Жаңалықтар

Көктемгі егіс

Қарқын

Ақтөбе беттегі ауылдар артта қалып, Мәртөк ауданының аумағына кіргенде-ақ жердің реңі өзгеріп жүре берді. Көктемгі тегіс көктеген  дала көк кілемдей құлпырады. Бір-екі күнгі шуақты сәттермен қатқақтың шөбі қарыс көтерілген. Далада сарғалдақ жиі, қыр қызғалдағы шоғырланып көрініп қалады. Әлі де жылылықтың жетпей жатқанынан бұл. Әйтпесе, биылғы көктемде жауын-шашын жылдағыға қарағанда мол түсті. Жерде ылғал бар. Егінші қауымның баққаны да осы ылғал. Енді соны кептіріп алмай, тез дән сеуіп үлгеру керек. Облыстың көп өңірлеріндей емес, бұл аймақ қара топырақты, егін өсіруге қолайлы. Соңғы үш жыл бойы егінші қауымды тұқыртып, жігерін жасытып келген жер емес, қуаңшылық. Соның беті  қайтқан сияқты, биылғы жомарт көктем диқан қауымының үмітін оятып қырға шығарған екен. Мәртөкке бағыт алған жолда, жеңіл көлік үстінде, айнала көз салып келе жатып, біз де мұны аңғарған едік.

Саржансайдағы «АЙС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өткен жылы табан тіреген тауарлы сауын сиыр фермасының маңайы айнала  қарабұйраланып жыртылған жер, егістік. Біреу болғанмен бірегей келетін жаңа кешенді жер өңдейтін агрегаттар бірер күннің ішінде өндіріп-ақ тастаған. Сол аз уақыттың ішінде 90 гектар жерге бидай, 211 гектар арпа, 1408 гектар алқапқа мал азығындық көпжылдық шөп егіп үлгерген. Әлі де біраз дәнді дақыл, әсіресе, мал азығындық екпе шөптерді мол егу көзделіп отыр. Өйткені мұндағы өткен жылы тұрғызылған ферма жайларында  мыңның үстінде сүттік бағыттағы шетелдік сиырлар сауылатын болады. Әзірге Венгриядан жеткізілген 300-ге жуық сиыр сауылып, өнімі сауда орындарына жеткізілуде. Осы жазда бұған Голландиядан әкелінетін сауын сиырлар қосылады. Алғашқы лекпен келген асыл тұқымды қашарлардың өзінен, жергілікті малға қарағанда сүт мол алынуда. Әр сиырдан тәулігіне 28 литр! Бұл да шек емес көрінеді. Қысы-жазы жайылысқа шығарылмай, қорада бағылатын мал, егер азығы келіссе, мұнан да жоғары өнім-35 литрге дейін сүт береді екен. Осы көктемде бұл мәселе шешілуге тиіс. Мынау дайындалып жатқан егістік соның қамы көрінеді.

Мәртөктік егіншілер биыл егістік алқапқа ерекше жігермен шыққан. Қимылдары да ыждағатты, алға қойып отырған мақсаттары да биік. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Шамиль Сариновтің бізге берген мәліметтері де мұны растайды. Биыл заңды тұлғалар 61601 гектар, шаруа қожалықтары 25168 гектар, барлығы аудан бойынша 86769 гектар жерге дәнді дақыл егісін салуға бекем бел буылды. Бұған қосымша 6 мың гектар күнбағыс егу белгіленген еді. Бұл  көлем 9 мың гектарға өсуі  де мүмкін екен.

Бүгінгі таңда егіс салынатын алқаптарда егінші қауым қос тігіп жатып, еңбек көрігін қыздыруда. Қолда бар барлық техника қырға шықты. Аудан бойынша 28 кешенді агрегат дәнді дақыл себуге кірісіп кетті. Кешегі күнге ауданда  49 мың гектар егістіктің ылғалы жабылып, 10 гектар жерге дәнді дақыл себілді.

Алғашқылардың қатарында егістік алқапқа қосын жеткізген «МәртөкАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көш бастап келеді. Қазір бұл аталған шаруашылық 2760 гектар жерге арпа, 300 гектар алқапқа сұлы тұқымын сеуіп үлгерді. «Казанка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі механизаторларының да қарқыны тәуір. Бұл шаруашылықтың Қазан егістік алқабына күні бүгінге 500 гектардай бидай, 66 гектар сұлы, 400 гектар күнбағыс егілді.

Ылғал жабу жұмысын «Қызылжар», «Шанды» өндірістік кооперативтері, «Родник» акционерлік қоғамы егіншілері де ыждағаттай түсуде. Бұл аталған шаруашылықтарда 1000 гектардан 3000 гектарға дейінгі егістік алқаптың ылғалы жабылды. Кеңсақара алқабындағы «РадАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ылғал жабуды екі есе орындап, 820 гектар алқапқа арпа септі. Күнбағыс егілетін 1000 гектардай егістік жерді дайындап бола келді. Көктемгі далалық жұмыстарды «Шанды» өндірістік кооперативінің егінші қауымы да нәтижелі аяқтады. Олар 1100 гектар жердің орынына, 1700 гектар егістік алқаптың ылғалын жапты, 800 гектар жерге бидай егуді аяқтады.

Көктемде диқан қауымы үшін жұмыс көбейеді. Тек ылғал жабу, тұқым себу емес, көпжылдық екпе шөпті тырмалау, күздік қара бидай егісін өңдеу, жер жырту сынды жұмыстар өз кезегімен жүргізілуде.

— Қазіргі біздің алға қойып отырған мақсатымыз —  ашық күндерді тиімді пайдаланып, көктемгі далалық жұмыстарды дер кезінде, агротехникалық шараларды сақтай отырып, тез арада аяқтау, — дейді ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Шамиль Саринов.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Мәртөк ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button