Жаңалықтар

Құрма — жұмақ жемісі

Құрма латын тілінде «Phoenix dactylifera» деп аталады. Тік шаншылып, 24 метр биіктікке дейін өсетін құрма пальмасы көбіне ыстық климатты аймақтарға тән. Құрма өсіру шаруашылығымен айналысатын араб елдеріне, негізінен, Сауд Арабиясы, Ирак, Алжир, Мысыр, Судан мемлекеттері жатады. Аталық және аналық болып бөлінетін құрма ағашы ескі жапырақтарының түбімен бүртіктеліп, өріліп өседі. Ерекше көрік беріп тұрған төбе жағындағы әдемі шашақты жапырақтарының ұзындығы 5 метрге дейін жетеді. Отырғызғаннан 4-5 жылдан кейін барып жеміс бере бастайды. Салмағы 8 келіге дейін жететін бір шоғырына мыңнан аса жеміс бітеді. Әр ағашынан 40-80 келі жеміс алуға болады. Шамамен 150 жылға дейін өмір сүреді.

Құран және құрма

Құрма — қасиетті Құранда аталған жемістердің бірі. Мәриям Исаға (а.с.) толғатып қатты қиналғанда, Алла Тағала мейірім білдіріп, оған құрма жеуді әмір еткен. Бұл жайлы «Мәриям» сүресінде: «Сөйтіп тұрғанда толғақ қысып, құрма ағашына барып сүйенуге итермеледі. Сол сәт (періште) төменнен былай деп дауыстады: «Жабырқама, Раббың асты жағыңнан бір арық жасады. Құрма бұтағын өзіңе қарай сілкіле, үстіңе жас құрмалар түссін. Содан іш, же. Көз айым бол!»» делінген (23-26 аяттар).

Тағы бір аятта құрманың өсуінде құдіреттің белгілерін көруге болатындығы баяндалған: «Көктен су түсірген де — Алла Тағала. Кейіннен сол арқылы әртүрлі өсімдіктер шығардық. Ол өсімдіктен бір жас бұтақ, одан өсіп, бір-бірінің үстіне мінгескен дәндер, масақтар өндіреміз. Құрма ағашынан жеміс толы салбырап тұрған бұтақтар, бұған қоса жүзім, зәйтін, анар бақшаларын өсіреміз. Бұлардың кейбіреуі бір-біріне ұқсайды, кейбірі ұқсамайды. Алғаш жеміс салғанда және толық піскен кезінде әрқайсысының жемісіне қараңдар. Күмәнсіз, сенетін көпшілік үшін мұнда көптеген дәрістер бар» («Әнғам» сүресі, 99).

Дәруменге бай жеміс

Соңғы жылдарда жүргізілген зерттеулер нәтижесінде құрманың көптеген қасиеттері ашылған. Түркиядағы әйгілі «Сема» емханасының Тағамтану және диета бөлімінің мамандары құрма лиф, минерал, фенол тұрғысынан әрі натрий, калий, магний, кальций, темір, фосфат секілді минералдарға өте бай екенін айтады. Құрма:

  • Протеин, май, көмірсуын —  үшеуін қатар қамтитын бірден-бір жеміс;
  • Жас құрма теріге оң ықпал етеді, жүктілік пен күнге күюден түскен дақтарды кетіреді;
  • Құрамындағы темір қаназдыққа пайдалы;
  • B1, B2 витаминдерінің қатар кездесуі бауырды сауықтырады;
  • Тамақ ауруына, жөтелге пайдалы;
  • Қатерлі ісіктен (рак) сақтайды, жүрек қан тамырларына таптырмайтын ем;
  • Құрамында фосфор мен кальцийдің молдығы сүйек ауруларынан қорғайды;
  • Жүйке жүйесінің шаршауын басады;
  • Мидың жұмыс істеу қабілетін күшейтеді;
  • Ас қорытуға пайдалы;
  • Тойымдылық қасиеті өте жоғары. Зерттеушілер бір құрма мен бір кесе сүттің адамға қажетті бір күндік калорияға тең екендігін айтқан;
  • Жас құрманың бойында 60-65 пайыз (кепкен құрмада 75-80 %) қант болғанына қарамастан, адамды семіртпейді;
  • Жеңіл босануға септігін тигізеді. Босанған әйелдердің әлсіреген денесін тыңайтып, сергектігін арттырады. Сүт гормондарын қозғау арқылы нәрестеге сүт көп шығуына оң ықпал жасайды.

«Ажуа» — ең көп таралған құрма

Жаңа піскені, кепкені, ірісі, кішісі, емге жарамдысы, дәмі, түр-түсіне қарай құрманың көптеген түрлері бар. Хижри VIII жылы Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) өзіне зияпат етіп келген Абдулқайс тайпасының адамдарына сол аймақтағы құрмалардың түрлерін әңгімелеп, «Сіздерде өсетін құрмалардың ең жақсысы әрі ең пайдалысы — барни деген құрма» деген. Абдулқайс адамдары елдеріне қайтқаннан кейін, барни деген құрманың түрін өсіруге арнайы көңіл бөліп, біршама уақыттан кейін біржолата құрманың осы барни түрін өсіруге ғана көшкен (Ахмад ибн Ханбәл, 3/432).

Мұхаммед пайғамбар, әсіресе, Мәдинада өсетін «Ажуа» деп аталатын құрма сортын жақсы көрген. Тіпті «Ажуа құрмасы — жәннаттағы жемістердің бірі» (Тирмизи, Тыбб, 22) деген. Осы себепті ажуа құрмасы әлі күнге аса көп сұранысқа ие.

Ішсең шырын, жесең тағам

Ежелгі араб ғұламалары оның құрманың 350-ден астам пайдалы қасиеті бар деп есептейді. Шырынынан сергітетін сусын жасалады. Құрмадан жүзден астам тағам дайындалады. Құран, хадистерде құрма жұмақ жемісі деп аталады. Дәрігерлер оның құрамында көптеген емдік қасиет барын анықтаған.

Израиль ғалымдары құрма мен алманы салыстырған. Нәтижесінде алмаға қарағанда, құрмада витаминнің көптігі дәлелденген. Құрманы бір уақыт сорып жүргеннің адам денсаулығына пайдасы молы анықталған. Сонымен қатар 6-7 құрманы бөлшектеп, бір кесе суға салып, бірнеше сағат тұрған соң суын сүзіп алып, күніне екі мәрте ысытып ішіп отырса, екі апта көлемінде бүйректегі тасты түсіреді.

Сонымен қатар оның бүйректегі кальций тұздарын ығыс­тырып шығаратынын және суық тиіп ауырғанда қолдануға болатынын бі­ріміз білсек, біріміздің біле бер­мейтініміз рас. Денсаулық сақтау мамандары суық тиіп ауырғанда, әсіресе, жөтелді қайтаруға құрма сөлінің көмегі зор екенін айтады. Ол үшін жар­ты стақан жылы суға бір ас қасық құрма шырынын араластырып, та­мақ­ты шаю қажет. Жалпы, суық түскенде, аяз­ды күні тәулігіне бірнеше құрма жемісін тұтыну арқылы тұмаудың ал­дын алуға болады.

Құрма — ауызашардың сәні

Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с.) оразасын жас құрмамен, жас құрма болмаса, кепкен құрмамен, ол болмаса сумен ашқан (Әбу Дәуіт, Сиям, 21). Сол себепті құрмамен ауыз ашуды сүннет деп білген мұсылмандар қасиетті Рамазан айында дастарқанға құрма қоюды игі дәстүрге айналдырған. Тіпті құрманы ауызашардың сәні деп те айтуға болғандай. Құрамындағы қант мөлшерінің көптігі ораза ұстаған адамның күні бойғы денесінің әлсірегенін кетіретіндігін айтқан мамандар құрманы жай уақытта да жиі жеп жүруге кеңес береді.

Бір сөзбен айтқанда, түрлі дәруменге бай, тойымды әрі емдік қасиеті мол құрма — ғажап жеміс.

Бетті әзірлеген Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button