Жаңалықтар

Айыппұл көлемі — 1,6 миллиард теңге

Экология

Біздің өңірде тау-кен, металлургия, химия және мұнай өндіру салаларының ірі кәсіпорындары шоғырланған.  Бұл экономикамен қатар өңірдің экологиясына да әсер етпей қоймайды.

Өткен жылы қоршаған ортаға 180 мың тонна зиянды зат шығарылған, биылғы жылдың бастапқы 6 айы бойынша бұл көрсеткіш — 80 мың тонна. Шығарылған қалдықтар көлемі жөнінен, өкінішке қарай, біздің облыс республикадағы ең ластанған бес өңірдің бірі болып отыр.

Бұл жөнінде кеше облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұснадиннің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Жиын өңірлік коммуникациялар қызметінде өтті.

Биыл жыл басынан бері аталған департамент тарапынан облыстағы кәсіпорын, мекемелерге 70-тен астам тексеру жүргізіліп, табиғатты, ауаны ластайтын деректер бойынша заңбұзушылықтарды жою туралы 113 ұйғарым жолданған. Тексерулер қорытындысында жалпы сомасы 1,6 миллиард теңге болатын 200-ден астам әкімшілік айыппұл салынған.

Жиында айтылғандай, Ақтөбе қаласындағы кәріз-тазалау жүйесін қайта жаңарту және жаңғырту жұмыстары 2025 жылға дейін аяқталуы тиіс. Бұл атмосфераның күкіртсутегімен ластану көрсеткішін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.  Қазіргі күні арнайы препаратты қолдану арқылы күкіртсутек концентрациясы 13 пайызға дейін азайтылып отыр.

Ауаны ластайтын екінші көз — Ақтөбе ферроқорытпа зауытында да бірқатар оң өзгеріс бар. Мысалы, биылғы бастапқы 6 айда  900 электр сүзгі ауыстырылған, т.б.

Қазір экологтар зауытта жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатыр.

Елек өзенінің алты валентті хроммен ластануы — облыс экологиясындағы өзекті мәселелердің бірі. Бұл — 1957 жылы Ақтөбе хром қосындылары зауыты іске қосылғаннан бері келе жатқан мәселе. Дегенмен өзеннің алты валентті хроммен ластануына байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Тек былтыр бұл мәселе бойынша 96,5 миллион теңге қаражат бөлініп, зерттеу жұмыстары қолға алынған болатын. Бұл жұмыстар биыл жыл соңына дейін аяқталады деп күтіліп отыр.

Сондай-ақ ғарыштық түсірілімдер арқылы қазір облыста 253 жер учаскесінде заңсыз қалдықтар орналасқаны анықталды. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша 104 учаске қалдықтардан тазартылған. Сондай-ақ эколог мамандардың тексеруі нәтижесінде 800 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.

Заңсыз қалдықтар тасталған орындарды анықтау және тазалау жұмыстары жалғаса береді.

Жиында «Көкжиде» жерасты суларының бірегей кен орнын сақтау мақсатындағы іс-шаралар жоспары жайлы да сөз болды. Айта кетсек, мұнда жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысын кезең-кезеңімен тоқтату кестесі әзірленіп жатыр.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button