Мемлекеттік қызметтегі оң өзгерістер

Еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесі тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бері дамудың бірнеше кезеңдерінен өтті. Әрбір кезеңнің өз басымдықтары мен ерекшеліктері болды. Конституциямызда мемлекеттік құрылым мен басқару нысаны айқындалып, билік тармақтарының құрылымы анықталды, азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізу құқығына алғаш рет кепілдік беріліп, ресми қолданысқа «мемлекеттік қызмет» деген термин енгізілді.
1995 жылғы 26 желтоқсанда осы саланы реттейтін бірінші арнайы нормативтік құқықтық акт «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң күші бар Жарлық қабылданды. Осы тұста мемлекеттік қызметтің қағидаттарын, мемлекеттік лауазымдар иерархиясын белгілеуге, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесі мен әлеуметтік кепілдіктерін анықтауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер енгізуге мүмкіндік берілді.
Мемлекеттік басқару жүйесін іске асыру мен дамыту мақсатында аталған Жарлықпен 1998 жылы еліміздің Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін дербес уәкілетті мемлекеттік орган — Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды. Оған мемлекеттік қызмет заңнамасы мен жүйесін жетілдіру, оның қызметкерлерінің еңбегін ұйымдастыру, мемлекеттік аппарат кадрларының жай-күйін мониторингілеу мен оны оқыту, еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың сақталуын бақылау сияқты қызметтер мен өкілеттіктер берілді.
1999 жылғы 23 маусымда қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң мен Агенттіктің нормативтік актілері негізінде мемлекеттік қызметшілер корпусы саяси және әкімшілік болып бөлінді, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің біліктілік талаптары айқындалып, оларды аттестаттау, азаматтарды іріктеудің конкурстық жүйесі және олардың заңнаманы білуіне электрондық тестілеу енгізілді, мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарттары бекітілді. Кейін осы институт одан әрі жетілдіріліп, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің «А» және «Б» корпустары құрылды.
Бүгінде мемлекеттік қызметке орналасу төменгі лауазымдардан басталып, ал мансаптық сатымен ілгерілеу меритократия қағидаты бойынша қызметшілердің білімі мен төменгі лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Биыл облыстың мемлекеттік органдарында ішкі конкурсқа қатысушы мемлекеттік қызметшілердің 64,1 пайызы меритократия қағидатымен жоғарылатылды.
Бүгінде қызметшілер мемлекеттік қызметке кіру кезінде тестілеу, құзыреттілікті бағалау және әңгімелесу сияқты үш сатылы іріктеуден өтуі қажет. Мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған тұлғаларға сынақ мерзімі енгізіліп, олардың кәсіби бейімделуі үшін тәлімгерлік институты бекітіледі.
Соңғы жылдары мемлекеттік органдағы кадрлық іс-қағаздарды электронды түрде бір жүйеге орталықтандыру және оңтайландыру мақсатында «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу рәсімдерінің ашықтығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін байқаушылар мен сарапшылар институты енгізіліп, қашықтан әңгімелесуге қатысу мүмкіндігі берілді.
Қазір бұл саладағы меритократияны сақтауда және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуде қызметшілердің әдеп стандарттарын айқындаған Әдеп кодексі бар.
Бұған дейін елімізде Әдеп жөніндегі уәкіл институтын енгізу мен Әдеп жөніндегі кеңестер арқылы әдеп нормаларының сақталуын бақылау жүйесі қалыптасты. 2019 жылы қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігін қарастыру институты да енгізілді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Президенттік жастар кадрлық резервін құрды. Бүгінде бұл жоба аясында республика бойынша 350 жас таңдап алынып, олардың көп бөлігі мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторларда абыройлы еңбек етіп жүр. Олардың қатарында ақтөбелік жастар да бар.
Сондай-ақ облыста «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметшілерге түрлі қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, Ойыл, Әйтеке би, Хромтау, Мәртөк, Ырғыз, Темір, Қарғалы аудандарының ауылдық округтерінде 16 мемлекеттік қызметші аталған әлеуметтік қолдауға ие болып отыр.
Мемлекеттік қызмет — үлкен жауапкершілікті, тиянақтылықты, біліктілікті қажет ететін сала. Осы орайда бұл саладағы конкурстық процедуралар да оңтайландырылып келеді. Мысалы, бүгінде үш сатыдан тұратын конкурс екі сатыға дейін қысқартылды. Сонымен қатар «А» корпусының кадрлық резерві жойылып, Президенттің шешімімен жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға біліктілік талаптары бекітілді. Оған қоса мемлекеттік орган ішінде мемлекеттік қызметшінің тең дәрежелі лауазымға немесе осы мемлекеттік органда кемінде соңғы екі жыл төмен тұрған лауазымды атқарған жағдайда, жоғары тұрған лауазымға конкурс өткізілместен, ауысу тәртібімен орналасуына мүмкіндік берілді.
Осыған дейін бос лауазымдарға орналасу тек конкурс арқылы жүзеге асырылған болатын. Бұл жаңашылдық өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуіне зор мүмкіндік туғызып отыр.
Талант МЕДЕТ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша
департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.



