Жаңалықтар

Фастфуд — тағам ба,тажал ма?

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

«Ақтөбе»

Ойтүрткі

Бүгінде көшеге шығып, екі аттасаң — алдыңнан фастфуд тағамдарын ұсынатын орындар шыға келеді. «Fast food» — ағылшынның  «тез тамақтану» деген сөзінен шыққан. Демек, фастфудтың бірінші және жалғыз пайдасы — уақыт ұту, жылдам тамақтану болса керек. Қалған 99 пайыз жағдайда фастфуд — тұнып тұрған зиян.

Иә, уақыт — қымбат қазына. Бірақ уақыттан да қадірлі нәрсе бар: денсаулық. Денсаулық — сапалы өмір кепілі. Соның ішінде бала денсаулығынан артық ештеңе жоқ.

Ал бүгінде фастфудтардың негізгі тұтынушылары — жасөспірімдер мен балалар. Мұндай тамақтану орындарының көбінде бала ойнайтын жерлер де жабдықталған. Қақпан. Оны бизнес «тілінде» маркетинг деп атайды.

Осы ойтүрткіні жазып отырғанымда түскі астың да уақыты келіп қалды. Сыртқа шығып, Әбілқайыр хан даңғылының басынан — Тілеу батыр көшесінен Әлия даңғылына дейінгі аралықта фастфуд сататын орындардың нешеу екенін арнайы санап шықтым: екі қолымдағы саусағым жетпей қалды. Кемі 15 шақтысы бар екен. Арбат деп ат қойып, айдар таққан, жұрт көп жүретін аумақта жылдам тамақтану орындарының небір «көкелері» тұр: фастфудтың негізін қалаған әлемге әйгілі Макдональдтер (ағайындылар ашыпты), KFC деген атаумен танымал тауықтың күйген аяғының «туған атасы» Харланд Дэвид Сандерс, басқа да «көкелер»«жымиып қойып» (KFC негізін қалаушының суреті де бар екен) Арбаттажиналатын жастарға өз өнімдерін емін-еркін ұсынып тұр. Демалыс кезінде, мерекелерде бұл жерде адам қарасы көп жүреді, жай күндері де аз болмайды.

Дәрігерлер фастфудтың адам денсаулығына зиян екенін қанша рет айтса, сонша рет ұмытып кетеміз. Асқазан-ішек жолдары ауырса, өт, бауыр, ұйқы безі қабынса, қан қысымы бұзылса, жүрек сыр беріп, аллергия шықса, тірек-қозғалыс мүшелері ауырса, гармондық өзгерістер болса, артық салмақ жинап, тісің құрттап, ауызың уылса да, тіпті жаныңыз ауырып, күйзеліске түссеңіз де дәрігерден «фастфуд, чипсы жемеңіз, кола ішпеңіз» деген секілді кеңестерді міндетті түрде естиміз.

Зерттеушілердің деректерін келтіре кетейік: фастфуд өнімдерінің барлығына дерлік глутамат натрий секілді зат қосып дайындайды екен. Одан өзге де құрамында адам ағзасына өте зиянтранс майлар мен консерванттар көп қолданылады. Бұлардың құрамында ешқандай дәрумен жоқ деседі, есесіне зиянды қоспалар ағзаның жүйке талшықтарын қоздырып, адамды өзіне «бағындырып» алады екен. Яғни фастфудпен тамақтану әдетке айналады. Ауру қалса да, әдет қалмайды. Бірақ бұл жерде қазақтың мақалын өзгертуге тура келеді: фастфудпен тамақтану әдеті қалмаса, ауру да қалмайды қыр соңыңнан. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың дерегінше, Қазақстан Орталық Азия мен Еуропаның дұрыс тамақтанбайтын 21 елінің арасында 9-шы орында тұр…

Бүкіл әлемнің ғалымдары фастфуд өнімдерінің зиян екенін үздіксіз зерттеп, дәлелдеп жатса да, фастфуд сататын орындар күн сайын көбейіп жатыр. Ғалымдардың бір тобы фастфудты ағзаны тәуелді ететін есірткі өнімдеріне жатқызу керек десе, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жер бетінде белең алып бара жатқан семіздік эпидемиясының бетін қайтару үшін фастфудтың әлемдік нарығына тоқтау салу керектігін айтып дабыл қағыпты. Дүниежүзілік тұтынушылар ұйымы фастфуд өнімдерінің барлығын «джанк фуд» деген тағам тобына жатқызу керектігін алға тартты. «Джанк» деген сөз ағылшын тілінен аударғанда «қоқыс» дегенді білдіреді, яғни, «джанк фуд» — «қоқыс тағам». Жуынды деген сөз ғой.

Зиян тағам сататын жерлерге жиі болмаса да, баратынымыз рас, балаларымызбен бірге баратынымыз да өтірік емес. Гамбургер, шаурма, сэндвич, пицца, дөнер, чипсы, суши, кфс, рол, кириешки, кола, т.б. Осының барлығын біз жұдырықтай асқазанымызға лықытып тастай саламыз. Жуынды төккендей. Баланың асқазаны жуынды төгетін итаяқ емес екенін үнемі есте сақтап жүру керек…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button