Жаңалықтар

Әскерге аттанды

Күзгі шақыру

Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталғаны белгілі. Бейсенбі күні Ақтөбе қаласынан 20 жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.

— Жылдағы дәстүр бойынша жігіттерді әскерге жіберіп жатырмыз. Бүгін, міне, шекара қызметіне 20 ақтөбелік жас аттанғалы тұр. Олар Алматыда бір жыл көлемінде әскери міндетін орындайтын болады.  

Сондай-ақ осы күні Орал қаласындағы әскери-техникалық мектепте оқыған 11 жігітті қарсы алдық. Әскерге даярлықтан бөлек, жүргізуші куәлігін алған олар бір айдан соң әскер қатарына шақырылады, — дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Мейрамбек Сақып.

Әскерге аттанғандардың бірі — Әліби Ұзақбай биыл ғана 18 жасқа толған. «Өз қалауыммен бара жатырмын. Колледжде оқимын. Болашақта өмірімді осы әскери саламен байланыстырғым келеді», — деді жас талап.

Салтанатты шарада Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпенов, сала мамандары, ата-аналар сөз сөйлеп, жігіттерге амандық тіледі.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button