Есте қалатын «Екі жұлдыз»

«Жұбановтар әлемі» орталығына — 5 жыл
Ақтөбе қаласындағы «Жұбановтар әлемі» мәдени орталығының 5 жылдығына орай «Екі жұлдыз» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Іс-шараға қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысып, әннен шашу шашты.
— Кезекті рет ұйымдастырылған концертте Нұрлан Абдуллин, Мәдина Сәдуақасова, Светлана Айтбаева, Зарина Омарова, Марсель Әлсейітов сынды қазақ эстрадасындағы танымал әншілер өнер көрсетті. Олар әрдайым қайырымдылық кештеріне қолдау көрсетіп тұрады. Қайырымдылық концертін ұйымдастыру туралы ой — Нұрлан Абдуллиннің бастамасы еді.
Жуырда ұйымдастырылған концерттен жиналған 2 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа 130 адамға азық-түлік қажетті заттарын алып бердік. Осы секілді ауқымды акцияларды жарты жыл сайын өткіземіз, — деді «Жұбановтар әлемі» мәдени орталығының директоры Лаура Амангелдиева.
Іс-шара барысында Эрик Ибрагимов, Айман Бисенова, Алтынбек Жаңбырбаев, Жанат Умуткулова, Диана Мақсат сынды сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының белсенді мүшелері танымал әншілермен бір сахнада ән айтты.
— Қайсар жандардың өнерге деген құлшынысын арттыратын концерттердің жиі өткенін және олардың арасындағы ерекше дарындыларының мәдени орталықтарда қызмет етуіне жағдай жасалғанын қалаймын. Мәселен, елордада ашылған «Қанаттылар» театрында тағдыр талайына мойымаған азаматтар жұмыс жасайды. Бірде Роза Мұқанованың сценарийімен жазылған «Мәңгілік бала бейне» қойылымына қатысып, көзіме жас үйірілді. Мүгедек арбасына таңылған қыз өзіне берілген рөлді тамаша ойнап шықты, — деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева.
«Екі жұлдыз» байқауына қатысқандардың қатарында Эрик Ибрагимов те бар. Ол Нұрлан Абдуллинмен бірге «Ғажайып өмір» атты әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жас талант бұл концертке бір айға жуық уақыт дайындалған. Алдағы уақытта Эрик Youtube арнасына әндерін жариялап, жаңа туындыларын жинақтап, үнтаспа шығарғысы келеді.
«Максимус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орталық жұмысына қаржылай қолдау көрсетіп келеді екен. Оның ішінде концерттік бағдарламалардың ұйымдастырылуына осы мердігер компания көмек беруге ниетті. Алдағы уақытта да көрермендер үшін әсерлі кештер мен концерттер жиі ұйымдастырылатын болады.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



