Білім

Жаңашыл жан

Мектеп

«Ұстаз — ұлттың шамшырағы, ал шамшырақ сөнсе, жол қараңғыланады» деген тағылымды сөз барша ұстаз қауымының қоғамдағы айрықша орнын айқындайды. Өңірімізде осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып, кәсіби шеберлігі мен жаңашылдығын үйлестіре білген, еңбегі еленіп жүрген ұстаздар аз емес. Соның бірі — ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Ләззат Жиенбаева.

Нағыз ұстаз тек білім берумен шектелмей, шәкіртке бағыт-бағдар сілтеп, қоғамға қызмет етудің үлгісін көрсетеді. «Ұстаздың шеберлігі – өзгеріске бейімделуінде емес, өзгеріс тудыруында» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған Ләззат Абдрахманқызының педагогикалық жолы 1987-1993 жылдары Алматы қаласындағы шетел тілдері педагогика институтында басталып, ағылшын және неміс тілі мұғалімі мамандығын меңгерумен жалғасты.

1993 жылы Бершүгір орта мектебінде еңбек жолын бастаған жас маман ұстаздық қызметтің жауапкершілігін сезініп, кәсіби қалыптасу кезеңінен өтті. Кейін Алматы қаласында жолбасшы-аудармашы болып қызмет етіп,  шет тілінде күнделікті қарым-қатынас құратын тілдік ортада  біліктілігін арттырып, тәжірибе жинады.

1996-2004 жылдары Сарысай негізгі мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі бола жүріп, мектептегі кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін абыроймен атқарды. 1997-1998 жылдары мектеп директорының міндетін атқарушы ретінде ұйымдастырушылық және басқарушылық қабілетін көрсете білді.

2004 жылдан бері Шалқар қаласындағы №4 жалпы орта білім беретін мектепте үздіксіз еңбек етіп келеді. Мектеп өмірінің барлық саласына белсене араласып, қоғамдық жұмыс пен кәсіподақ қызметінде де белсенділік танытып жүр. Бұл — ұстаздың азаматтық ұстанымы мен жауапкершілігінің айқын көрінісі.

Ұстаз жетекшілігімен білім алған оқушылар аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларда тұрақты түрде жүлделі орынға ие болып келеді. Шәкірттерінің еркін ойлауы, тілдік құзыреттілігі мен халықаралық талапқа сай дайындығы — жаңашыл әдістер мен жүйелі еңбектің нәтижесі.

Сонымен қатар Ләззат Абдрахманқызы — ұстаз тәрбиелеген ұстаз. Оның тәлімін алған бірқатар шәкірті бүгінде ағылшын тілі пәнінен сабақ беріп, ел игілігі жолында еңбек етіп жүр. Сонымен бірге ол үш жыл қатарынан түлектерге арналған «Елтану» курсын ақысыз өткізіп келеді. Бұл — білімге деген жанашырлықтың  нақты дәлелі десек артық болмас.

«Адамға ең алдымен — табиғат, табиғатқа қамқор адам керек» деген ұстанымды басшылыққа алған ұстаз қоғамға қызмет етуді азаматтық парыз санайды. Осы бағытта ол «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында игі бастама көтеріп, Қызылорда облысынан 100 түп сыр талын көктем мезгілінде өз қаражатына Шалқар қаласына әкеліп егуді жоспарлап отыр. Сыр талы —дарияның жағасында өсетін иілгіш әрі төзімді ағаш.

Ұстаздың кәсіби дамуы халықаралық серіктестікпен де тығыз байланысты. 2012-2013 жылдары British Council халықаралық ұйымының «ОДА» жобасының координаторы ретінде өңір педагогтерінің кәсіби қоғамдастығын дамытуға үлес қосты. 2025 жылдан бастап «EduStream» халықаралық білім беру орталығы арқылы «Express Publishing» халықаралық баспасының Ақтөбе облысы бойынша амбассадоры атанып, халықаралық тәжірибені отандық білім беру кеңістігіне енгізуге ықпал етіп келеді.

Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол облыстық «Үздік кәсіби қоғамдастық», «Педагогикалық идеялар фестивалі», пәндік олимпиадаларда жүлделі орынға ие болды. 2024 жылы «Ақтөбе облысының Үздік педагогі», 2025 жылы облыстық пәндік олимпиадада бас жүлде иегері атанды. «Қазақстан мұғалімі — 2020» ұлттық сыйлығының үздік 50 мұғалімінің қатарынан көрінді. Көп жылғы жемісті еңбегі үшін Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталып, 2025 жылы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісіне ие болды.

«Үйрен, бөліс, табысқа жет!»— бұл ұстаздың өмірлік қағидасы ғана емес, тұтас кәсіби жолындағы ұстанымы. Осындай жаңашыл, елге жанашыр ұстаздар ғана білім саласын алға сүйреп, болашаққа сенімді қадам жасайтын ұрпақ тәрбиелейтіні сөзсіз.

С.БИЖАНОВ,

Шалқар қаласы №4 мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button