Жаңалықтар

Қоғамдық көлікке жүргізушілер жетіспейді

Мәслихат

Облыстық мәслихат депутаттары цифрлық технологияларды енгізу және жолаушылар тасымалын дамыту мәселелерін талқылады.

Облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында цифрлық технологиялар, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшылары депутаттар алдында есеп берді.

Amanat партиясы фракциясының депутаты Сұлупан Шынтасованың төрағалығымен өткен отырысқа депутаттар, облыстың қоғамдық кеңесінің мүшелері, облыстық басқармалардың басшылары, сондай-ақ онлайн-режимде аудандық мәслихаттардың хатшылары қатысты.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаевтың айтуынша, цифрлық технологияларды енгізу аясында жыл басында облыста 315 ауылдың 233 елді мекеніне интернет желісі тартылған.

— Биыл кең жолақты интернетпен Қобда ауданында — 8, Алға ауданында — 1, Мәртөк ауданында — 2, Ойыл ауданында — 1, Шалқар ауданында бір ауылды қамту жоспарланып отыр. Интернет тұрғындар саны 250 адамнан кем ауылдарға жүргізілетін болады, — деп атап өтті Әсет Отарбаев.

Биыл 1 қаңтардан 18 тамызға дейін облыстың ахуалдық орталығының бірыңғай диспетчерлік қызметі мен Call-орталыққа 26 200 өтініш, 109 мобильді мессенджер келіп түскен. Олар egov.kz платформасындағы облыс әкімінің блогы және әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықталған. Тұрғындар өтініштерінің басым бөлігі қоқыс шығару, көшелерді тазалау және қоғамдық кеңістіктердің жай-күйі, жолдарды тазалау және жөндеу, қоғамдық көліктің жұмысы және тағы басқа мәселелерге байланысты болған.

Қазіргі уақытта 36 мемлекеттік орган (оның ішінде Ақтөбе облысы әкімінің аппараты (1); облыстық басқармалар (22), Ақтөбе қаласы әкімінің аппараты (1), аудан әкімдерінің аппараттары (12), (16) қалалық әкімдіктің бөлімдері (2), аудан әкімдіктерінің бөлімдері (116), ауылдық округтердің әкімдіктері (135) электрондық құжат айналымының платформасына көшіріліп, салалық басқармалар мен өңірлік басқармалар қосылды. Нәтижесінде барлық мемлекеттік мекемелер толық қағазсыз құжат айналымына көшті.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр жолаушылар тасымалын дамытудың жай-күйі мен перспективалары туралы баяндай отырып, бүгінде облыс бойынша 66 автобус маршруты ұйымдастырылғанын, оның ішінде  46-сы —  қалалық, 11-і — облысішілік, 3-еуі — облысаралық, алтауы

халықаралық маршрут екендігін атап өтті.

— Ақтөбе-Орынбор, Ақтөбе – Самара, Ақтөбе – Орск, Ақтөбе – Казань және Ақтөбе-Уфа бағыттары бойынша автобус рейстері жаңартылды. Биылғы жылдың 16 маусымынан бастап аптасына 3 рет Ақтөбе – Орал және Ақтөбе – Қызылорда бағыттары бойынша облысаралық тұрақты қатынас жолға қойылды. Алайда осы жылдың 1 шілдесінен бастап Ақтөбе-Орал маршрутының тасымалдаушысы автобустың толуы қиын болғандықтан (5-6 адам), маршрутқа қызмет көрсетуден бас тартты. Қазіргі уақытта жолаушыларды қалааралық, облысішілік тұрақты тасымалдау 11 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Шығынға байланысты Ақтөбе қаласынан Шұбарқұдық, Бадамша, Қандыағаш, Ембі және Кеңқияқ қалаларына облысішілік бағыттар бойынша автобустардың қозғалысы тоқтатылды, — деді ол.

Айбек Қайыр депутаттарға жас шамасының артуы «Д» санатындағы жүргізушілердің тапшылығына әкелгенін, бұл автопарктердің жұмысына кері әсер етуі мүмкін екенін айтты.

Жиын соңында депутаттар баяндамашыларға сауалдарын қойып, тиісті қаулы қабылдады.

Облыстық мәслихаттың

баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button