Жаңалықтар

Ақтөбенің бас жоспары мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе қаласын дамытудың жаңа бас жоспары қаралды. Жиынға еліміздің ең мықты жобалаушылары мен сәулетшілері, бірқатар мемлекеттік орган басшылары қатысты.

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров,«Урбостиль» жобалық-қала құрылысы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Любовь Нысанбаевабаяндама жасады.

Бас жоспарда облыс орталығын дамытудың 2050 жылға дейінгі негізгі қағидатты бағыттары белгіленген. 2050 жылға қарай Ақтөбе Қазақстанның 950 мың адам тұратын ірі мегаполисі болады деп болжанып отыр.

«950 мың адам — есептеудің ең қарапайым әдісі бойынша шыққан көрсеткіш. Бас жоспарда қарқынды өсіп келе жатқан қаланың барлық қажеттілігі ескеріледі және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беріледі. Барлық мәліметтер мен есептеулер қалалық және облыстық қызметтер тарапынан келісілген. Қазіргі таңда бас жоспар мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр»,—  деді Любовь Нысанбаева.

Облыс әкімі талқыланып жатқан құжаттың және оны іске асырудың маңыздылығын алға тартты.

«Тез арада шешуді талап ететін негізгі мәселе — қолданыстағы газ тарату желілерінің жоғары жүктемесінен туындаған газ тапшылығын жою. Газ көлемі жеткіліксіз болса, қала дамымайды»,— деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Осы мәселені шешу мақсатында қазіргі уақытта «Бұқара-Орал» магистралды газ құбырынан бөлінетін газ құбырының үшінші желісін салу жөніндегі жобаны қаржыландыру мәселелері қаралып жатыр.

Сондай-ақ қаланы абаттандыруға қатысты мәселелер әлі де басымдыққа ие. Атап айтқанда, облыс басшысы қала әкімдігіне аумақтарды санитарлық тазарту, көшелерді жарықтандыру, қоғамдық көліктің аялдама павильондарын орнату және тағы да басқа іс-шараларды күшейтуді міндеттеді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button