямен түседі. Адам баласы өзі ардақ тұтқан қадірлі затын көзінің қарашығындай сақтайды. Сондықтан қара түс жақсы» деген ыңғайда әңгіме өрбітеді.
Сонда Әбдіраxман: «Сіз оны қалай білдіңіз?» деп сұрайды. Абай дана: «Мен оны ақылыммен, миыммен, санаммен білдім» дейді. Әбдіраxман: «Сіз сол ақыл-ой мен санаңыздың түсін қандай деп ойлайсыз?» дегенде, әкесі: «Ақ қой, ақ!» деп күлген екен.
Ақ пен қара. Осы ыңғайдағы қарама-қайшылықтар күнде алдымыздан шығады. Неге ақ, неге қара?
Бала кезімізден бәріміз де аңыз-әңгімелер мен ертегілерді оқып өстік қой. Сонда бас жағында қара басымдықта келеді де, соңында ақ жеңіс шыңына шығады. «Аққа құдай жақ» деп жататын ата-әжелеріміз. Сол еске түседі енді…
Дегенмен Фариза ақын жырлағандай, кейде:
Дүниеде таза, аппақ күйде қалу,
Асылы адамдарға қиын екен…
Ал ақиқаттың алдаспанын алға ұстап отыратын ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:
Түсінер ме не екенін бақ пен нала,
Боя дейді жалғанды ақпен ғана.
Сезер ме екен білгішім, қайдам, қайдам,
Тұратынын алмасып ақ пен қара… — дейді.
Қалай дегенде де ақтың аты озады. Біз Ақтөбе өңірінде туып-өскенімізді, осында тұратынымызды, өніп-жетілгенімізді мақтан тұтамыз. Ақтөбе деген аяулы атқа қара дақ жағылмауын қалаймыз. Сол жолда бәріміздің бірауызды болып, бір жеңнен қол шығарғандай болып жүруіміз қандай жарасымды көрінер еді!? Өкінішке қарай, «Ел ішінде бір тентек жүрмей ме?» дегендей, кеңпейілділікке салынып, кейде терте бұзып, тәртіпке бағынбайтындарды да ақтап жатамыз.
…Желтоқсан жаңғырығы еске орала береді. Желтоқсан желі енді ызғарын шашпаса екен дейміз. Ел бірлігі, ағайын тұтастығы, ішкі сарайымыздың тазалығы мен көкірек кенішіміздің кеңдігі бізді аппақ әлемге жетелері анық. Соны ойымызда ұстайықшы!



