Жаңалықтар

Оқырман

  • Дәстүр

АТА САЛТЫМЫЗ —  АБЫРОЙЫМЫЗ

Қазақ мәдениеті мен әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің жоғары екендігі дүниежүзіндегі өркениетті елдерге ертеден белгілі болған. Қазақ еліне, оның салты мен дәстүріне, мәдениетіне деген қызығушылықты әріден бастамай-ақ, XVIII-XIX ғасырдан бастасақ, атақты ғалымдар B.Жуковский, В.Даль сияқтылар немесе М.Потанин халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін таңдана қызығып жүріп жинап, жариялаған еңбектері бұған дәлел бола алады.

Сондықтан халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете білу өте маңызды.

Қазіргі кезде әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізге мән бермеу, оны бала тәрбиесінде басты ұстаным етіп алмау көптеген қателіктерге ұрындырып отыр. Халқымыздың ырым-тыйымдары да белгілі бір себептермен туған. Солардың бірі — қызға 40 үйден тыйым.

Бүгінгі күні қыз тәрбиесі өзекті мәселеге айналып отыр. Қазақ отбасында қыз балаға қырық үйден тыйым болғандығын жақсы білеміз.

Қызға 40 үйден тыйым дегеніміз мыналар: жарыса сөйлеуге, жалғыз қыдыруға, жыртақтап күліп, сыпсыңдап сөйлеуге, біреуге орынсыз ұрынуға, басқаларға қол тигізуге, өтірік, өсек айтуға, суық жүріс, сумаң қылыққа, кісіге қарай керіліп есінеуге, талтайып отыруға, шалқайып жатуға, тамақты обырлана асауға, ұрлық-қарлыққа, ұятты мүшелерін ашып жүруге, бұраңдап қылымсуға, қызыл іңірде жатуға, түске дейін ұйықтауға, кісі алдында киім ауыстыруға, салт-дәстүрден аттауға,елді ғайбаттауға, үлкендердің жолын кесіп,атын атауға, ішімдік пен шегімдікке, ұрыс-керіске, беттен алып, бет жыртысуға,қараулыққа, ысырапқа, рахымсыздық пен қатыгездікке, түнде суға жалғыз баруға,ер адамдармен араласып жатуға, күйеуге қашып тиюге, әдепсіз сөзге, тарс-тұрс етуге, адам мен жануарларды тебуге, кісіні қорлап жәбірлеуге, тәкаппарлық пен сайқымазақ жасауға, айғай-сүреңге, шектен тыс сыланып, жасануға, қызғаншақтық пен күншілдікке, менмендік пен өзімшілдікке, алдап-арбауға, көрсеқызарлыққа, нәпсіқұмарлыққа тыйым салынады. Қызға қатысты айтылған 40 ырымды жекелей жазып шықтық.

Осыған орай қазақтың көрнекті қаламгері Әбіш Кекілбаев айтқандай, «дәстүр-әдеппен, әдет-ғұрыппен, мың жылдап қалыптасқан дағдымен күресу — есуастық. Бірақ оның бәрін жаңа жағдайға лайықтамай, жаңғыртпай, сол қалпында ұстануға тырысу өз аяғыңды өзің тұсап, өз қолыңды өзің кісендеумен бара-бар» деген болатын.

Міне, осы тыйымдарды әрбір ата-ана жаңа жағдайға лайықтап, отбасында қыздарына үйретіп отырса, жақсы болған болар еді.

Бала тәрбиесіне ең бірінші жауапты — оның отбасы. Сондықтан ата-ана бала тәрбиесінде жіберген қателігін өзінен іздеуі қажет. Отбасында ұл-қыздарын «обал болады, ұят болады, жаман болады» деген сөздермен тәрбиелеп, баланың санасына сіңіру керек. Қыз бала — халқымыздың ар-ожданы, ұяты. Ата- бабаларымыз ұятты өлімнен күшті санаған. Қызымыз абыройлы болса, ұятқа қалмаймыз. Үлкендердің өзі «екі дүниенің абыройын бер» деп тілеп отырады.

Әрбір ата-ана қыз баланың абыройын ойлауымыз керек. Қыз абыройы — елдің, ата-анасының, туған-туыс, ағайындарының абыройы. Бүгінгі қыз — болашақ жар, болашақ ана, сондықтан ақыл-кеңесімізді беріп, олардың жатжұрттық екендігін, барған жеріне ешкімге сөз келтірмейтіндей тәрбиелі болып баруы керектігін айта отырып, болашақ ұрпақтың денсаулығы мықты, саналы болып өмірге келуі, ақылды, парасатты болуы, елінің патриоты болуы ананың ақ сүтіне, берген тәрбиесіне байланысты екенін айтуымыз керек.

Әйтеке би: «Дәулетіңнің қадірін ұлың өскенде білерсің, абыройыңның қадірін қызың өскенде білерсің», — деген екен. Қыздардың «дым көрмеген», «білігі жоқ» деп айтқызбауы да тәрбиенің жемісі. Қазақта «иттің баласы дегізбе» дейді.

«Аты жаманның арманы кетер, баласы жаманның дәрмені кетер» дегендей, баланың жаманы ата-ананы бар күш-қуатынан, қызығынан айырып, дәрменсіз етеді. Сондықтан «баланы — жастан» деп дұрыс тәрбие беруіміз керек.

XI ғасырда Жүсіп Баласағұн айтқандай, ата-аналар балаларының жеке ерекшеліктерін жас күнінен танып, соған қарай бағыт-бағдар тәрбие берудің ерекше маңызы зор.

«Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» дейді халқымыз. Сондықтан ата салтымызды ұмытпайық. Ата салтымыз — абыройымыз.

Алмагүл САРЫБАЙ,

«Шолпы» клубының жетекшісі.

Ақтөбе қаласы.

Ауылдағы бизнес

БІР МИЛЛИОН ТЕҢГЕМЕН БАСТАУҒА БОЛАТЫН КӘСІП

Түрлі кәсіпкерлікке баулу бағдарламалары арқылы елдің еңбекке деген ынтасын оятып, талабын қолдау — мемлекет назарындағы басты бағыттардың бірі. Осындай берекеге ұйытқы болар бастамалардың қатарынан «Бастау-Бизнес» жобасын бөліп айтуға болады. Халық арасында кеңінен танылып, көп сұранысқа ие болып үлгерген жобаның қаржысын алып, кәсібін дамытқан қатысушылардың алғысы шексіз. Жобада қаралған 1 225 200 теңгенің грантын жеңіп алып, өз кәсібін бастауға талпынып жүрген талапкерлер аз емес. Солардың бірі  — Үміт Көмекова.

Үміт осыдан көп жыл бұрын Бағанин ауданынан көшіп келген. Білімге алғаш қадамын №1 Алға мектеп-бақшасында жасаған. Міне, сол бейқам қыз бүгін мемлекеттік бағдарламаның көмегімен шаурма дайындайтын орталық  ашып отыр.

Бұл тағам қайдан және қай елден шыққан? Шаурма —  қуырылған ет, тұздық, дәмдеуіштер және жаңа піскен көкөніс салаты қосылған пита немесе лавашқа оралған араб елінен келген тағам. Нәзік қытырлақ лаваш қабығы және ішіндегі шырынды салмасы бұл тағамның дәмін татқандарды бейжай қалдырмайды.

Шаурма қайдан пайда болды? Бұл тағам алғаш рет Дамаскіде бірнеше ондаған жыл бұрын пайда болған деседі. Алдымен ол тек лаваш пен қуырылған ет салмасынан тұрған. Кейінірек ет кесектерін тұздықпен және жаңа салатпен бірге маринадтап қабықшаға орау басталды. Еуропада шаурманы алғаш Түркиядан келген эмигрант Қадыр Нұрман дайындаған.Ол Берлин теміржол вокзалынан алыс емес жерде дүңгіршегін ашып, жолшыбай тамақтанғысы келетіндер үшін шаурманы дайындады. Шаурманы саудаға енгізіп, өз мекемесіне ет қуыратын айналмалы тік гриль орнатып түрік донер кебабына негізделген шаурма рецептін жасаған да Қадыр еді. Осы Қадыр сияқты алғалық Үміт қатарының алды болып, қаламызда алғашқы шаурма дайындаушысы атанды. Бүкіл Еуропаны жаулап алған шаурма біз үшін жаңалық болғалы тұр. Күнделікті жеп жүрген донерден айырмашылы бар дейді. Жүре-бара көрерміз, дәмін татып…

«Бастау-Бизнестің» шарапатын көрген ұмтылысы мол кәсіпкер Үміт Көмекова өз сөзінде кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы бойынша оқуды аяқтағанын айтып, жастардың осындай мүмкіндіктерге қол жеткізуіне көмек беретін мемлекеттік бағдарламалардың барына, жастардың өсіп-өнуіне жағдай жасап отырған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді.

— «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша арнайы курстан өткен соң, құжаттарды тапсырдым. Грант ақшасын бірден жеңіп алғам жоқ. Біраз қиындықтар болды. Алайда мәселелерді шешіп, армандаған ісіме қол жеткіздім, әйтеуір. Соның әсері болар, кәсіп бастайтын кезде көңілде қобалжу, қорқыныш болды. Әлі де бар. Дегенмен «әрекетке — берекет» дегендей, жүре, келе жұмыс қалыпқа түсіп, реттеліп кетеді деген үміттемін. Мемлекеттен алған ақшаға гриль аппаратын, фритюрьница, тоңазытқыштар мен жұмысқа қажетті құралдарды, азық-түлікті сатып алдым. Оқу оқыдық, енді жұмыс істеп, соның жемісін көрерміз Алла қаласа. Қиналғанда ақылын қосып, қолдау көрсеткен азаматтарға алғысымды білдіремін, — дейді жас кәсіпкер.

Мадина ТАЖИБЕКОВА,

Алға ауданы.  

  • Еңбек адамы

НАУБАЙШЫНЫҢ ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ ЖОЛЫ

Бір тілім нанның қадірін білген ата-бабаларымыз ықылымнан оны адамзаттың басты құндылығына балаған. Даналарымыздың «дастарқанында наны жоқтың, тамағында сәні жоқ» деуінің астарында да терең мән бар. Молшылықтың, әл-ауқаттың белгісі  ретінде ас атасына айналған нанды әзірлеудің артында наубайшылардың қаншама маңдай тері тұрғандығын көбіне бағамдай бермейміз. Наубайшы адамға алдымен ісіне адалдық пен төзімділік қажет. Бұл — Шалқар қаласындағы «Ыстық нан» наубайханасының тәжірибелі наубайшысы Миуа Сейітжапарованың басты ұстанымы.

Нан пешінің ыстық табына жарты ғасыр кеудесін тосқан ананың бойындағы қажырлық кішкентайынан өзін еңбекке баулыған ата-анасынан беріліпті.

Әкесі Сыдық кезінде Шалқар қаласындағы теміржол желілік милиция қызметінде жұмыс істеп, саналы ғұмырын ішкі істер саласының қызметіне арнайды. Үнемі түзде жүретін отағасының бар жағдайын  жасап, кіндіктен өрген тоғыз баланың тәрбиесіне ден қойған аналары Жәмилә Жұмағұлқызы да үй мен тыстың шаруасына тындырымды болады.  Тоғыз баланың екіншісіМиуа да бұла шағынан еңбекке араласып, ата-анасына қолғабыс ете бастайды.

— Аудан орталығындағы қазіргі Әліби Жангелдин атындағы орта мектебі біздің оқушы кезімізде 8 жылдық білім ғана беретін. Мен осыдан 8 кластық білім алып, орта білімді №1 қазақ орта мектебінен оқып бітірдім. Мектеп бітірер тұста құрбыларымның қиялы әр қиырды шарлап, бәрі де келешекте жақсы маман иесі атануы үшін жоғары оқу орындарын таңдап жатты. Мектепте ағылшын тілі пәнін жақсы оқығандықтан үмітімді үкілеп, мен де Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріне талаптандым. Бірақ ойлағаным болмай, елге қайтуға тура келді. Оқудан жолым болмады деп үйде қамалып отыра алмай, туған жерімнен жұмыс іздеуге бекіндім. Ол кезде де қолында арнайы дипломы жоқ адамға жұмыс табыла бермейтін-ді. Шалқарда іргетасы 1964 жылы қаланған жалғыз наубайхана болды. Және  минералды су шығаратын зауыт тұрақты жұмыс істеп тұрды.  Өзім сияқты дипломсыз жастар көбіне осы екі жерге жұмыс іздеп келетін.

Біздің жастық шағымызда жұмыссыз жүрудің өзі ұятқа саналатын еді. Өйткені қоғамның талабы бізді осылай үйретті. Екі қолға бір күрек табылғанына қуанып, қатарластарымыздың көктемде сақманға барып, дала жұмыстарында талғамай жасай беретін-ді.

Мен де мектеп бітірісімен, 18 жасымда  осы наубайханаға жұмысқа орналастым. Табалдырығын алғаш аттағанымда іштен пісіп жатқан нанның хош иісі «қарсы алғаны» әлі есімде. Ғұмырымның басым бөлігі осы жерде өткесін наубайхананы өзімінің екінші үйім деп есептеймін. Осында мені алғаш жұмысқа қабылдаған марқұм Өнербай Бисенов деген ағамыз еді. Ол кісі өте қарапайым, жылы жүзбен жаспен де, үлкенмен де тең сөйлесетін-ді. Одан кейін басшылық жасаған Мейірхан Картин, Нағашыбай Оразаев, Нағашыбай Тіржанов, Жүсіп Ержанов, Жаңылсын Ешниязовалармен де ауызбіршілкте жұмыс істедім. Қиынсынып басқа жұмыс іздеу ойымда болған жоқ. Әуелгі кезде жанына ертіп, барлық құрылғыларды таныстырып, жұмыс барысында ақыл-кеңесін аямаған цех шебері Қалима Қазимованың есімін айрықша атағым келеді. Бірге жұмыс істеген Айбике Әбдірахманова, Фатима Құдайбергенова, Жанипа Қайрақбаева сынды алдыңғы лектегі апаларымыздан да үйренгенім көп болды.  Осындай тәжірибелі буыннан сабақ алып, біз де уақыт ағымымен наубайхана ісіне машықтана бастадық, —  дейді Миуа апай.

Шалқар қаласында қазір бес наубайхана болса, тарихы тереңі осы — Миуа апай жұмыс істейтін цех. «Ыстық нан» деп аталатын наубайханаға бүгінде кәсіпкер Бекнұр Мұқашев жетекшілік етеді. Жұмысшылары екі ауысыммен жұмыс істеп, күніне 2000 бөлке нан шығарады.

—Бастапқы кезде бұл жұмысқа қол күші көп жұмсалатын. Өзіңе бекітілген уақытта ісіңді тындырғың келіп, ыждағаттылыққа салынып, кейде қауіпсіздік ережелерін елемей қаласың. Осындай келеңсіз сәтті 1988 жылдың жазында мен де басымнан өткердім. Қамыр илейтін арнайы құрылғыда бір саусағым шайналып қалды. Ауруханада ұзақ емделіп жаттым. Өткен күннің белгісіне бір саусағымды берсем де, сүйікті кәсібімнен ажырамай, жұмысымды қайта жасай беруге бекіндім, — дейді.

Наубайшы апаның өмірлік серігі Әбілғазы Әмитовтің бақилыққа бет бұрғанына биыл 27 жыл. Теміржол саласында еңбек еткен әкей мен табанды анадан тараған Жандос, Ләззат, Жанат есімді ұл-қыздардың барлығы да қазір құтты орындарында, балалы-шағалы. Келместің кемесіне ертерек мінген әкенің жоқтығын білдірмей оқытып, тоқытып, аяққа тұруларына мүмкіндік жасаған қайсар аналарын олар батырға теңейді.

Өткен оқу жылында Шалқар қаласындағы Ідіріс Үргенішбаев атындағы орта мектепті «Алтын белгімен» бітірген талабы жоғары немересі Айдана Еркебаева әжесіне арнаған жырларын бізге оқып берді.

Бір наубайханада табан аудармай елу жыл жұмыс істеген Миуа апайға көкжиектен жетпіс жастың желкені де көрініп тұр. Алайда ас атасының жұпар иісі сіңген сүйікті ісін еңбекқор ана бойдағы жігерімен жалғастыра беруге ниетті.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

 

  • Балалар шығармасы

Ер есімі, ел есінде

«Ұланы бар елдің ұраны» бар демекші, қазақ елінің Отан үшін қан төгіп, жан беруге дайын болған батыр азаматтарының есімі халық жадында ұмытылмастай жатталып қалды. Олардың жасаған ерліктері елдің болашағына жол ашты. Солардың арасында ерекше ерлік көрсеткен жерлесіміз Қожабай Жазықовтың туғанына биыл 102 жыл толып отыр.

1920 жылы Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Көктүбек ауылында өмірге келген Қ.Жазықов әкесінен ерте айырылып, ана махаббатымен ержетеді. Мұғалім болуды қалаған ол мектепті тәмамдаған соң Ақтөбе өңірлік педагогикалық техникумға түсіп, сырттай білім алады. Кейін 1940 жылы Амангелді ауылында бастауыш сыныбында мұғалімдік қызметте еңбек жолын бастайды. 1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталып, 22 жасында Кеңес әскері қатарына шақырылады.

Ең алғашында Ресейдің Бугуруслан қаласында кіші командирлер даярлайтын қысқа мерзімді курсын бітіріп, 337-полктің құрамында пулеметшілер бөлімшесінің командирі ретінде Воронеж майданында соғысқа кіреді. Кейіннен барлаушылар даярлайтын жеделдетілген курсты аяқтап, атақты 25 гвардиялық атқыштар дивизиясының сапында барлаушылар бөлімшесінің командирі болады. Оның аса қатты бағаланған ерліктері Волчье деревнясы маңында, Днепропетровск облысының Тегеловка деревнясында, Яссы ауданында және Дунай өзеніндегі Сантендрей-Сигет аралын азат етуде көрініс тапты.

Жауынгерлік қызметі барысында ерлік істері үшін Қ.Жазықов 1943 жылы «Ерлігі үшін» медалі, «Қызыл жұлдыз» орденін алады, ал 1944 жылы үшінші дәрежелі  «Даңқ» орденін, екінші рет Қызыл Ту орденімен марапатталады.Қарсылас жаулардың Будапештегі тобын қоршауға алып, оны жоюға белсене қатысқаны үшін 1945 жылдың 28 сәуірінде Қ.Жазықовқа Кеңес Одағының Батыры атағы мен Ленин ордені беріледі.

Батыр атамыз соғыстан оралғанда өзінің мұғалімдік жолын жалғастыруды көздеп, Ақтөбе педагогикалық институтын бітіріп, жоғары деңгейде білім алады. Әр жылдары мектеп мұғалімі, Жарқамыс орта мектебінің директоры болып қызмет атқарады. Бұлардан басқа Байғанин аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Родников ауданында МТС партия ұйымының хатшысы, Байғанин аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, ауылшаруашылығы қызметкерлері, кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы, Темір, Байғанин аудандық партия комитеттерінің нұсқаушысы қызметтерін атқарады. Иә, атамыздың атқарған қызметтеріне қарап, ел мүддесі үшін көп еңбек еткенін көруге болады.

1982 жылдың қазан айының 23-інде батыр мәңгілікке көз жұмады.

2020 жыл Қожабай Жазықовтың туғанына 100 жыл толуына орай Ақтөбе қаласындағы Жұбанов атындағы университетте батыр атындағы жеке кабинет ашылған болатын. Ол жерде студенттер батыр тұлғамыз туралы қажетті ақпаратты ала алады.

«Ғалымның хаты, батырдың аты өлмейді»  демекші, қанша жыл өтседе, біз батырларымызды ұмытпаймыз, олардыңерлік істерін жаңғыртып, насихаттау, тарихымызды сақтау — біздің, жастардың міндеті.

Жазира БЕРДІМҰРАТ,

№77 орта мектептің 9-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

  • Идея

ОҚУШЫ АХМЕТ БAЙТҰРСЫНҰЛЫ МЫСAЛДAРЫН КОМИКСТЕР AРҚЫЛЫ ОҚУДЫ ҰСЫНДЫ

Ақтөбедегі NIS-тің 10-сынып оқушысы Нұршaт Жұбaныш Ахмет Бaйтұрсынұлының мысaлдaрын комикстер aрқылы оқуды ұсынды. Зияткердің бұл жобасы Алматы қаласында NIS арасында өткен жалпы білім беретін пәндерден желілік ғылыми жобалар конкурсында жүлделі ІІ орынға ие болды.

10-сынып оқушысының жобасына Aқтөбе қaлaсындaғы NIS қaзaқ тілі мен әдебиеті пәні мұғaлімдері Мәрзия Таңжарықова, Рабиға Тоғанақовалар жетекшілік етті.

Бұл жұмыстa aқын, aудaрмaшы, қоғaм қaйрaткері Aхмет Бaйтұрсынұлының «Қырық мысaл» жинaғынa енген мысaл өлеңдерінің ерекшелігін комикс aрқылы интерпретaциялaу қaрaстырылған. Нұршаттың пікірінше,  ХХІ ғaсыр жaстaрын көркем шығaрмa оқуғa қызықтырудың бір жолы —комикс арқылы оқыту:

Интерпретaциялaу aрқылы мысaлдaрдың сюжеттік өзгешеліктерін тaлдaу бaсты нaзaрғa aлынды. Сонымен қaтaр мысaл жaнрының зaңдылықтaрын, ойды aстaрлaп жеткізудің әдістерін қaрaстырдық. Aхмет Бaйтұрсынұлының мысaл еңбектері қaй зaмaндa дa қaзaқ қоғaмының қaжеттіліктерін қaнaғaттaндырaтындығын, ондa көтерілген мәселелер қaшaндa өзекті екендігіне, сондaй-aқ aудaрмa мысaлдaрдың қaзaқ қоғaмынa бейімделіп берілгендігіне тоқтaлaды, — дейді ол.

Ақтөбелік өнертапқыштар Астанадағы ғылыми жобалар сайысында топ жарды. 160 жоба ішінде І орынға ие болған «Saule» мобильді қосымшасы Ақтөбе қаласын қоқыстан тазартуды көздейді. Өзекті мәселені зияткерлік мектептің 12-сынып оқушылары Сая Құрманалина мен Аружан Бақыт шешпек. Қаланы қалдықтан құтқаруды мақсат еткен қос оқушы ерекше мобильді қосымша ойлап тапты. Идеяны коммуналдық мекемелер қолдаса, біздің аймақтың экологиялық ахуалы жақсарып, табиғаты көркейетіні сөзсіз.

— Біз адамдардың экологиялық санасын арттыратын цифрлық өнім жасап шығаруды ұйғардық,— дейді Сая Құрманалина.

«Saule» мобильді қосымшасы балалар мен ересектерге экологиялық таза өмір салтына интерактивті және ойын түрінде көшуге мүмкіндік береді. Балалар ойнап отырып, ойынның әр деңгейінде қоршаған ортаны қорғау тақырыптарының бірін меңгереді. Ересек пайдаланушылар үшін салауатты өмір салтын сақтай алатын кең ауқымды функционалды мүмкіндіктер қарастырылған. Және пайдаланушылар жеткен жетістіктерімен бөлісіп, достарымен жарыса алады. Қосымша Android платформасында жасалған.

Айта кетейік, жарыстың гуманитарлық бағыттар бойынша кезеңдері Алматыда, жаратылыстану бағыттары бойынша кезеңдері Астана қаласында өткізілген.

Әйгерім АМАНҒОСОВА,

Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.

 

  • Өтініш

МЕКТЕПТІҢ АЙНАЛАСЫ ДҰРЫСТАЛСА ЕКЕН

«Ақтөбе» газетінің редакциясына Ақтөбе қаласы Болашақ ауданында тұратын Т.Талапбаев деген ақсақал хабарласты.

— Мен бір мәселемен хабарласып тұрмын. Үлкен кісімін, жасым 80-нен асты, менің айтқанымды жазып алып, газет арқылы жауапты адамдарға жеткіз, қарағым, — деді оқырманымыз.

Ақасақал қаладағы Екпінді деген көшеде тұрады екен. Немерелерін мектепке тасиды екен.

— Болашақ ауданында Жұмабек Тәшенов атындағы №68 мектепке немерелерімді апарамын. Осыдан 1-2 жыл бұрын мектепке жапсарлас құрылыс салды. Ол дұрыс болды. Онда қазір бастауыш сынып оқушылары оқиды. Соған менің немерелерім барады. Мектептің жанындағы автокөлік жүретін жолдарға тас төселді, алайда көліктер тұратын тұраққа төселмеді, жаңбырлы кездері балаларымыз да, өзіміз де балшыққа батып, әрең барамыз. Құрылыс жүргізгеннен кейін жер тегістелмегенге ұқсайды, жаңбырдан кейін су жиналып қалып, лайсаң болып жатады. Жергілікті билік сол жерге тас төсеп, дұрыстап берсе, жақсы болар еді, — дейді ақсақал.

Мектептің бастауыш сынып балалары оқитын үш қабатты құрылыс шынында соңғы жылдары салыныпты. Анықтап білгеніміздей, онда 690 балапан оқиды екен. Ал тұтас мектепте 1400-ге жуық бала білім алып жатыр.

М.ТАБЫН,

Ақтөбе қаласы. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button