Жаңалықтар

Рухани азық бәрімізге керек

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ,

«Ақтөбе»

Ойтүрткі

«Мұғалімі қандай болса — мектебі де сондай болмақ». Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың осы қанатты сөзінен ұлт болашағын тәрбиелеудегі педагогтің рөлін, мұғалімге жүктелген жауапкершілік жүгінің ауыр екенін түсінеміз. «… Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек…». Бұл да сол  Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың даналығы.  Сол нақыл сөз қазір де ескірген жоқ.

Дегенмен соңғы жылдары сол қадірлі мамандық иелерін, тіпті жалпы оқырманды рухани серігінен айыруды мақсат еткен, пиғылы бөлек, түсінігі басқаша пысықайлар көбейіп кетті. Одан бөлек кейбіреулер ойлап тапқан «баспасөзге жазылуға үгіттеуге болмайды» деген жазылмаған заң пайда болды. Мұның түп-тамыры қайдан шықты десек, білгіштер осыдан 2 жыл бұрын күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» Заңды алға тартады. Аталған заңнаманың 6-бап (Педагогтің кәсіптік қызметін қамтамасыз ету) 2-тармағының 4-тармақшасында: «Оған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмейді», — деп көрсетілген. Ұрандатушылар осыны желеу етіп жүр. Бұл тармақшаның «тәпсірі» — басылымға үгіттеп жаздыруға болмайды. Мұндағы тауарлар дегеніміз газет-журналдар болып шықты. Әйтпесе 21 баптан тұратын заңнамада педагог газет-журнал оқымасын деген талап жоқ.

Сонда педагогтер рухани азықтан саналы түрде бас тартса, ұрпақ қайтпек? Олар тәрбиелеп жатқан ел ертеңі, болашағымыз қандай болмақ? Сөзіміздің әлқиссасын ұлт зиялысының нақылынан бастауымыздың төркіні осында. Өзі рухани жағынан толыспаған мамандық иесін қалайша педагог, ұстаз деп дәріптейміз? Өсер елдің педагогі мәңгі бақи ізденуші, зерттеуші болмай ма?..

Заңдағы қарама-қайшылық: «Педагог кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде ғылыми, зерттеу, шығармашылық, эксперименттік қызметті жүзеге асыруға, педагогтік практикаға жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізуге (7-бап, 1-тармақ, 5-тармақша); тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптары сақталған кезде шығармашылық бастамаға, оқыту мен тәрбиелеудің авторлық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеуге және қолдануға, оқыту мен тәрбиелеудің жаңа, неғұрлым жетілдірілген әдістерін дамытуға және таратуға (7-бап, 1-тармағының 6-тармақшасы) құқылы екені көрсетілген. Газет-журналдарды оқымайтын, өзін дамытпаған жан ғылыми, зерттеу, шығармашылық, эксперименттік қызметті қайтіп енгізбек? Оқыту мен тәрбиелеудің жаңа, неғұрлым жетілдірілген әдістерін дамытуға және таратуға қайтіп ерік-жігері жетпек?

Ұлт жанашырлары, зиялылар, ағартушылар халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жақсылыққа үгіттеп, тәрбиелейді емес пе? «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға» ұмтылған Сұлтанмахмұт, қазақты ояту үшін шырылдаған Міржақып, ұлтты ағартуға өмірін арнаған Ахметтердің жанайқайын ел газет бетінен оқымап па еді?

Тұтас ұлтты тәрбиелеудің құралы — қазіргі шенеунік қорқатын әлеуметтік желі «батырлары» емес, шындықты жазатын, әділдікті айтатын жұртқа жанашыр бұқаралық ақпарат құралдары.

Қорқытып, үркітіп, мәжбүрлеп жаздыруға біз де қарсымыз. Елдің жаңалығын жариялап, ұлттың сөзін сөйлейтін арлы басылымға өзін зиялы санайтын мұғалім, жұртын сүйетін дәрігер, ділі мен тілін ардақтайтын барша қазақ өз еркімен жазылуға тиіс. Ұлт болашағына бейжай қарамайтын бар адам осылай ойлайды деп сенеміз.

… Осындайда бұрынғының мұғалімдері ойға оралады. Олардың қай-қайсысы да газет-журналдарды көптеп жаздырып алатын. Елдегі, әлемдегі жаңалықтарды, саяси оқиғалары алақандағыдай біліп, айналасына таратып отыратын.

Ал сондай ұстаздардан тәлім алған талай шәкірттер биіктерге өрледі, ғылым, білім,  өндіріс саласында ірі жетістіктерге қол жеткізді.

Енді газет-журнал оқымайтын мұғалімдердің деңгейін бағамдап қарап көріңіз. Ондай ұстаздардан үлгі алған шәкірттер ше?

… Ойлаудың өзі қорқынышты…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button