Жаңалықтар

Мұғалжарлықтармен кездесті

ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі облыстық қоғамдық штабтың мүшелері Мұғалжар ауданына барды.
Штаб мүшелері алдымен Ақкемер ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде облыстық қоғамдық штабтың басшысы Ербол Данағұлов Президенттің бағдарламасымен таныстырды. Бұдан кейін штаб мүшелері Қандыағаш қаласының тұрғындарымен кездесіп, кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттарға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

— Мен көп жылдық тәжірибем бар дәрігермін. Менің көз алдымда облыстың бүкіл денсаулық сақтау жүйесі салынды. Бір кездері облыс орталықтарында аурухана да болмаған. Қазір әрбір ауданда аурухана, дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік пункттер бар. Олар заманауи қондырғылармен жабдықталған. Біртіндеп кадр тапшылығы мәселесі де жойылып келеді. Елімізде бірегей, күрделі операциялар жасала бастады, бұл жергілікті дәрігерлердің жоғары кәсіби шеберлігін айғақтайды. Қазір денсаулық сақтау жүйесіне үлкен көңіл бөлінуде, – деді «Шапағат» ауруханасының бас дәрігері Аманжол Адаев кездесуде.
Одан әрі штабтың мүшелері Қандыағаш қаласының тұрғыны, 3-топ мүгедегі, 18 жастағы Ұлболсын Ахметованың үйіне барды. Мүмкіндігі шектеулі болса да, бүгінде тігіншілікпен айналысып жүрген жас қыз алдағы уақытта ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша жағдай жасалса деген тілегін жеткізді.
Қандыағаштағы жедел локомотив депосының қызметкерлерімен өткен кездесуде облыстық штабтың басшысы Ербол Данағұлов пен штаб мүшелері Алмагүл Бекенова, Қайрат Сабыр, Жеңіскүл Мұхамбетпайызова, Әсия Құлдыбаевалар шағын қалалар мен ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағытындағы іс-шараларды айтты. Жиында Қайрат Сабыр денсаулық сақтау мәселелеріне назар аударды.
Қандыағаш-Тобыл арасында жүк тасымалдайтын локоматив депосы ауданда 2006 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Онда қазір 649 адам жұмысшы бар. Жүк тасымалдайтын аумаққа облыстағы Никельтау, Әйтеке би елді мекендері кіреді.

Облыстық қоғамдық штабтың баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button