Жаңалықтар

Дер кезінде қолға алынған жоба

«Ауыл аманаты» — ауыл шаруашылығын дамытуға, тұрғындар табысын еселеуге, өңірдегі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға, жастарды еңбекке баулып, тұрғындарды жұмысқа тартуға бағытталған жоба. Осы бірегей жоба сәрсенбі күні Ақтөбе облысында басталған болатын. Ақтөбе қаласында дүйім жұрттың басын қосқан жиын өтіп, осы жобаның жүзеге асуына қол ұшын созған іргелі шаруашылықтар мен ауыл кәсіпкерлеріне облыс әкімі Ералы Тоғжанов зор ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Солардың бірі жастайынан еңбекке араласып, көп жылдардан бері өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға атсалысып жүрген Алға ауданының Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылындағы «Реймқұл» шаруа қожалығының басшысы Самат Қалдығұлов.

— Облыс әкімінің ауыл шаруашылығын өркендетуге арналған «Ауыл аманаты» жобасын қолдаймын. Мемлекет басшысы Жолдауында: «Ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті — елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету», — деп атап айтқан болатын. Осы орайда аталған жобаның дер кезінде қолға алынып жатқанына қуаныштымын. «Ауыл — ел бесігі», ал ауыл шаруашылығы — ел экономикасының негізгі үлкен саласы. Елді мекендерде шаруашылық басында мал соңында жүргенімен, әлі де өз жолын тауып, жетістікке жете алмай жүргендер бар. «Ауыл аманаты» жобасы сондай жандарға үлкен мүмкіндік бергелі тұр. Жоба қатысушыларына ел тарихында бірінші рет ауылдағы үйді кепілге алып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие берілетін болды. Әрине, бұның қайтарымы бар. Мәселен, кешегі форум аясында аудан әкімі, «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдым. Мақсат — аталған жобаны қолдау. Дәл қазір жұмысы жоқ, бірақ мал баққысы келетін адамдарға қожалығымдағы 300 ірі қараны беруге дайындап отырмын. Бұл жоба еңбекке баулу, жұмысқа тарту тұрғысынан тиімді. Көп адамдар не істерге білмей жүр.  Осы тұрғыдан келгенде жұмыссыздықты жоятын жоба деуге де болады, — дейді Самат Қалдығұлов.

1997 жылы құрылған «Реймқұл» шаруа қожалығында бүгінде үш мыңға жуық ірі қара, мыңнан астам жылқы, үш мыңның үстінде қой бар. Қожалық иесі Самат Қалдығұлов — Амангелді ауылының патриоты. Кезінде «Ауыл қамқоршысы» жобасына қатысып, өз қаражатына ауылдастарына Мәдениет үйін салып бергенін ел біледі. Бүгінде Амангелді ауылындағы 50-60 үйдің бәрі де көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ауылдастарының айтуынша, кәсіпкер ауылдағы әр үйге ауызсу құбырын кіргізіп берген. Амангелді ауылының гүлденіп, көркеюіне атсалысып жүрген азамат Самат Қалдығұлов жастарды жұмсап, еңбекке ерте жастан тәрбиелеу қажеттігін айтады. Өзінің еңбекке епті екі ұл мен бір қызы бүгінде ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүргенін де тілге тиек етті.

Біздің дерек

«Ауыл аманаты» жобасына 12 аудандағы 24 ауылдық округтің 42,4 мың тұрғыны қатысады. Олардың жартысынан көбі — экономикалық тұрғыдан белсенді.

747-сі — жұмыссыз боп тіркелгендер. 5 мыңнан астамы — өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар және олар тұрақты табыс таппайтындар. 151 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.

Жоба қатысушылары арасында шағын ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Анықталғандай, 2772 жоба құс шаруашылығы, өсімдік шаруашылығын дамытуға, кооператив жабдықтауға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және тағам өндірісі бойынша шағын және орта бизнес нысандарын ашуға, дамытуға арналмақ.

 

Айтпақшы, алдын ала жүргізілген скрининг қорытындысына сүйеніп жасалған сала сарапшыларының болжамына сенсек, «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылатын болса, елді мекендердегі жұмыссыздық деңгейі 41,4 пайызға түсіп, атаулы әлеуметтік көмек алатын 885 отбасы 449-ға дейін азаяды, ал өңірдегі бір отбасының орташа табысы 172 мың теңгеден екі есеге көбеймек.

Жоба қатысушыларына ел тарихында бірінші рет ауылдағы үйді кепілге қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік беріліп отыр. Мұнда жалпы несие мерзімінің бірінші бөлігінде несиелік каникул да қарастырылған.

Тағы бір артықшылығы, егер жеке қосалқы шаруашылығы, яғни бір отбасы кооператив құрамына құрылтайшы ретінде кіретін болса, бұл оларға ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін 50 пайызға дейін субсидия алуға мүмкіндік береді.

 

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button