Жаңалықтар

Қысқа дайынбыз ба?

Жылыту маусымына дайындық бойынша ауқымды және жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары мен облыстың энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары мәлім етті.

Облысқа алдағы жылыту маусымына 24 490 тонна көмір қажет. Тұрғындар үшін тұрмыстық көмір отыны биыл шілдеден бастап тасымалданып жатыр. Ал бюджеттік ұйымдар үшін алдағы жылыту маусымына қажетті 33 455 тонна көмірдің 33 255 тоннасы (99%), 1 787 тонна дизель отынының 1 700 тоннасы (95%) тасылған. Бюджеттік ұйымдар үшін қажетті отын көлемі толығымен 1 қазанға дейін тасылатын болады.

Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Дархан Тілеутовтің айтуынша, бүгінде          8 076 тонна (33%) көмір тасылған. Қазір 20 вагон — жол үстінде. Облыс тұрғындары үшін көмір отыны Шұбаркөл, Майкөбен, Екібастұз, Қаражыра көмір алаптарынан жеткізіледі. Көмірдің бір тоннасы —17 000 теңге. Сонымен қатар ол облыс тұрғындарының қыс мезгіліне қажетті көмір отынымен алдын ала қамдануын сұрады.

­— Жылу-энергетикалық кешен нысандарында жөндеу жұмыстары аяқталған. Қазіргі уақытта жабдықтарды іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде, жылу желісі, су-кәріз желісі, электр желісі, әлеуметтік нысан — 99%-ға, көппәтерлі тұрғын үйлер желілері 100% жөнделді, — дейді Дархан Тілеутов.

Қаламыздағы қазандықтардың да дайындығы туралы сөз қозғалды. Қуат ошағының өкілдері жылыту маусымы басталған кезде 25 агрегатты іске қосуға ниетті. Осы жылы 2 қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Соның бірі Әуеқалашық ауданына да орнатылып, тексерілген. Қазандықтар биылғы маусымға толық дайын.

— Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін, желілерге көктемгі сынақтар жүргізілді. 17 жерде ақаулар анықталып, толық реттелді. Сондай-ақ 5-7 қыркүйек аралығында магистральды және тартушы жылу желілеріне жыл сайынғы күзгі сынақтар жүргізілген еді. Нәтижесінде, 15 ақау орны анықталып, қазір жылыту маусымына дейін жөндеуден өткізіп, сақадай сай дайындадық, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Дамир Көбенов.

Алдағы жылыту маусымына дайындық барысы жергілікті атқарушы органдардың және коммуналдық мекемелердің тікелей бақылауында. Ауқымды деп отырған дайындық тыңғылықты әрі сапалы жүргізілсе, биылғы қыс ақтөбеліктер үшін жылы болмақ.

Насиба АРМАНҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button