Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Қаланы абаттандыру жүйелі жүргізіліп жатыр

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қаланы абаттандыру және бірқатар құрылыс жобаларының жүзеге асырылуымен, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарымен танысты.

Билік өкілдері алдымен, биыл жыл басында пайдалануға берілген «Келешек» денешынықтыру-сауықтыру кешеніне барды. Спорт кешенінің директоры Виталий Мукиннің айтуынша, жалпы алаңы 1300 шаршы метр болатын ойын алаңында  футбол, волейбол және баскетболмен шұғылдануға болады. Жобаның құрылысына 300 миллион теңге қаражат жұмсалған.
—  «Бизнестің жол картасы — 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жылдық 6 пайызбен несие алдық. Ойын алаңының еден жабындысы барлық стандарттарға сай жасалған. Яғни бала құлағанда еш жерін жарақаттамайды. Еден жабындысының өзі 60 миллион теңгеге салынды. Мұндай ойын алаңы елімізде тек Алматы қаласында ғана бар. Балалар секцияларға 4 жастан бастап қабылданады. Сұраныс жоғары, — дейді В.Мукин.
Оның айтуынша, алдағы уақытта спорт кешенінің жанынан ашық спорт алаңдарын салу да жоспарда бар.
Облыс әкімі спорт кешеніне жақын ауданның балалары мемлекеттік тапсырыс арқылы секцияларға тегін қатысатындай мүмкіндік туғызу керек екенін атап өтті.
Бұдан соң өңір басшысы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығымен танысты.
Бүгінде облыста барлығы 38 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол үшін бюджеттен 4 жарым миллиард теңге қаражат бөлінген. Ақтөбе қаласында 9 мектеп жаңартылып жатыр, оның ішінде елдегі үздік жүз мектептің қатарына енген №11 орта мектеп-гимназиясы да бар. Білім ордасына биыл 85 жыл толмақ. 1300-ден астам оқушы білім алатын мектептің жөндеу жұмыстарына 100 миллионға жуық қаражат жұмсалған. Ғимараттың қасбеті жаңартылып, есік-терезелері ауыстырылған, сондай-ақ спорт залы жөнделген.
Оңдасын Оразалин облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханға өңірдегі барлық мектептің жөндеу жұмыстарын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.
— Қазір шаһар үлкейіп келе жатыр. Тұрғын үй алаптарының тұрғындары балаларын алысқа апармай, жақын жердегі мектептерге бергені дұрыс. Қазіргі таңда Есет батыр және Батыс-2 ауданында да жаңа мектеп салынып жатыр. Балалар заманауи талаптарға сай келетін білім ордаларында оқуы үшін күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда, — деді облыс әкімі.
Жолдас Батырханның айтуынша, алдағы үш жылдың ішінде жүзден аса мектеп, балабақша мен қосымша білім беретін мектептен тыс мекемелерді жөндеу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 8 миллиардтан астам қаражатқа жобалық- сметалық құжаттар әзірленген.
Сондай-ақ облыс әкімі Әуеқалашығы ауданындағы жылыту қазандығының құрылысымен танысты. Қазандық биыл күзде пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда нысанды электрмен жабдықтау және орнатылған жылу механикалық жабдықты автоматтандыру шаралары аяқталып қалды. Сондай-ақ бейнебақылау жүйесі, өрт және күзет дабылы орнатылған.
— Былтыр осы ауданды жылумен қамтуда іркіліс болған. Сол жағдай биыл қайталанбауы керек, — деген облыс басшысы жаңа қазандықтың уақытында іске қосылып, үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз етуді тапсырды.
Әуеқалашығы ауданында 83 нысан бар. Оның 43-і — көп қабатты үйлер. «Aqtobe su-energy group» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Рүстем Арыстанов қазандықтың күші 19 гигакалория болатынын атап өтті. Яғни қыста ауданды толық жылумен қамтамасыз ете алады. Алдағы уақытта қазандық аумағын абаттандыру жұмыстары жоспарланған.

Облыс орталығындағы көшелер мен көп қабатты үйлердің аулаларын жөндеу жұмыстары да белсенді жалғасып жатыр. Облыс әкімі 2,3 шақырым болатын «Болашақ» тұрғын үй алабындағы жолдың орташа жөндеу және Есет батыр көшесіндегі №93 үйдің ауласын абаттандыру жұмыстарының барысын қарап шықты. Жұмысты «Ақтөбе Адал құрылыс» ЖШС мердігер мекемесі жүргізіп жатыр. Аталған мекеме басшысы Сүлеймен Ахметбеков жол жөндеу жұмыстары қыркүйек айының ортасында аяқталатынын айтты. Келісімшарт бойынша 2 жылға кепілдік қарастырылған.
Жалпы «Ақтөбе Адал құрылыс» ЖШС қазір 13 ауланың аумағын жөндеп жатыр.
— Биыл қалада 45 ауланы жөндеуге 300 миллион теңге қаржы бөлінді. 3 мердігер мекеме анықталды. Қазір Есет батыр, Тургенев көшесінен «Атлант» спорт кешеніне дейінгі жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Есет батыр көшесіндегі № 92, №91, №89 үйлердің аулаларына асфальт төселіп жатыр. Сондай-ақ қоқыс алаңдары қалыпқа келтірілмек. Мұнда жарық шамдар, балалар ойын алаңдары бар. Кейбір аулаларға тұрғындардың сұранысымен автотұрақ аймағын жасауды жоспарлар отырмыз, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Дамир Көбенов.
Футболдан №8 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде де жөндеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда футбол алаңына жасыл төсеніш төсеу, спорт кешенінің қасбетін ​ қаптау, кіре беріс жолдар мен жүгіру жолақтарын жөндеу қарқынды жүргізіліп жатыр.

— Өздеріңіз білетіндей, бүгінде біздің футболшыларымыз жанкүйерлердің қолдауымен алдыңғы қатарда келе жатыр. Бұл қуантарлық жағдай. Осы ретте балалар мен жасөспірімдердің  арасында да бұқаралық спортты дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Спорт нысандары осы мақсатта салынып жатыр. Келер жылы халықаралық дәрежедегі ойындарға қатысатын болсақ, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионды реконструкциядан өткізіп, қалыпқа келтіруіміз керек. Бұл стадионға 50 жыл болды, оның әбден тозығы жеткен. Қалпына келтіруге кем дегенде бір жыл уақыт керек.
Балалар спорт мектебі де қайта жаңартылса, футбол федерациясының талаптарына сәйкестендіруге мүмкіндік болады.
Біздің басты мақсатымыз — балалар мен ересектердің спорттық ғимараттарға жақын жерден жаяу баруын қамтамасыз ету, — деді облыс әкімі.
Облыс әкімі қала басшылығына облыс орталығын әрі қарай абаттандыру мен жүзеге асырылып жатқан жобаларды уақытында аяқтауға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button