Тұрмыстық зорлық зомбылық : ажырасу — ұят, таяқ жеу тағдыр ма?

Елімізде тұрмыстық қылмыстың саны азаймай тұр. Соның салдарынан шаңырақтың шайқалуы, балалардың жетім қалуы, ажырасу сынды жайттар да көп тіркеледі. Әйелге, балаға қол көтеру заңмен жазаланса да, жәбірленушілер аз емес. Жуырда редакциямызға хат жолдап, аты-жөнін көрсетпеуді сұраған жас ана отбасындағы зорлық-зомбылықтан көрген зәбірі туралы айтып берді. 18 жасында сүйіп қосылған жары уақыт өте ішімдікке салынып, қол көтере бастаған. Одан сорақысы анаша шегіп, балаларының өміріне қауіп төндірген. Оған шыдамаған әйел 11 жыл отасқан жұбайымен ажырасуға бел буыпты. Мұндай оқиғалар қоғамда өте көп.
Отбасындағы қылмыс саны азаймай тұр
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, әлемде әрбір бесінші әйел зорлық-зомбылыққа тап болады. Олар үйде, көшеде, жұмыс орнында, мектепте, университетте түрлі зорлыққа ұшырайды екен. Сексуалды мақсаттағы адам саудасының негізгі құрбандары да — әйел адамдар. Соңғы жылдары елімізде әйелдерге қатысты әлімжеттік көрсеткіші артқан.
— Жыл басынан бері облыс бойынша әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетуге қатысты 10 жайт тіркелді. Оның ішінде адам өлтіру немесе қасақана қылмыс жасау деректері де азаймай тұр. Жәбірленушінің шағымына байланысты түскен арыздармен инспекторлар жұмыс жасайды. Олар ішімдікке салынып, отбасы мүшелеріне зәбір көрсететіндердің тәртібін қадағалайды. Осы уақыт ішінде жәбірленуші тараптан 3563 арыз түсіп, құқық қорғау нұсқамасы жасалды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жауапкершілік мәселелері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 10-тарауымен реттеледі. Заңға сәйкес жақындарына әлімжеттік көрсетіп, қол көтерген адамдар отбасы мүшелерімен 3 айдан 6 айға дейін ара-қатынастарын үзеді. Күйеуімен ажырасқан әйелдердің уақытша тұруы үшін дағдарыс орталықтары жұмыс жасайды. Осы жылы дағдарыс орталығына 300-ге жуық жәбірленуші жүгінді. Оның 104-і әйелдер болса, 196-ы — балалар.
Отбасындағы келіспеушіліктер, жанжалдар кезінде зардап шеккен әйелдер көп жағдайда жәбірлеушіні заң бойынша жауапқа тартуға қарсы болады, яғни зәбір беруші жазасыз қалады. Бұл да — тұрмыстық қылмыстардың азаймай отырғанының бір себебі, — деді Ақтөбе облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Ақгүл Қасанғалиева.
Әйеліңді ұрма, балаңды қорға!
Полиция департаментінің дерегі бойынша облыста жыл басынан бері сексуалды бағыттағы 87 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 43 қылмыстық іс салдарынан балалар жапа шекті.
— Қылмыстың басым көпшілігі таныстарының, жақындарының және өгей әкелердің қатысуымен тіркелді. Мәселен, бірде кәмелетке толмаған жасөспірім қызды үйіне жеткізіп салам деген желеумен танысы көлікке отырғызып, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп, зорлық көрсеткен.
Бұрын тұрмыстық қылмыстардың дені жұмыссыздар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар арасында көптеп кездесетін еді. Ал қазіргі уақытта материалдық жағдайы жақсы, үлгілі отбасылар арасында да зорлық-зомбылық деректері жиі тіркелетін болды.
Мұғалімдер мен мемлекеттік қызметте жасайтын ерлі-зайыптылар арасында да тұрмыстық зорлық деректерінің тіркелуі көбейген. Мәселен, жуырда аудан орталықтарының бірінде мектеп директоры әйелін соққыға жығып, денсаулығына зақым келтірген. Бұл іске қатысты әкімшілік-құқықтық қылмыстық іс қозғалып, мектеп директоры қамауға алынды, — деді полиция бөлімінің аға тергеушісі Галина Стырличук.
Тергеушінің сөзіне сүйенсек, зорлыққа ұшыраған қыз баланың болашағын ойлап кейбір ата-аналар болған жайтты жасырып қалады.
Жігіттер де жылайды
Көбіне тек әйелдер ғана тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болады деп ойлаймыз. Ал ер адамның «әйелімнен зорлық көрдім» дегенін естіп пе едіңіз?! Әйелдерінен психологиялық қысым көретін ер адамдар да бар екен. Медиатор Бибігүл Әбдішүкірқызының сөзіне сүйенсек, жуырда №2 қалалық сотында әйелінен зәбір көрген азаматтың арызы бойынша сот отырысы өткен. Үш баланың әкесі әйелінен көрген зорлығын ұзақ уақыт жасырып жүрген. Әйелінен оңбай таяқ жеп, соққыға жығылған жәбірленуші тек қабырғасы сынған соң ғана сотқа ажырасу туралы арыз берген. Қаламыздағы мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс жасайтын әйел адам жұбайына қол көтергенін еш қылмысқа санамайды. Жәбірленушінің әйелі сотта өзін ақтап алу үшін түрлі сылтау айтқан. Тіпті күйеуін соққыға жыққанын мойындамай, істі жәбірленушіге жаппақшы болған. Алайда сотта күйеуінің ажырасу туралы арызы қабылданып, әйел жауапкершілікке тартылды. Балалар әкесінің қамқорлығында қалған. Денсаулығына зақым келген әке емханадан ем алып шықты. Бұл — ашық айтылған қылмыстың бір парасы ғана. Тергеу бөліме жетпей жабулы қазан жабулы күйінде қалғаны да бар шығар?!
Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу
Отбасындағы тұрмыстық зорлық- зомбылықтың жүйелі алдын алу бойынша қоғамдық ұйымдар тарапынан өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға уақытылы көмек көрсету жұмыстары тұрақты жүргізіледі.
Еліміздің барлық аймақтарында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен аналарымызға қолдау көрсету орталықтары бар.
— «Отбасын сақтау» орталығында 2000-нан астам адамға қолдау көрсетілді. Отбасында қысым көрсе де, оны жасыратын аналарымыз өкінішке қарай, өте көп. Әйел байғұс «арада бала бар, баламен қайда барам?», деп зорлыққа көніп жүре береді. Ішімдікке салынып, әйелдеріне қол көтеретін ер адамдардан қорғануына біз моральдық қолдау көрсетеміз, — деді Ақтөбе қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы жөніндегі комиссия мүшесі, отбасын сақтау орталығының кәсіби медиаторы Таңсұлу Лакова.
Отбасынан зәбір көрген әйелдерге облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия тұрақты түрде ақпараттық көмек беріп келеді.
— Қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы онлайн танысып, екі-үш ай өтпестен бас қосқан жастар бір жылға толмай «мінезіміз жараспады» деп ажырасып жатады. Ажырасу мәселесін облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында да талқыладық. Түрлі сала мамандарының пікірлерін тыңдадық. Медиаторларға жүгінген жұптардың өзара бір-бірімен ашық сөйлесе алмайтыны, іштегі ашу-ызаны болдырмау, оның алдын алу жолдарын тіпті іздеуге де тырыспайтыны байқалады. Яғни сол жастың тәрбие алған отбасында өз ойын ашық айту, өзара келіспеушілікті ұрыс-жанжалға жеткізбей, бейбіт жолмен шешу деген дәстүр қалыптаспаған. Оның арты психологиялық күш көрсетуге, зорлық-зомбылыққа әкеледі, — деді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Гүлжан Маханова.
Психолог кеңесі
Тұрмыста орын алған дау-жанжал бала психологиясына кері әсерін тигізбей қоймайды. Үйінде психологиялық қысым көрген бала, мектепте жиі тәртіп бұзатын болады. «Оның себебін тек оқушыдан ғана іздемей, ата-аналарымен жеке әңгіме жүргізілуі тиіс» дейді психолог маман:
— Бүгінде ата-аналар смартфонға телміріп, балаларға жіті көңіл бөлмейді. Отбасындағы кикілжіңнің болуының бір себебі осы.
Мектеп психологы ретінде оқушылардың ата-анасымен тығыз қарым-қатынас жасаймын. Ата-аналармен жеке дидарласып, баласының тәртіп бұзған әрекетке не үшін барғанын анықтауға тырысамын.
Отбасында орын алған кикілжіңдер баланың мектеп үлгеріміне, тәртібіне өз әсерін тигізбей қоймайды. Осы ретте ұстаздар мен ата-аналардың тығыз байланыста жұмыс жасауын қадағалаймын. Тәртіп болған жерде отбасындағы қылмыс та, кикілжің де азаяды, — деді №47 орта мектебінің психологы, педагогика ғылымдарының магистрі Лаура Бердібекова.
Тұрмыстың зорлық-зомбылықтың көпшілігі ер адамдардың ішімдікке сылқия тойып алуынан орын алады екен. Отбасында орын алатын дау-жанжалға олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да әсер етпей қоймайды. Ешкім өмірге қылмыскер болып келмейді. Сондықтан отбасындағы кикілжіңдердің алдын алу үшін отбасылық құндылықтарды көбірек насихаттауымыз керек. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Жұмабике Қалиеваның пікірі:
— Баланың санасына ұлттық құндылықтарды дарытып, салт-дәстүрге, тілге, дінге деген көзқарасты қалыптастыратын да — отбасы. Сондықтан тәрбие беретін ата-ананың өзі саналы, дүниетанымы кең, рухани жағынан бай болғаны абзал. Құр ақыл айтумен баланы тәрбиелей алмайсың. Бала естігенін емес, көргенін істейді. Мысалы, «балам, кітап оқы, телефонды көп қарама, көзіңді құртасың» деп жөн сілтеп, тыйым жасап жатамыз. Ал неге соны өзімізден бастамасқа? Меніңше, ең алдымен, баламыздың бойына дәстүрлі отбасылық құндылықтарды — үлкенді сыйлау, өзгеге ізгілік таныту, неке құру және оны бұзбау, ұрпақ тәрбиелеу, қиындықты жеңе білу секілді қасиеттерді сөзімізбен де, ісімізбен де дарыта алсақ, ата-аналық міндетті абыроймен атқарғанымыз. Отбасылық құндылықтарды сақтау үшін салт-дәстүрлерімізді берік ұстанумыз керек, — дейді Жұмабике Қалиева.
Жоғарыда өз ойын білдірген мамандардың пікіріне сүйенсек, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алып, некені сақтап қалатын отбасылық институттардың санын арттыру керек.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



