Жаңалықтар

Жолаушылар тасымалы жандана ма?

Брифинг

Биыл облыста тұрақты 66 автобус маршруты ұйымдастырылып отыр. Оның ішінде халықаралық маршруттардың жұмысы пандемиядан кейін қайта жандандырылса, облысішілік автобустардың бірқатарының қызмет көрсетуіне конкурстар жарияланған. Қазір конкурста жеңімпаз атанған мекеме аудан орталықтарына қатынап жүр.

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Жолаушылар тасымалы» тақырыбында өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Төреғалиев пен аталған басқарманың жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Есбол Базарғалиев айтып берді.

  • Пандемиядан кейін Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясына шығуға шектеулердің алынып тасталуына байланысты биыл 12 сәуірден бастап жолаушылар үшін халықаралық автобустардың жұмысы қайта жанданды. Бүгінде Ақтөбе-Орынбор, Ақтөбе-Самара, Ақтөбе-Орск, Ақтөбе-Қазан және Ақтөбе-Уфа бағыттары бойынша автобус рейстері жаңартылды. Жалпы, қазіргі таңда облыста 6 халықаралық, 3 облысаралық, 11 облысішілік маршрут ұйымдастырылса, Ақтөбе қаласында жүретін автобус бағыттарының саны — 46, — дейді Рүстем Төреғалиев.

Оның айтуынша, биыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы облысаралық Ақтөбе-Қостанай, Ақтөбе-Орал және Ақтөбе-Астана, сондай-ақ облысішілік Ақтөбе-Шұбарқұдық, Ақтөбе-Қандыағаш, Ақтөбе-Жүргенов, Ақтөбе-Бадамша бағыттары бойынша қызмет көрсетуге арнайы конкурс жариялаған. Нәтижесінде

Ақтөбе-Қандыағаш бағытына «Жолаушы» ЖШС, Ақтөбе-Қостанай бағытына «АвтоМиг Ақтөбе» ЖШС тасымалдаушы болып бекітілген. Қалған бағыттар бойынша конкурс қайта жарияланған, олардың қорытындылары желтоқсанда белгілі болады.

— Бұлардың ішінде биыл облысішілік он бағытқа жүретін автобустардың шығынын субсидиялау үшін бюджеттен 113,3 миллион теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ қыркүйек айында тасымалдаушылардың өтініші негізінде Ақтөбе-Ырғыз және Ақтөбе-Жүргенов бағыттары бойынша автобустардың қозғалысы тоқтатылды. Себеп — бұл бағыттарға автобустар жетіспейді. Қазір біз бұл бағыттарға тасымалдаушыларды анықтау үшін қайта конкурс жарияладық. Конкурстың қорытындысы 29 желтоқсанда шығады, — дейді бөлім басшысы Есбол Базарғалиев.

Басқарма мамандарының айтуынша, соңғы кезде Ақтөбе-Хромтау және Ақтөбе-Алға бағыттарындағы автобустардың өз рейстерін толық орындамайтыны жайлы тұрғындардан жиі шағым түсуде. Бекітілген кестеге сәйкес тасымалдаушылар күн сайын 10 рейсті орындауы тиіс, алайда автобустардың техникалық ақауына байланысты жауапты мекемелер күн сайын 5-7 рейс ғана жүргізеді. Қазір бұл мәселеге байланысты тасымалдаушыларға қосымша автобустар шығару туралы тапсырма берілген.

Қазір облыста  0,01 пайыздық сыйақы мөлшерлемесі бойынша «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы лизингтік қаржыландыру бағдарламасы арқылы автобустар паркін жаңарту мәселесі пысықталып жатыр. Егер осы мәселе шешілсе, аталған бағдарлама шеңберінде тасымалдаушылар Yutong zk6128h, JAC Sunray, ГАЗ A65R35 маркалы отандық өндірістегі 22 автобусты сатып алатын болады, — деді басқарма басшысының орынбасары Рүстем Төреғалиев.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button