«Шалқар» газеті: 90 жылғы тарих

Қазіргі «Шалқар» газетінің тарихы отызыншы жылдардың басындағы «Социализм туынан»бастауалады. Бұл – 1932 жылғы 20 тамыз еді. Газеттің алғашқы саны қалың сарғыш қағазға латын алфавитімен басылып шықты.
Алғашқы редактор — Әбиболла Биекенов. Бірінші әріп терген Сәмен Ахметов, баспашы Қайып Сәлпенов деген кісілер екен.
«Социализм туы» газетінің бастапқы таралымы — 600 дана. Газеттің жұмысшылардан, ауыл еңбеккерлерінен 55 адамдай тілшілері болған. Алғашқы қалам ұстаған тілшілер қатарында Жұбан Мырзабаев, Нұртай Бисенбин, Орынбай Өтемәмбетов, Омар Батыров есімдері аталады.
Шежіреші журналист Тілеужан Шойғарин 1972 жылы аудандық газетке жариялаған «Газет өткен жол» деген мақаласында «Социализм туы» газетінің тілшісі, Талдықұм бастауыш мектебінің мұғалімі Ідіріс Үргенішбаев неміс-фашист басқыншыларына қарсы жанқиярлықпен күрескені үшін Совет Одағының Батыры атағына ие болды» деп жазады.
1963 жылданбастап «Социализм туы» газеті «Коммунизм таңы» болыпшығабастады. Бұл кезеңде аудандық газеттің көлемі ұлғайып, аптасына үш рет шығатын болды.
Газеттің алғашқы редакторы Әбиболла Биекенов соғыстан кейінгі жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Сотының төрағасы болып сайланады.
Кезінде «Шалқардың тірі шежіресі» атанған, аудандық газетте 43 жыл жұмыс істеген Тілеужан Шойғарин ұзақ жыл «Социализм туы» газетінің редакторы болды. Ол1959 жылы Мәскеуде өткен КСРО Журналистерінің І құрылтай съезіне делегат болып қатысқан. Аудандық газет редакциясы жанынан әдеби бірлестік құрып, сол кездегі жас қаламгерлер Үмбетбай Уайдин, Қалқа Бисеналина, Болат Теміров, Әбдіқани Аймағанбетов, Нағашыбай Ердәулетов, Зиядин Әбдуәлиев, Төрежан Мәндібаевтарды өз төңірегіне топтастырады.
Шалқар аудандық газетін 30 жылға жуық басқарған Тауман Төрехановтың баспасөз саласындағы ұзақ жылғы еңбегі жоғары бағаланып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасымен, Қазақ КСР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер атағымен, КСРО баспасөзінің үздігі белгісімен марапатталды.
Тауман аға тоқсан жастың төріне шықса да қаламын тастаған жоқ. Ақтөбе, Шалқар өңірі, оның азаматтары туралы «Көз көргендер еді», «Қанмен жазылған тағдырлар», «Ғасыр қасіреті», «Зердесінде ұрпақтың», «Жұмақ елі», «Жазбады-ау демесін», «Кісенделген дала», «Адам әлемі» және «Тарихтың қанды іздері», т.б. кітаптарды дүниеге әкелді.
Шалқар ауданының газеті өзінің жүріп өткен жолдарында талай жетістіктерге жетті. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап жыл сайын облыстық және республикалық конкурстарда үнемі жеңімпаз болып отырды.
Баспахананы ұзақ жыл Жұмағали Тағанов басқарып, шебер полиграфистер тобын қалыптастырды. Оның ізін жалғастырған Иван Дронов, баласы Берік Тағанов та өз ісінің шебері ретінде танылды.
1990 жылдың ақпан айынан бастап аудандық газет «Шалқар» деген атпен шыға бастады.

Аудандық газетті 1992-1996 жылдар аралығында Мұқамбетәли Есмағанбетов басқарды. 1997-2015 жылдары Қыдыралы Әлин бас редактор болды. Ол 2015 жылдан жаңа құрылым ЖШС директорлығына тағайындалып, редакторлық тізгінді Мұхтар Мырзалин ұстады.
Газет таралымы жағынан облыстағы аудандық басылымдардың алдыңғы қатарында. Газеттің өз сайты, инстаграм парақшасы бар.
Н.ДАБЫЛОВ.
Құлын күндердің шуақты естелігі…
Иә, иә… «Шалқар» ойға оралғанда, құлын күндердің шуақты естелігі санада қайта жаңғырады. Бұрын біздің балалық, жастық шағымызда бұл газет «Коммунизм таңы» деп аталатын. Аудан мектептерінде оқитын, сөз өнеріне жақын, қалам ұстауға талабы бар балаларға дем беріп, қабілетін ұштауға осы газеттің игі ықпалы көп болып еді. Жазғандарымызды хат қылып түйіп, конвертке салып, «Коммунизм таңына» жіберетінбіз.

Әдетте қолына қалам ұстаған жас талаптың қай-қайсысының да өлең жазуға құлшынып тұратын әдеті болады. Оның үстіне балауса, балғын шақ—адам баласының өмірге ғашық кезі. Шамасы, біздің алғашқы өлеңдеріміз ақындықтан емес, өмірді өлең сөзбен бейнелеуге деген іңкәрліктен туса керек. Газет те бізді бетімізден қақпайтын. Балалық әуестігімізге байсалдылықпен қарайтын. Газеттің ол кездегі бас редакторы — белгілі журналист ТауманТөреханов еді. Редакцияға жіберген өлеңіміз қашан шығады деп күтіп жүреміз. Үмітіміз ақталып,бір күні әлгі өлеңіміз газет бетінен жарқ ете қалады. Сондайда төбеміз көкке жеткендей болушы еді. Сондықтан да бұл газетті жақсы көрдік. Ауылдың почтальоны әкелген көп газеттің ішінен, ең алдымен, «Коммунизм таңын» қолға алатынбыз. Қалай болғанда да бұл бізге тонның ішкі бауындай жақын газет еді. Қазір де, міне, сол шақтарды сағына еске алып отырмын.
Мектеп бітіргеннен кейін арман қуып, Алматыға аттандық. Араға жылдар салып Қазақтың Абай атындағы педагогика институтының филология факультетін бітіріп, елге оралдық. Ауылда мұғалім боп қызмет еттік. Әйтсе де «Коммунизм таңы» газетімен байланысымыз үзілген жоқ. Сол жылдары алғашқы ұстазымыз Нағашыбай ағай туралы эссем осы газете жарық көріп еді. Нағашыбай Қауысов әліппені үйретіп, білім жолына бастаған мұғаліміміз еді. Еңбек жолын Қорғантұз орта мектебінен бастаған жас ұстаз біздің көкірегімізге жақсылықтың нұрын құйып, білімге деген құштарлықтың отын жағып кетті.
Мектепте он шақты жыл қызмет істегеннен кейін Алматыға қоныс аударып, журналистика саласына түгелдей бет бұрдым. «Жаңа фильм», «Қазақстан мектебі», «Қазақстан әйелдері» сынды республикалық журналдарда, «Қазақстан» ұлттық телеарнасында қызмет атқардым.
Ойлап қарасам, сол жылдары біздің ауылдан біраз журналистер шыққан екен. Мектепті бірер класс бұрын бітірген жасы үлкен ағаларымыз Жанғабыл Қабақбаев, Ұзақбай Қауысов, бізден кейінірек оқыған жасы кіші інілеріміз Нұрмұханбет Дияров, Әлімбай Ізбаев, Иманбай Жұбаев, Алтынбек Алдияров сынды ауылдастарымыз да осы салада еңбек етті. Бұл азаматтардың қай-қайсысы да «Шалқардың» шарапатын көрген, «Шалқардың» шапанынан шыққан журналистер.
Көңілге ыстық, жүрекке жақын газетіміз тоқсанға келіпті. «Шалқардың» тойы—баршамызға ортақ той. Туған топырағымыздағы руханият айдынында желкен керген «Шалқар» газетінің торқалы тойы құтты болсын! Алдыңғы буын ағалар ісін жалғастырып, осы басылымның ыстық-суығын бірге көріп жүрген бауырларымызға — барша әріптестерімізге қажымас қайрат, шалқар шабыт тілейміз!
«Шалқардың» оқырман аясы кең, алар асуы биік болсын!
Мақсат ДҮЙІСМАҒАМБЕТ,
әдебиеттанушы.
Алматы қаласы.
Есте қалған ертегідей заман-ай!
1949 жылдың күз басы еді. Газет аптасына бір рет шығады. Бір бет – бір парақ қағаздай көлемі. Газет нөмірін басатын қағазды Ақтөбеден қоймадан кенеп қапқа салып, Шалқарға қызыл вагонмен әкелемін. Балаң жігітпін. Бірде сол вагонға жасы келген ағамен бірге отырдым. Отан соғысының мүгедегі екен. Ертеңіне редактор Тілеужан Шойғаринге түндегі вагон ішіндегі әскери мүгедектің әңгімесін айтып едім, редактор бірден: «Жаз, ешбір сөзін қалдырма, сонан соң мен қараймын», — деді. Редактор біраз түзетіп, газеттің бірінші бетіне берді. Бұл «Социализм туы» газетіндегі тұңғыш көлемді мақалам болды.

Сол кездегі Шалқар ауданының партия комитетіндегі обком инспекторы Саттар Имашев: «Төреханов жолдас, сенің қаламың, байқаймын, уытты, жазғандарың халыққа, партияға ұнайды. Сен КазГУ-ге оқуға бар. Болашақ тағдырың баспасөз болар» деп келешегімді айқындап бергендей болды.
Сонымен, Алматыда Қазақ Мемлекеттік университетінде оқып, журналистік білім алып шықтым. Алпысыншы жылдардың басында маған Темір, Байғанин, Ойыл аудандарына арналған облыстық партия комитетінің «Жаршы» газетін ұйымдастыруды, шығаруды жүктеді. «Жаршы», «Батыс Қазақстан» өлкелік газеттерінде менің көптеген проблемалық мақалаларым, очерктерім жарияланды.
1963 жылы Шалқар, Ырғыз аудандарын басқаратын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ашылып, оның тыныс-тіршілігін насихаттайтын «Коммунизм таңы» газетін ұйымдастыруға, шығаруға облыстық партия комитеті редактор етіп мені бекітті.
Шалқар теміржол вокзалында вагоннан түссем, Тілеужан Шойғарин, Шынықұл Қарамергенов, Аманбай Көздібаев, Жұбатқан Тұрлыбекова, Әбдіқұл Жұмабаев, Мұқамбетәли Есмағанбетов, Әбдісағи Мүтәлиев күтіп тұр екен. Бұлар сол кездегі баспасөз қарлығаштары болған соң есімдерін әдейі атап отырмын.
Өткен тарихқа үңіле қарасақ, облыстың тоғыз аудандық газетіне редакторларды, басқа да басшы қызметтерге біздің «ұстаханадан» алды.

Ұстазым Тілеужан Шойғарин білікті ұстаз, қамқоршы аға болды.Елге танымал журналист-редактор, ақын, көсемсөзші, шежіреші, құрметті Тілекең атанған еді. Қазақ сатирасының классигі Асқар Тоқмағамбетов шығарған:
Шалқардың бір мықтысы, Шойғарины,
Әлі де басылмаған сөз жалыны.
Көне архив, көпті көрген шежіресі –
Бар кісі өз өрісі, өз жарығы, — деген өлең жолдары жадымызда жатталып қалыпты.
Майдангер Шынықұл Қарамергенов аға да, ұстаз да болды. «Коммунизм таңы» газетінің партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болды. Әкімжан Оралбаевты облыстық «Социалистік жол» газетіне қызметке шақырды.
Аманбай Көздібаев еңбек жолын аудандық баспаханада әріп теруші болып бастап, кейін газеттің жауапты хатшысы қызметіне келді. Кейін көрші аудандық газеттің редакторлығына тағайындалды.
Маркен Асанов, Әбдіғани Аймағамбетов, Болат Теміров, Жанғабыл Қабақбаев, Жақсылық Кенжалиев, Ғалымжан Төреханов, Қыдыралы Әлин осы газетте қанаттарын қатайтты.
* * *
Сонымен, жас та келді-ау, бүгінде тоқсанның үстіне шықтым. Сол жылдар есте қалған ертегідей болды, бәрі ескірді, көз, құлақ, аяқ тұсалды. Айтайын дегенім,«заманында халықтың, партияның, редактордың үлкен де құрметті сенімдеріне қажырлы еңбектерімен ие болған журналистерден, техникалық қызметкерлердің бұл дүниеде қайсысы бар екен, өмірлерінің жалғастары қайда екен, ә?» деген сұрақ-сауалдар мазалай береді-ау…
2021 жылы тоқсан жасқа келгенімді келістіріп туған ел, ата мекен, бүгінгі ұрпақ «Шалқар», «Ақтөбе» газеттері, облыстық теледидар атап өтті-ау.
Таяғыма сүйеніп, үйдің басқа бөлмесіне барып, көзіме толған жасты орамалыммен қайта-қайта сүртіп алдым-ау. Сағыныш, сағыныш, сағыныш!
Бәріңе амандық, абырой, мықты денсаулық, бірлік-достық, ұзақ ғұмыр тілейді, тоқсанды артқа қалдырған аға-аталарың ақ батасын береді Сіздерге, журналист бауырларым!
Тауман ТӨРЕХАНОВ,
Қазақ КСР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер,
«Шалқар» (бұрынғы «Коммунизм таңы») газетініңбұрынғы редакторы.
Алматы қаласы.



