Сайлау заңнамасы түсіндірілді
Ақтөбеге арнайы келген «Адал сайлау үшін» штабының мүшесі, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестіктің атқарушы директоры Әбдікәрім Ақжанов бірқатар мекеме ұжымдарымен кездесті.
Әуелі С.Бәйішев университетінің мәжіліс залында оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы, студенттерінің қатысуымен «Сайлау құқығы мен процесінің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Университеттің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Phd докторы Ольга Лыгина кіріспе сөз сөйлеп, шара модераторы — оқытушы, заң ғылымдарының кандидаты Ирина Телибекова ұжыммен кездесуге арнайы келген «Адал сайлау үшін» штабының мүшесі, заңгер Әбдікәрім Ақжановты таныстыру мақсатында қатысушылар назарына бейнеролик ұсынды.
Әбдікәрім Ақжанов ел Президентінің кезектен тыс сайлауы туралы әңгімелеп, сайлау заңнамасын түсіндірді.
— Өткен айда Қазақстан Заңгерлер одағында «Адал сайлау үшін» штабын құрғанбыз. Штаб құрамында барлығы жеті адам бар. Біздің басты мақсат — халыққа сайлау заңнамаларын түсіндіру. Сайлауға қатысу — осы елде тұрып жатқан әр тұрғынның азаматтық міндеті. Бәріңізді 20 қарашада елімізде кезектен тыс өтетін Президент сайлауына қатысуға шақырамын. Ел болашағына алаңдайтын әр азамат қоғамдық-саяси шарадан қалыс қалмай, өз таңдауын жасауы керек, — деді Әбдікәрім Ақжанов.
С.Бәйішев университетінің «Құқық және жалпы білім беру пәндері» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Асылбек Қуанов Республика күнінің құқықтық және тарихи маңыздылығына тоқталды. Университеттің екінші курс студенті Еркебұлан Үргенішбаев Президент сайлауының құқықтық реттелуі туралы баяндаса, төртінші курстың бір топ студенті заң кеңесшілерінің құқықтық мәртебесі туралы пікірлерін айтты.
Түстен кейін «Адал сайлау үшін» штабының мүшесі «Рамазан» ЖШС ұжымымен кездесті.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.