Жаңалықтар

«Жетім көрсең, жебей жүр…»

Ақтөбеде жетімдер азайып келеді

Жетімдер азайып келеді. Бір кездері Алғадағы облыстық балалар үйіндегі жетімдердің саны 700-ге дейін жеткен еді. Қазір аталған балалар үйі, сондай-ақ Қобда, Темір, Мәртөк пен Хромтау аудандарындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйі жабылды.
Біз облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуовамен жетім балалардың жай-күйі жөнінде сөйлескен едік…

Үш жылда 5 балалар үйі жабылды

— Жыл сайын жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны едәуір азайып келеді. Тастанды балалардың азаюы көңіл қуантады. Соңғы бес жылда аталған санаттағы балалардың саны 431 балаға немесе 32,1 пайызға төмендеді.
Тәрбиеленушілер санының күрт азаюына байланысты 2019 жылы Алға облыстық балалар үйі жабылды. Бұдан тура екі жыл бұрын Қобда мен Темірдегі, ал былтыр Мәртөк пен Хромтаудағы отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінің жұмысы тоқтады. Жетімін жылатпаған елміз. Үш жылда 5 балалар үйінің жабылуы — қуанышты жағдай, — дейді Нұргүл Бертілеуова.
Қазір өңірде 832 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оның 679-ы — қорғаншылық пен қамқоршылықта, 70-і патронаттық тәрбиеде болса, қалған 83-і интернаттық ұйымдарда тәрбиеленіп жатыр.
— Облыстық білім басқармасы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға психологиялық қолдау көрсетеді, олардың құқықтарының заң аясында қорғалуын, мемлекет тарапынан берілетін түрлі әлеуметтік қолдауларды дер уақытында алуын қадағалайды. Тұрғын үй кезегіне тұруларына көмектеседі, — дейді Нұргүл Лескенқызы.

«Мейірімнің» жылуы

Бүгінгі күні өңірде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған екі білім беру ұйымы бар. Олар — «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу және «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталықтары.
2017 жылы «Сәби» коммерциялық емес қайырымдылық қорының демеушілігімен еңсе тіктеген «Мейірім» орталығында қазір 16-29 жастағылар тұрады. Бұл орталық еліміз бойынша алғаш рет Ақтөбеде ашылуымен де ерекшеленеді.
— «Мейірім» әлеуметтік орталығы жасөспірімдерді өмірге бейімдеуге ықпал етеді. Мұнда оларға кәсіби бағдар, жұмысқа орналасуларына бағыт беріледі.
«Мейірім» орталығының жастарға берері мол. Бұл орталық болмаған кезде балаларымызға, расында, қиын болған еді. Еліміздің заңнамасына сәйкес жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдер 18-23 жасқа дейін мемлекеттің қарауында болады. Бұл кезде олар үшін көптеген тегін қызмет көрсетіледі. Мысалы, ақысыз кәсіптік білім беріледі. Тамақтануы тегін. Жолақыға да ақша жұмсамайды. Киім-кешек те бюджеттен бөлінген қаражат есебінен алынады. Сондай-ақ оларға мемлекет тарапынан әлеуметтік төлемдер де беріледі. Шәкіртақы, жәрдемақы, зейнетақылары жеке есепшоттарына аударылады. Ал 23 жасқа толғаннан кейін бұл көмектің бірі де жоқ. Өз күнін өзі көруіне тура келеді. Сонша жыл мемлекет қолдауында болған балаларға бұл ауыр соққы болып тиетіні анық. Өздерін далада қалғандай сезінеді. Бұған дейін есепшоттарына түскен жәрдемақыларын үй алулары үшін жинағанмен, 23 жасқа толғаннан кейін оны пәтерақыға төлеп, баспанасы үшін бастапқы жарнаға жинаған қаражатын жұмсап тастайды. Ал «Мейірім» орталығында 29 жасқа дейінгі жастардың тұруына мүмкіндік бар. Олар пәтерақыға алғашқы жарна үшін жинаған қаржысын жұмсамайды.
23-29 жастағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастардың проблемасы еліміз бойынша әлі де өзекті. Ақтөбеде бұл мәселе «Мейірімнің» арқасында түбегейлі шешілді, — дейді Нұргүл Бертілеуова.
Қазір бұл орталықта 59 тәрбиеленуші тұрады. Оның 26-сы — студент, 31-і түрлі салада еңбек етіп жүр. Мысалы, орталықтағы тігін цехын жалға алған «ПО Глобал – Спецодежда» ЖШС-ында 6 тәрбиеленуші жұмыс жасайды. Сондай-ақ еліміздің батысындағы ең ірі өндіріс орны — «НефтеСтройСервис ЛТД» ЖШС-ында 5 тәрбиеленуші еңбек етуде. Балабақша, спорт мектебінде қызмет жасап жүргендер де бар. Екі жасөспірім Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жатыр.
Мұндағы тәрбиеленушілер жүргізуші, тігінші, шаштараз, кондитер, массаж жасаушы, аспаз, т.б. мамандықтарын тегін игереді.
— Орталықта керлинг, волейбол, баскетбол, футбол, еркін күрес, суға жүзу секілді спорт түрлерімен айналысушылар көп. Әсіресе керлингпен шұғылданатын спортшылардың жетістіктерімен мақтанамыз. Мысалы, 2020 жылы ел бойынша өткен VIII қысқы универсиадада «Мейірім» орталығының тәрбиеленушілері жүлделі орын алды. 2021 жылы олар керлингтен Қазақстан Республикасының Кубогына қатысып, І орынды иеленді, — дейді Нұргүл Лескенқызы.
Оның айтуынша, орталықта «Бюджет мектебі», «Этика мектебі», «Үй шаруашылығы», «Біздің таланттар» үйірмелері, «Рухани жаңғыру» кабинеті, «Коворкинг» орталығы, «Тігін цехы», «Әсемдік салоны», акт залы, жаттығу залы, фитобар жұмыс жасайды.
Айта кету керек, «Мейірім» орталығы Ақтөбе қаласына қарасты Кірпішті ауылында көлемі 3 гектар учаскеде орналасқан. Оның сәулеті де, жабдықталуы да ерекше үлгіде жасалған. Мұндағы бір бөлмелі 80 пәтерде тұрмысқа қажетті бұйымдардың бәрі бар.

«Аяла» орталығы

Өңірдегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымының екіншісі — «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы.
Орталық 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды 5 санат бойынша қабылдайды.
11 айдың қорытындысы бойынша «Аяла» орталығына түрлі себептермен орналастырылған 149 тәрбиеленушінің 124-і өз отбасына қайтарылған. 8 бала ата-ана қамқорлығына беріліпті. Қазір мұнда 28 тәрбиеленуші бар. Оның 4-еуі — жетім бала, 15-і ата-ана қамқорлығынсыз қалған, қараусыз қалғандардың саны — 11 бала.
26 тәрбиеленуші Ақтөбе қаласындағы 29 мектепте оқып жатыр.
— Орталықта қолөнер, хореография және актерлық шеберлік үйірмелері бар. Балаларымыз қоғаммен араласуы керек. Сол себепті оларды өз қызығушылықтарына байланысты орталықтан тыс орналасқан қосымша білім беру мекемелеріндегі үйірмелерге қатыстырамыз, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Тұрғын үй кезегі қашан келеді?

— Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамту мәселесі өте күрделі. Облыста 2016-2020 жылдары жүзеге асырылған кешенді бағдарлама барысында 431 жетім бала баспаналы болды (2016 жылы — 66 пәтер; 2017 жылы — 53 пәтер; 2018 жылы — 136 пәтер; 2019 жылы — 88 пәтер; 2020 жылы — 88 пәтер). Былтыр біздің өңірде 73 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала баспаналы болды. 2021-2025 жылдары бұл санаттағы балаларға барлығы 316 пәтер беру жоспарланып отыр, — дейді Нұргүл Бертілеуова.
Қазіргі таңда 18 жастан асқан жастарды қосқанда, «жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үй алу кезегінде әлі 3282 адам есепте тұр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button