Білім

Мұғалімдер тәжірибе алмасты

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы өңірлік филиалы педагогтердің республикалық тамыз кеңесі аясында «Ағылшын тілін оқытудың тиімді стратегиялары: bring spring into your class» тақырыбында жиын өткізді.

Шараға Ақтөбе қаласынан және облыс аударынан келген 150-ден астам ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері жиналды.

Жиынға Қазақстандағы Британдық Кеңес өкілі Ардақ Бектұрова, «Өрлеу» БАҰО» АҚ білім беру бағдарламалары және курстан кейінгі сүйемелдеу департаментінің өкілдері Нұрсұлу Сүлейменова мен Қайрат Тілеужанов қатысты. Сондай-ақ тікелей эфирде Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің кадр мәселелері басқармасының басшысы А.Дюсембаева қосылды.

— Облыста 1500-ге жуық ағылшын тілі пәні мұғалімі бар. Биыл наурыз айында Қазақстандағы Британдық Кеңес еліміздегі 2 мың педагогті тегін оқытып, ағылшын тілі пәніндегі жаңа оқу бағдарламалары бойынша тесттен өткізді. Осы жұмыстарды қорытындылау мақсатында осы іс-шара ұйымдастырылып отыр. Бұл жаңа оқу жылы қарсаңында өзекті мәселелерді талқылап, оларды талдауға және шешу жолдарын анықтауға, әрі қарай даму перспективаларын белгілеуге, тілді үйренудің жаңа әдістемелерін меңгеруге зор мүмкіндік болмақ. Қазір ағылшын тілінен 8, 9 және 11 сыныптарға жаңадан бағдарлама енгізіліп отыр. Оқу барысында, әсіресе, жас мұғалімдерде қиындықтар кездесуі мүмкін. Біз осы мәселелерді шешуге тырысамыз, — дейді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы өңірлік филиалының директоры Нұргүл Әбішева.

Жиында мұғалімдер секцияларға бөлініп, бірқатар тақырып талқылады. Жақында Ұлыбританиядан білімін шыңдап келген Ақтөбе қаласындағы №21 орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Мира Жалғасова көпшілікпен өз тәжірибесімен бөлісті.

Шара соңында белсенді қатысқан мұғалімдер Алғыс хаттармен марапатталды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button