Басты жаңалықтарЖаңалықтар

«Asar Joly» Ақтөбеге келді

«Asar Joly» республикалық қайырымдылық марофоны Ақтөбеде жалғасты. Бастамашылар осымен алтынша қалаға табан тіреп отыр.

Акцияны ұйымдастырушы «Asar ume» қорының мүшелерін ақтөбеліктер ерекше ықыласпен қарсы алды. Келген меймандарға арнайы киіз үйлер тігіліп, ақ дастарқан жайылды. Олар облыс орталығында үш күн болып, меценат кәсіпкерлермен, еріктілермен кездесулер өткізбек.

Шараның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова жылы лебізін білдірді.

— Бүгін сонау көне замандардан бастау алатын асар жасау дәстүрінің қайта жаңғырғанын көріп отырмыз. Бұл қазақ халқының тарихынан сыр шертетін көне дәстүр. Біз қазақ бүтінді бөліп, жартыны жарып жеген халықпыз. Бүгінде жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін қалыптастыру мақсатында, халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттауға бағытталған «Asar Joly» республикалық қайырымдылық марафоны өтуде. Осы игі шараға ақтөбеліктер белсенділікпен қатысады деген сенімдеміз.

Асарлатып келген қонақтарымызға облыс басшысы Оңдасын Оразалиннің атынан ризашылығымды білдіремін, — деді.

ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, «Asar Joly» қайырымдылық қорының басшысы  Асхат Нұрмашев бастама Мемлекет басшысының халықтың табысын арттыру бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.

— Ата-бабаларымыз ежелден-ақ бір-біріне қол ұшын созуға дайын болған. Бүгінде біз де осы дәстүрді қолдап, «Asar Joly» марафонын бастадық. Негізінен аз қамтылған көпбалалы отбасыларды, қиын жағдайда қалған немесе жұмыс істей алмайтын жандарды баспанамен қамтамасыз етуге жәрдем береміз. Одан басқа, мүмкіндігі жоқ ата-аналардың баласын оқытуға, кейбір азаматтардың кәсібін ашуға да көмектесеміз.

Негізгі мақсатымыз — халықты қайырымдылыққа, мейірімділікке үндеу, — дейді Асхат Нұрмашев.

Марафон басталғалы қор мүшелері 5 қаланы аралаған. 18 күннің ішінде 111 миллион теңге қаржы жинаған, 9 мұқтаж отбасыға көмек көрсеткен.
Қор басшысы аталған шара еліміздің өзге қалаларында да жалғасатынын мәлімдеді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button