Жаңалықтар

Көпір уақытша жабылады

Құлаққағыс

Ақтөбеде жолдың жағдайы өзекті екені белгілі. Көпірлердің жайы да мәз емес.

Жуырда жол құрылысы бойынша мамандарды тарта отырып, Заречный тұрғын алабындағы Елек өзені арқылы өтетін көпірдің жай-күйін қарап шықтым. Климаттық жағдайды және өткелдің олқылықтарын ескере отырып, ақауларды жою бойынша уақытша шараларды іске асыру туралы шешім қабылданды.

Атап айтқанда, шұңқырларды қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 22-25 қыркүйек аралығында көпір бойынша қозғалыс толығымен жабылады.Өйткені күзгі ауа райы күрделі жөндеу жүргізуге мүмкіндік бермейді.

Шұңқырларды жою бойынша жөндеу уақытша шешім екенін атап өтемін, — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Артынша журналистерге түсінік берген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр Заречный тұрғын алабындағы көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары мердігер компанияның есебінен жүргізілетінін, күрделі жөндеу келер жылдың жаз мезгіліне жоспарланғанын айтты. «Шұңқырларды бітеу, ұсақ-түйек жұмыстар болмаса, қазіргі ауа райы бәрін толығымен ретке келтіруге қолайсыз», — деді ол.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға шақырып, жұртшылыққа әлеуметтік желі арқылы бұл жерде қалай қатынауға болатыны турасында сызба жариялатынын атап өтті.

Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркін Өтеген жоғарыда аталған аумақта жеңіл көліктер  4 күн бойы Сүт зауыты ауданы маңындағы айналма жолмен жүре беретінін ескертті. Ал жүк көліктері бұл бағытпен жүре алмайды.Көпшілікке түсінікті болуы үшін жол сақшылары сол жерде бағыт-бағдар беріп тұрады.Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Айдос Құлжанов солтүстік айналма жолмен қиындықсыз қатынауға болатынын, сол аумақта да полиция қызметкерлерінің жөн сілтейтінін баяндады.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button