Жаңалықтар

Сәлеміңіз түзу ме?

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

Ойтүрткі

Сәлем — сөздің анасы.

Бала кезімізден бәрімізді де әке-шешеміз үлкен кісіге сәлемдесуді, алдынан кесіп өтпеуді үйретті. Сол дағды қай-қайсымыздың да бойымызда өмір бойы қалыптасып қалғаны анық. Тіпті кейбір ауылдастарымыздың үлкен қалаға барғанда алдынан кездескен кезкелген танымайтын адамға сәлем беремін деп күлкілі жағдайға ұшырағаны да ойымызда сақталып қалыпты.

Қалай болғанда да сәлемдесу — ең алдымен, адамшылықтың белгісі. Қашаннан айтылатын, әбден қалыптасып қалған осы қағиданы бүгінде қаншалықты сақтаймыз?

Халық батыры Бауыржан Момышұлы «Бір жерге барғанда сөзді сәлеммен бастамау — әдепсіздік. Егер сәлем парызын білмесең, біліп тұрып оны өтемесең, жолын жасамасаң, нағыз мәдениетсіз адамсың. Мәдениеттілік адамның рухани өрісімен өлшенеді. Сәлем беру – ізеттіліктің, кісіліктің баспалдағы. Сәлем беру – сөз бастаудың беташары. Сәлем беру – танысып-білісудің, достасудың дәнекері» деп пайымдаған екен.

Қазақта «Алыстан алты жасар бала келсе, ауылдағы алпыс жасар қария сәлем береді» деген бір ізеттілікұғымы бар. Бұл да өмірлік тәжірибеден туындаған, өзіндік өнегесі бар дәстүрдің бір реті. Сырттан келген бала қонақтың себебімен, сол үйде дастарқан жайылып, ауыл ақсақалдарына дәм тартылады.

Сәлемі түзу балаға үлкендердің «Бақытты бол! Көсегең көгерсін, жүз жаса!» деп алғыс айтып жатқанын талай естідік. Өзіміз де сондай баталарды алып өстік.

Қазақта сәлем айту дәстүрі бұрыннан бар. Бұл — сонау көшпелі заманда ат үстінде жолаушылап бара жатқан кісіден өзінің шалғайдағы ет жақын адамына немесе жанашыр жолдасына, замандасына ізгі көңілін, ниеттестігін білдіру ретінен туған нәрсе. Мұндай сәлем айтудың өз жауапкершілігі бар. Оны жеткізуші әдетте аманат деп білген. Ал аманатқа қиянат жасалмайды. Сондықтан осындай міндетті өз мойнына алған жолаушы тапсырылған адамды әдейі іздеп барып, сәлемді жеткізген.

Сәлем айт, барсаң Абайға,

Кеңесі жеткен талайға.

Ауырды жеңген қара жер,

Сабырлы болсын қалайда.       

Бұл — қазақтың ғұлама ақыны Абайдың баласы Әбіш дүниеден өткенде Жамбылдың алыста жатып көңіл айтуы.

Шаңыраққа сәлем беру дәстүрі елімізде ежелден қалыптасқан. Ертеректе алыстан келе жатқан жолаушы астындағы атын әрегірек байлап, өзі кіретін үйге «Ассалаумағалейкүм!» деп сәлем беріп кірген. Осы сәлем беру дәстүрі қазір көп жерде жаңғырып, жаңаша сипат алғанын көргенде, көңіліміз жадырайды.

Ал ел адамдарының «Мал-жан аман ба?» деп хал сұрасуын осы дұрыс па, малды неге алға салып айтады деп сынаған кезіміз де болған. Алайда тұрмыс-тіршілігін, күнкөрісін төрт түлік малмен тікелей байланыстырған халқымыздың бұл қағидатты ұстануында да еш ерсілік жоқ екенін байқау қиын емес.

Бір замандары көп жыл көріспеген замандас, ағайын-туыс адамдар алдымен қос қолдап амандасып, сонан соң құшақтарын кеңінен жайып, бір-бірімен төс қағыстырып, сәлемдескен. Бұл — ерекше құрмет белгісі болып есептелген. Ал қазіргі уақытта күн сайын көрсе де, осы салттан айнымайтын азаматтарды байқап қалып жатамыз. Мұндай ізеттілік пен мейірімділік көрінісін көпсінбейміз, бірақ кейде сәл ерсілеу сезілетінін несіне жасырамыз?

…Сәлемнің де сәті бар. Ол сәт — бір-бірімізді көргенде жылыұшырап, жақсы тілегімізді, ізгі ойымызды білдіруге асығуымыздан туындайды.

Ендеше, сәлеміміз таусылмасын, ағайын!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button