Жаңалықтар

Ақын рухына тағзым

  • Абай күні

Ақтөбедегі Абай ескерткішінің алдында ұлы ақынның туған күніне арналған «Мен Абайды оқимын!» атты әдеби-сазды іс-шара өтті.

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен шараға Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпенов, зиялы қауым өкілдері, облыстық мәслихаттың депутаттары, №6655 әскери бөлімінің сарбаздары мен қала тұрғындары қатысты.

— Бүгін қазақ халқы үшін үлкен мереке. Әлемге танымал бас ақынымыздың еңбегін халық болып ұлықтау мемлекетіміздің мерейін арттырары сөзсіз. Жалпы Абайды тану — қазақты, өзіңді тану. Ұлы ақынның бір ғасыр бұрын айтып кеткен сөздері қазір де өміршең, рухани құндылығы өте жоғары. Сондықтан біздің міндетіміз — Абай атамыздың мұраларын одан әрі зерттеп, жас буынға насихаттау. Бұл ретте өңірімізде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Бабамыздың еңселі ескерткіші сүйікті қаламыздың төрінен орын алып, аға буын мен жас ұрпақтың бас қосатын орталығына айналды. Әлі де қаншама атқарылар жұмыстар бар. Ол үшін атқарушы билік тарапынан қолдау көрсетіледі, — деді қала әкімінің орынбасары.

Бұдан соң Айбек Көпенов пен «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин Абай ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоғын қойды.

Сондай-ақ шара барысында философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ертай Ашықбаев сөз сөйлеп, ұлы ақынның қазақ халқы үшін орны бөлек тұлға, өскелең ұрпақ үшін зор мақтаныш екенін атап өтті.

— Орта Азия елдерінде Абайдың деңгейіне жететін ақын болған жоқ. Өйткені оның білімі мен зердесі мықты. Абай өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, рухы көрініс табады. Бұл — ақынның ұлылығы. Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген өлең жолдары бар.  Біз бір-бірімізді қолдау, демеу арқылы басқа ұлтқа үлгі бола аламыз. Абайдың аңсағаны да осы еді, — деді Ертай Ашықбаев.

Сондай-ақ шара барысында әнші Құрманбай Қосжанов, әнші-жырау Жетес Жәмеков Абай әндерінен шашу шашты. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының артисі Әсет Оразалин Абай кейпінде ақынның қара сөздерінен үзінді айтты. Бір топ кітапханашылар мен мұғалімдер Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button