Жаңалықтар

Қалам иесіне құрмет

  • Әріптес мерейі

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Актюбинский вестник» газетінің бөлім меңгерушісі Ләззат Буханованың мерейлі жасы — алпысыншы белесі «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұжымында салтанатты түрде атап өтілді.

Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің 1985 жылғы түлегі бұқаралық ақпарат саласындағы еңбек жолын сол кездегі Ленин аудандық газетінде бастады. Аудандық басылымның тілшілігінен бастап редакторлығына дейінгі жолдан өтті.

Оның журналистік еңбек сатылары кейіннен облыстық «Актюбинский вестник» газетінде жалғасты. Бүгінде бір ғасырлық белестен өткен бұл басылымда тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметінде болып, қай буында еңбек етсе де, қаламының сиясын құрғатқан жоқ.

Көпшілік Ләззат Тұрсынғалиқызын ойы жүйрік журналист, халықтың жанашыры, сергек те сезімтал шығармашылық адамы деп біледі. Оның ауыл шаруашылығы тақырыбына жазған мақалалары республикалық конкурстарда бірнеше мәрте жоғары бағаланып, мерейлі марапаттарға ие болды.

Ақпарат саласының үздігі атағын алды, еңбектері облыс және қала әкімінің сыйлықтарымен атап өтілді.

Осы жайларды атап өте келіп, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин мерейтой иесіне жылы лебізін білдірді, сыйлығын ұсынды.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тауанов тәжірибелі журналистке облыс әкімдігінің атынан құттықтау сөзін айтып, оның бұқаралық ақпарат саласындағы еңбегін атап өтті.

Салтанатты жиында Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының жауапты хатшысы Нұрмұханбет Дияров, облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бас редакторлары Сәтжан Дәрібай, Айгүл Нұркеева әріптес журналисті құттықтап, оған алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тіледі.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button