Жаңалықтар

Жемқорлардан тәркіленген қаржыға Құмжарған мектебі салынады

Өзекті

Біздің өңірде жемқорлардан тәркіленген қаражатқа мектеп құрылысы салынады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі Жолдауында Үкіметке жемқорлар сотталғанда олардың заңсыз тапқан қаржысы  мемлекет иелігіне беріліп, тиісті қаражатты мектеп құрылысына жұмсауды міндеттеген болатын. Соның арқасында құрылысы бұдан төрт жыл бұрын басталған, облыстық «Ақтөбе» газеті әлсін-әлсін мәселе етіп көтерген Мұғалжар ауданындағы Құмжарған мектебінің құрылысы («Мектеп құрылыстары неге кешіктіріліп жатыр?» 17 қазан 2019, «Құмжарған мектебінің «жыры» қашан бітеді?» 10 ақпан 2022, «Апатты және үш ауысымды мектептер азая ма?» 19 мамыр 2022) жыл аяғына дейін аяқталатын болды. Бұл туралы облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалымен өткен құқықбұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық отырыста айтылды.

Шарада сөз алған облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Дәурен Ерғариннің айтуынша, жыл басталғалы бері сыбайлас жемқорлық санатындағы 109 қылмыстық іс қозғалып, 51 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық істер бойынша өндірілген қаражат көлемі — 197 миллион теңге.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін бар мүмкіндік жасалатынын айтты. Сондай-ақ апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін нықтап тапсырған болатын. Құмжарған ауылындағы мектеп құрылысы 2017 жылы басталған-ды. Жоспар бойынша жоба 2018 жылы аяқталуы тиіс-тін. Дегенмен жаңа мектептің құрылысы бірнеше жылдан бері тоқтап тұр. Жемқорлардан тәркіленген қаражатты аталған нысан құрылысын аяқтау мақсатында жұмсау туралы шешім қабылданды. Осы ретте нақты жұмыстар жүргізген облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне алғыс айтқым келеді, — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Айта кету керек, апатты жағдайдағы Құмжарған мектебінің ғимараты 1979 жылы салынған. 2017 жылы нысанның апатты жағдайда екені анықталды. Төбесі ойылып, ортасына түсудің аз-ақ алдында тұрған бөлмелер де бар. Жобаға жауапты мердігер мекеме «Сауран Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысты аяқсыз қалдырды. Сонша жыл бойы тоқтап қалған құрылыс зәулім мектеп те емес, небары 60-ақ орындық шағын ғана білім шаңырағының ғимараты. Құмжарғандағы мектеп құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл мақсатта жемқорлардан тәркіленген 150 миллион теңге жұмсалады.

Жиында облыс әкімі Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының бұқаралық және балалар спортын насихаттау міндетін қойғаны туралы айтты. Өтелген ақшалай қаражаттың бір бөлігі Ақтөбе қаласының аумағында ірі workout алаңдарын салу үшін пайдаланылады.

Отырыс барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері де талқыланды. 2022 жылдың 10 айында облыс аумағында 324 есірткі қылмысы тіркеліп, екі есірткі зертханасы анықталды, 91 келіден астам есірткі тәркіленген. Бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің бірі — синтетикалық есірткілердің таралуы. Олар барлық әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде ашықтан-ашық сатылып жатыр. Осыған байланысты құқық қорғау органдары интернет ресурстарды тұрақты мониторингтеу үшін арнайы топ құрды. 57 сайт пен телеграм арналар бұғаттауға жіберілді.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов нашақорлықпен күресте қоғамның қолдауы аса қажет екенін алға тартты.

Бұл мәселе әрқайсысымызға әсер етуі мүмкін. Қоғамның әрбір мүшесі осы тақырыпта туыстарымен әңгімелесіп, әсіресе балалар мен жастар арасында салауатты өмір салтын белсенді түрде насихаттауға тиіс. Жергілікті атқарушы органдарға нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі жұмысты күшейтуді, оны құқық қорғау органдарымен, қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, тұрақты түрде жүргізуді тапсырамын, — деді Ералы Тоғжанов.

Өңір басшысы есірткіге қарсы күрес органдарын материалдық және техникалық  қолдау мәселелері қосымша қаралатынын айтты. Сонымен қатар ойын-сауық орындарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қаланың түнгі клубтарының барлық бейнекамераларын полиция департаментінің жедел басқару орталығына шығару және мұндай объектілерді тек лицензияланған күзет субъектілерімен қорғауды қамтамасыз ету туралы тапсырма берді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button