Жаңалықтар

Мемлекеттік тіл және атаулар

Брифинг

Облыста мемлекеттік тілді әртүрлі деңгейде білетіндердің үлесі 95 пайыз. Бұл жөнінде облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маржан Жанасова өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте айтты.

Облыс әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу көрсеткіші осы жылы 99 пайызға жеткен. Мекемелердің ресми сайттарына, әлеуметтік желілеріне және мекеме маңдайшаларындағы атауларға мониторинг жүргізген. Тілдерді дамыту басқармасы анықталған кемшіліктерді жою мақсатында мекемелердің өздеріне қызметтік хат жолдады.

Сонымен қатар көшедегі көрнекі ақпарат мәселесі бойынша мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 4680 жарнама мәтіні заң талаптарына сай жөнделді. Қаламыздағы жарнама агенттіктеріне әдістемелік қолдау көрсетіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Маржан Жанасованың айтуынша, автобус аялдамаларының атаулары арасында мән-мағынасыздары кездеседі. Оларды құлаққа жағымды немесе сол жердегі кәсіпкерлік нысандарының атауымен өзгертуі жөнінде қала әкімдігіне хат жолдаған. Облыстағы елді мекендер мен көшелердің 32,2 пайызы тарихи тұлғалар есімдерімен аталады. Қала бойынша атауы жоқ бес көшеге, 11 тұрғын үй алабына, атауы қайталанған 5 көшеге жыл басында жаңа атау берілген.

— Былтыр Нұр Ақтөбе ауданының атауы — Есет батыр, Батыс-3 шағын ауданы Ұлы дала болып өзгертілген еді. Алдағы уақытта Батыс-1, Батыс-2 аудандарына Алтын орда деген ортақ атау берілетін болады. Сонымен қатар бірқатар мектептерге қазақтың ұлы тұлғаларының есімдері берілді, — дейді Маржан Жанасова.

Басқарманың негізгі бағыттарының бірі — қазақ тілін үйренгісі келетін тұрғындарға мемлекеттік қолдау көрсету. Қазіргі таңда тіл курстары Ақтөбе қаласымен қатар, Мәртөк, Қарғалы, Хромтау аудандарында жұмыс жасайды. Осыған дейін 1281 адам тіл оқыту орталығына жүгінген. Оның ішінде төтенше жағдайлар қызметкерлері, құқық қорғау саласы, шекарашылар, ассамблея өкілдері бар. Тіл үйренушілердің 39 пайызы — өзге ұлт өкілдері. Осы жылдан бастап орталықта этнос өкілдері мемлекеттік тілмен қатар, кәріс, украин, татар тілдерін оқи алады.

 Насиба ЗАРЛЫҚОВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button