Халықаралық конференция мейірбике ісіне арналды
Медициналық университетке-65 жыл
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 65 жылдығы аясында оқу орнының бас ғимаратында «Мейірбике ісін реформалау: жетістіктер, проблемалар мен перспективалар» тақырыбында І халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Медуниверситет басшылығы, мейірбике ісін жетілдіру орталығы, қоғамдық денсаулық және денсаулық сақтау кафедрасы мен Ақтөбе орта медицина қызметкерлерінің қауымдастығы ұйымдастырған шараның ашылу салтанаты Мемлекеттік Гимнмен басталды.
— Биыл біздің оқу орнының құрылғанына — 65 жыл. Мерейлі жыл аясында көптеген іс-шаралар жасалып жатыр. Солардың бірі — бүгінгі «Мейірбике ісін реформалау: жетістіктер, проблемалар мен перспективалар» атты халықаралық конференция. Шара тақырыбы маңызды, талқыланынатын мәселелер өзекті. Секциялық жұмыстар соңында резолюциялар қабылданады. Болашақта осы шарада қабылданған қарарлар мен талқыланған сұрақтар алдағы уақытта практикалық денсаулық сақтау саласының проблемаларын шешуге, қолжетімді, сапалы медициналық көмек көрсетуде өзінің септігін тигізеді деген сенімдемін, — деді конференцияның ашылу салтанатында Басқарма төрағасы-ректоры Әсет Қалиев.
Астанадан арнайы келген Денсаулық сақтау министрлігінің ғылым және адам ресурстары департаменті мейіргер ісін дамыту басқармасының бас сарапшысы Айнагүл Наурызбаева адам жанына араша түсетін дәрігерлер қауымын даярлайтын Батыс өңіріндегі бірегей университетті 65 жылдық мерейтойымен құттықтап, халықаралық конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Одан соң Польшадағы К.Марцинковский атындағы Познань медицина ғылымдары университетінің проректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ярослав Валковяк бейнеқұттықтау арқылы Ақтөбе мен Познань медуниверситеттері арасындағы ғылыми-тәжірибелік байланыстың одан сайын нығая түсуіне тілектестігін білдірді.
Сондай-ақ шараға Финляндияның JAMK қолданбалы ғылымдар университеті, «Ресей медбикелер қауымдастығы» жалпыресейлік қоғамдық ұйымы, Астана қаласындағы «Primary health care» ұлттық қауымдастығы, «Ақтөбе орта медицина қызметкерлерінің қауымдастығы, Орал қаласындағы «Gaudeamus» халықаралық білім беру холдингі, Қостанайдағы орта медицина қызметкерлерінің «Шарапат» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Қарағанды, Семей қалаларындағы медициналық университеттер мен медициналық колледждердің ғалымдары мен оқытушылары қатысты. Олардың кейбірі шараны онлайн көріп отырды.
Аталған университеттің стоматология, қоғамдық денсаулық сақтау, мейіргер ісі және фармация факультеттерінің деканы Гүлнар Сұлтанованың айтуынша, оқу орнында 2006 жылы ашылған «Мейірбике ісі» мамандығын осы уақытқа дейін 350-ден астам маман бітірген. Бірқатары магистратура мен докторантураға түсіп, оқуларын жалғастырды.
Медуниверситетте былтырдан бері Мейірбике ісін жетілдіру орталығы жұмыс істейді. Жетекшісі Меруерт Қорғанбекованың айтуынша, ашылғанына бір жыл болған орталық мамандардың өзара білім мен тәжірибе алмасуына, пікірлесуіне, мейірбике ісі бойынша білім жетілдіруіне, ғылыммен айналысуына арналған.
Шара барысында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті мен «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығы басшылары өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Пленарлық отырыста «Ресей мейірбикелер қауымдастығы» бүкілресейлік қоғамдық ұйымының президенті В.Саркисова «Мейірбике Ассоциациясы мен білім беруді дамытудағы мейірбикелер қауымдастығының рөлі», «PHC» Ұлттық Қауымдастығының Басқарма Төрағасы Р.Абзалова «Медбике қызметіндегі сыни ойлау», Денсаулық сақтау министрлігі ғылым және адам ресурстары департаменті мейіргер ісін дамыту басқармасының бас сарапшысы А.Наурызбаева «Мейіргер ісін реформалау: мәселелері мен болашағы», Gaudeamus халықаралық білім беру холдингінің директоры Г.Антипов «Медициналық білім берудегі заманауи цифрлық технологиялар» тақырыбы бойынша баяндамалар оқыды. Отырыс соңы секциялық бағыттағы жұмыстар мен шеберлік дәрістеріне жалғасты.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.