Жаңалықтар

Сағи оқулары

Облыстық  Сағи Жиенбаев  атындағы  жасөспірімдер  кітапханасы  Байғанин   аудандық   орталық  кітапханасымен  бірлесіп, ақын  Сағи Жиенбаевтың  туған  күніне  орай  «Сағи  оқулары» атты  интернет-конференция  өткізді.

Шараға кітапхана оқырмандары, қалалық орталықтандырылған  кітапханалар  жүйесінің  кітапханашылары, Әлия Молдағұлова  атындағы  Ақтөбе  гуманитарлық  колледжінің  оқушылары қатысты. Интернет-конференцияның  мақсаты —  ақын  шығармашылығын   насихаттау,  ақынның  жерлестерімен  байланыс  орнату. Жаңа үлгідегі іс-шара жасөспірімдер кітапханасында  алғаш рет  ұйымдастырылып отыр. Кітапхана  қонақтары  мен оқырмандар ғаламтор арқылы ақынның   жерлестерімен сұхбаттасып, пікір алмасты. Байланысқа  Әйтеке би аудандық кітапханасы  да  қосылды.

Шара  барысында Байғанин  аудандық  мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің  меңгерушісі  Нұрәділ Қолдасбаев оқырмандарды құттықтап, кітапхана  ісі саласындағы жетістіктерге тоқталды. Ал байғаниндік ақын  Елубай Қаймақбаев өз өлеңін оқыса, гуманитарлық  колледжінің  оқушылары Қарлығаш  Қонарбаева, Фарида  Иркетанова, Айнұр  Төлегенова, Ақтоты  Ниетуллина және  өзге де оқырмандар Сағи ақынның  өлеңдерін  мәнерлеп  оқыды. Ақынның   сөзіне  жазылған  «Айналдым  елім», «Ауылға  қайтып келем», «Ауыл қарттары» әндерін  Б.Тәжібаев атындағы  Байғанин  аудандық  балалар  саз  мектебінің  ұстазы  Сара Ибраймова  және облыстық халық  шығармашылық  үйінің  әншісі  Амангүл  Ешпанова  орындады.

Ақынның  шығармашылығына  арналған  «Сағи Жиенбаев қазақ поэзиясы   әлемінде» атты  кең көлемді  кітап көрмесі  ұйымдастырылды. 2000 жылы  аталып өткен Мәдениетті  қолдау   жылында  Сағи Жиенбаевтың   есімі  Ақтөбе   облыстық   жасөспірімдер   кітапханасына   берілген болатын. Сондай-ақ біздің   қаладағы бір   көше,  Байғанин  ауданындағы   Оймауыт   ауылының   орта   мектебі  де ақын  есімімен   аталады.

 

Әсемгүл  АРЫСТАНБАЕВА,

кітапхана  қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button