Жаңалықтар

Батамен ел көгерер…

Дәстүр

Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында «Көп оқыған қария» жобасы аясында «Аталы ел, баталы ел» әдеби ойыны өтті.

Аталған шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары, көнекөз қариялар, №5 жалпы орта білім беретін мектептің ұстаздары мен оқушылары қатысты. Онда қазіргі қоғамда қариялардың бата беру дәстүрінің құндылығы, батаның қоғамда алар орны туралы сөз болды. Қариялар бата түрлерін үшке бөліп қарастырды: ақ бата, теріс бата, серттесу батасы. Жиналған жас буын бата түрлерінің әрқайсысына тоқталып, мағынасын ашты. Тақырыпқа сай кітап көрмесі жасақталып, библиографиялық шолу жүргізілді. Әдеби ойынның өзегі слайд суреттеріне қарап бата құрастыру болатын. Көздеген мақсат орындалып, жас оқырмандар жарыса бата құрастырды. Мазмұнды шарада Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің 3-курс оқушылары Сұлтан Кеңесбай мен Бексұлтан Бектенов «Ана туралы жыр», «Ауылым», «Түрлі арман» әндерін шырқап, оқырман жүрегіне ән арқылы әсем жол салды. Шараға белсенді қатысқан оқырмандарға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен естелікке сыйлықтар табыс етілді. Қариялар ақ батасын арнап, жастар алғыс алды. Бата күші жақсыға, ақ ниетке, пәк көңілге дариды.  Қазіргі қоғам рухани білім мен тәрбиеге зәру екені баршаға аян. Сондықтан жас буынның санасына рухани азық болар осындай шаралар көбейсін!

Сонда ғана қоғамда желіккен бос қиял жастар емес, елінің ертеңіне алаңдар текті ұрпақ өсері анық.

 Құндыз ҚОНЫСБАЙ,

облыстық зағиптар және нашар

көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының қызметкері. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button