Білім

Жақсылыққа жаны құштар

Ұстаз

Ұстаздық жолды саналы түрде таңдап, бар ғұмырын осы ұлы мұратқа арнаған жанның бірі — Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназиясы директорының ғылыми-әдістемелік істер жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, Сары Батақұлы атындағы сыйлықтың лауреаты Дина Мұханбедиярова.

Жиырма жасында ұстаздықтың қасиетті табалдырығын аттаған жас маман небәрі үш жылдың ішінде мектеп директорының орынбасары қызметіне тағайындалады. Бұл мансап қуғандық емес, табиғи дарын мен тынымсыз еңбектің нәтижесі еді. Терең білімі, көрегендігі, ұшқыр ойы мен жауапкершілігі оны өзгелерден даралап тұрды.

1991 жылы Шалқар аудандық білім бөліміне инспектор-әдіскер болып тағайындалып, аз ғана уақыт ішінде аудан ұстаздарының ұстазына айналды. Алты жылдық еңбек жолында көрсеткен іскерлігі мен ұстаздық таланты оның кәсіби биігін айқындады. Ізденімпаздық, жаңашылдық, турашылдық пен шешендік Дина Базарбайқызын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің шын мәніндегі шеберіне айналдырды.

1992 жылы Ақтөбе қаласына қоныс аударып, №6 қазақ орта мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып қабылданды. Жаңа ортада да ерекше қабілетімен көзге түскен ол 1994 жылдан бастап директордың бастауыш сынып, тәрбие ісі және ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып келеді.

Жаңалық пен жақсылыққа жаны құштар ұлағатты ұстаз қызметтік міндетпен ғана шектеліп қалған емес. «Жасыл мектеп», «Дарындылар аллеясы», «Түлектер тағзымы» сынды жобалар — мектеп-гимназия өміріндегі жарқын бастамалардың айғағы. Түлектермен үздіксіз байланыс орнатып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ұйытқы болуы ұстаздың азаматтық келбетін айшықтай түседі.

Жас мамандарды шыңдауда да Дина Базарбайқызының еңбегі зор. «Ғылым және инновация» жобасы арқылы магистранттар мен шәкірттерді ғылымға баулуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Қырық жылға жуық ұстаздық еңбек пен алпыс жас мерейтой — мағыналы да мазмұнды ғұмырдың жемісі. Өзгермелі қоғамның алдыңғы шебінде жүріп, білім мен тәрбие ісіне адал қызмет ету — нағыз ұстазға тән қасиет. Бір сөзбен айтсақ, Дина Базарбайқызы — ана тілі мен ұлт жанашыры, аяулы ана, өнегелі әже, қадірлі әріптес, адал дос, сенімді жолдас. Мерейлі жасыңыз құтты болсын, ардақты ұстаз!

Жәния РОМАНОВА,
Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназиясының директоры.
Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button