Елмен бірге есімің…

Тағзым
Шалқар ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері, ел қорғаған даңқты партизан, ұстаз-жауынгер Төлтай Шановтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Елмен бірге есімің» атты тарихи-танымдық іс-шара өткізіледі.
Іс-шара барысында Т.Шановтың педагогтік, патриоттық өмір жолына арналған ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, қаһарман жауынгердің өнегелі өмірі туралы «Қасиет пен Қасірет» атты жаңа кітаптың таныстырылымы болады.
Т.Шанов 1922 жылы Шалқар өңірінде дүниеге келген. Жиырма жасында Сталинград майданында қолына қару алып, Дон өзені бойындағы соғыста ауыр жараланып, тұтқынға түседі. Лагерьден қашып шығып, партизандар құрамында болған ол фашистерге қарсы соғысты жалғастырады. Соғыс жылдарында Югославияның халық-азаттық қозғалысына қатысқан, осылайша неміс фашистерінің жолына тосқауыл қойған ол ЮСФР-ның «Қаһармандығы үшін» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
1995 жылы оның «Өмірімнің өткелдері» атты естеліктер кітабы, 2005 жылы «Төлтай Шанов» атты кітап жарыққа шықты. Ал жақында шыққан «Қасиет пен Қасірет» атты кітабында Т.Шановтың өзі жазған естеліктері — дәл сол күйінде, өз қолтаңбасымен берілген. Кітаптың құндылығы да осында. Автор өзінің өмірі, ата-анасы, балалық шағы, соғысқа аттанған шағы, майдандағы қан кешкен күндер, соғыстың аяқталып, елге келуі — барлығын тайға таңба басқандай жазып қалдырған.
Ұлағатты ұстаз 1956 жылдан өмірінің соңына дейін өзінің туған жері Жылтыр ауылында ұстаздық қызмет атқарған. 1996 жылы ҚР Үкіметінің Қаулысымен майдангер ұзақ жыл еңбек еткен Дамбар орта мектебіне Төлтай Шанов есімі берілді. Іс-шара барысында осы мектепте Т.Шановқа «Асыл мұра» музейі ашылмақ. Сонымен бірге мәдени-көпшілік және спорттық шаралар өткізіліп, жауынгер ұстаз рухына арнап ас беріледі.
М.ТАБЫН.



