Жаңалықтар

Тұтынушылар құқығы қорғалуы тиіс

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова сайлаушылармен кездесу үшін Алматыға келді. Ол тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кездесу өткізді.

«Егер әрбір азамат сапалы тауарлар мен қызметтерді тұтыну кезінде өз құқығын қорғайтын болса, нәтижесінде тікелей немесе жанама түрде бизнесмендер арасында дұрыс бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді. Іріктеліп, тек үздіктері қалады», — дейді Салтанат Тұрсынбекова.

Қазақстандықтардың 35 пайызы тұтынушы құқығы бұзылса, ешқайда жүгінбейді. Мұндай нәтижелерді Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің 2017 жылғы әлеуметтік сауалнамасы көрсетті.

«Сауда орталықтарына, дүкендерге, базарларға, тамақтану орындарына барамыз. Осы мәселелерде тұтынушы ретінде құқықтарымыз қаншалықты қорғалған? Тауар бүлінсе, қызмет толық көлемде, өз уақытында көрсетілмесе ше? Қазақстанда осы бойынша арнайы тұтынушылардың құқығын қорғайтын заң қабылданған, бірақ оның барын қарапайым азаматтар біле бермейді. Көпшілік өз құқықтарының қалай қорғалатынын, кәсіпкермен жанжал туындаған жағдайда қайда жүгінетінін білмейді», —  деді С.Тұрсынбекова.

Ол ретте бизнестің де мүддесін ескеру маңызды екенін атап өтті.

Еске салайық, 26 қазанда кандидат сайлау науқаны аясында аймақтарды аралай бастады.  Ол Қарағанды, Ақмола облыстарында, Шымкент және Түркістан қалаларында болды.

А.СЕРІК.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button