Жаңалықтар

Оқырман үшін көңілді кеш

Ымырттағы кітапхана

Оқырманның кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында кітапханалар танымдық сағаттар, әдеби кештер, поэзиялық батлдар жиі ұйымдастырып келеді.  Осы ретте «Ымырттағы кітапхана» әлеуметтік-мәдени іс-шарасы кезекті рет өткізілді.

«Ымырттағы кітапхана» әлеуметтік-мәдени шарасы аясында С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы «Оқы, ойла, өзіңді жетілдір» коучингiн өткiздi. Коучинг барысында оқырманның жан-жақты дамуына арналған тренинг, қызықты, танымдық трансформативтi ойындар ұйымдастырылды.

Психологиялық тренингтi техника ғылымдарының докторы, көпбалалы ана, психолог, медиатор Бибігүл Қалел жүргiзсе, көпшiлiк қызығушылық танытатын трансформациялық ойынды практик, психолог, педагогика ғылымдарының магистрі Сәндігүл Байдуашова өткізді. Сонымен қатар отбасылық психолог Нұргүл Иманғазина оқырманға ерекше әсер ететін коуч ойынын ойнатты.

Мәдени іс-шараға М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің, студенттері Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің оқытушылары және кiтапханашылар қатысты.

Рухани демалыс сыйлайтын әдемі кеште болашақ дәрiгерлер Әділет Ноғаев, Айшагүл Меңдіғалиева, Нұрғали Сарбаев қазақ күйлерінен попурри орындады. Сонымен қатар С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының кітапханашылары Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай «Жүректен маржан іздеген» атты әдеби сағатын өткізді. Әдеби сағат барысында өлеңдер оқылып, викториналық сұрақтар қойылды. Сондай-ақ кітапханашылар оқырмандар арасында «Kahoot», «Кім тапқыр», «Әуенді тап», «Мен жазған алғашқы әңгіме» сынды зияткерлік ойындар ұйымдастырып, кіл мықтыны анықтады.

Алдағы уақытта «Ымыртта кітапхана» іс-шарасы әр аптаның жұма күндері тұрақты түрде өткізіліп, оқырман үшін ерекше форматта қызықты ойындар мен тренингтер, әдеби кештер мен библиоперфоманстар ұйымдастырылатын болады.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button