Жаңалықтар

Ақындық пен ұстаздық — қос қанатым

Әдеби-сазды кеш

Ақтөбедегі №40 орта мектеп ұстаздарының арасында үш бірдей ақын бар. Мектеп ұжымы оларды мақтан тұтып, ерекше құрметтейді. Жақында өткен «Ақындық пен ұстаздық — қос қанатым» атты әдеби-сазды кеш — осы сөзіміздің дәлелі.

Ұстаз болу — үлкен жауапкершілік. Сол жауапкершілік жүгімен қоса, табиғат берген дарынын, талантын жоғалтпай, өлең жүгін бірге алып жүру тіпті де оңай емес. Міне, осындай ұстаздар — Жарқынай Жұбатова, Нұргүл Нөкен және Айболат Көшкінбай.

Олардың ішінде бастауыш сынып мұғалімі Жарқынай мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұргүл Нөкен тәжірибелі мамандар болса, Айболат — ұстаздық жолын енді ғана бастаған жас маман. Ол да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.

Түркі әлемі жазушылар ұйымының мүшесі Жарқынай Жұбатова бірнеше жыр кітабын шығарған және жуырда ғана туған жері Ырғызда оның шығармашылық кеші ұйымдастырылған екен. Нұргүл Нөкеннің есімі мектеп сахнасына арнап жазылған «Тасада өскен гүл», «Он жетінің көктемі», т.б. қойылымдары арқылы республикаға танылып отыр. Сондай-ақ ол мектеп шәкірттерінен құралған «Бойтұмар» атты театрлық топқа жетекшілік етеді, өзі де сахнада ән салады. Яғни сегіз қырлы, бір сырлы ұстаз. Айболат Көшкінбай — ұстаздықпен қатар, қолына домбырасын алып, ұлттық өнерді, соның ішінде айтыс өнерін серік етіп жүрген жас дарын.

Талантты ұстаздардың еңбегі мен шығармашылығын насихаттау мақсатымен ұйымдастырылған кешке мектеп ұжымы, оқушылар, ақтөбелік қаламгерлер, әншілер және БАҚ өкілдері қатысты.

Кеш иелері туралы бейнефильмдер көрсетіліп, жыр оқылып қана қоймай, олардың шығармалары бойынша қойылымдар көрсетіліп, әсерлі әндер де орындалды. Атап айтқанда, мәтінін Нұргүл Нөкен жазған «Жасай бер, ұстаз», «Журналистер — айбыным»; Жарқынай Жұбатованың сөзіне жазылған «Әскери арулар»; Айболат Көшкінбайдың сөзіне жазылған «Аға мен қарындас», «Ақтөбем — алтын аймағым», т.б. әндер орындалды. Сондай-ақ Жарқынай Жұбатованың «Өкініш» балладасы, Нұргүл Нөкеннің «Ана үміті» драмалық шығармасы сахналанды.

Кеште, негізінен, ұстаздар мен мектеп оқушылары өнер көрсетті. Олардың арасында Бек Көшербаев, Ахмет Сәрсенғали, Дана Сағызбаева, Бекзат Жолдыбаев, Аружан Айшылық, Гүлнәзік Оразбай, Гүлжанат Борисова, сондай-ақ Кеңшілік Досмағамбетова жетекшілік ететін мектептің хор ұжымы, 8 «а» сынып оқушыларынан құралған «Бойтұмар» театрлық тобы, т.б. бар.  Ал 6-сынып оқушылары Нұржан Жылқыбаев пен Перизат Асхат көпшілікті айтыстағы алғашқы қадамдарына куә етті.

Сондай-ақ осы мектептің директоры Жанар Терекова, ҚР мәдениет саласының үздігі, 50-ге тарта әннің авторы Орал Байсеңгір, т.б. сөз сөйлеп, кеш иелеріне өз лебіздерін жеткізді.

Әдемі кеш Нұргүл Нөкеннің орындауындағы Табылды Досымовтың «Табыл ақынның айтқаны» әнімен аяқталды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button