Әкелер слеті өтті

Отбасы
«Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» жобасы аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Шалқар қаласында «Әке — тұлға, рухты ұрпақтың тірегі» атты әкелер слеті өтті.
Оған облыстық Аналар кеңесі мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдері және аудандық аналар, әкелер кеңесінің, ата-аналар комитетінің мүшелерімен қатар, Еңбек ардагерлері, ардагер ұстаздар, білім беру ұйымдарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Шараның мақсаты — бала тәрбиесіндегі әке рөлін күшейтіп, отбасы құндылықтары мен дәстүрлерін сақтау.
Шалқар қаласындағы Сары Батақұлы атындағы мәдениет үйінің фойесінде «Қолөнер — сырлы өнер» деген атаумен түрлі салада қызмет жасайтын әкелердің өз қолынан шыққан сурет және қолөнер көрмесі болды.
— Әуелден әке бейнесі отбасының қорғаны саналған. Баланың өсіп-жетілуі үшін ана мейірімін аздық ететінін дана бабаларымыз сол заманның өзінде анық түсінген. Оның бойынан жақсылы, жаманды қасиеттерін байқаса, халқымызда оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көріп, тегіне тартқан деген. Сонымен бірге «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген даналық сөз бар. Әкенің балаға қалдырар үлкен мұрасы — жақсы тәрбиесі. Ал дұрыс тәрбие алған бала қоғамға пайдасын тигізер азамат болып өсетіні сөзсіз.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда қоғамда әкенің орны төмендеп бара жатқаны да рас. Бұған себеп — жаһанданудың иірімінде ұлттық сананың әлсіреп, отбасындағы қазақы тәрбиенің берілмеуінен болып жатады. Сондықтан осындай іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуы тиіс, — деген аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев отбасындағы әке тәлімін аудандағы Әкелер кеңесінің жұмысымен ұштастырып, белсенділік танытып жүрген аталған кеңестің бір топ мүшесін аудан әкімі Жанболат Жидеханов атынан Алғыс хаттармен марапаттады.
Жиында аудандық Әкелер кеңесінің төрағасы Қайрат Жұмасит «Әке тәрбиесі: бүгінгі қоғамның өзекті тәрбиесі» тақырыбында жыл бойына атқарылған жұмыстарды баяндап, бірқатар ұсыныс-тілегін айтты. Сондай-ақ Әкелер кеңесінің мүшелері Бауыржан Төлегенов «Жастар тәрбиесі және спорт», Нұрбек Байнашов «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың міндеті мен құқығы», Самат Қорғанбеков «Тәрбие — адам тағдырын шешетін ұлы іс», Әлібек Батырғарин «Тау тұлға әке — ізбасар ұл» тақырыптарында баяндама жасап, ұрпақ тәрбиелеуде басты жауапкершілік әкелерге артылатынын айтты.
— Ұрпағының саналы азамат болып өсуі әкенің тікелей міндеті. Сондықтан жас кезінен әке тағылымын көріп өскен бала әулетін, елін ешқашан ұятқа қалдырмайды, — дейді облыстық Аналар кеңесінің жұмыс үйлестірушісі Рауза Серғалина.
Слетке қатысушылар отбасы құндылығы, бала тәрбиесінде әкенің атқаратын рөліне тоқталып, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, әке ұлағаты жайында пікір алмасып, өздерінің мазмұнды ой-толғамдарымен бөлісті.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, өнерлі жастар әке туралы әндерді шырқады.
Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ,
Шалқар қаласы.



