Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Мақсат — жазалау емес, жемқорлыққа ұрындырмау

  • Акция

Еліміздің барлық аймағында  «Әділдікті талап ет!» республикалық акциясы басталды. Осыған орай «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі атқарушы директорының орынбасары Нұрлыбек Мұқанов Ақтөбе қаласына келіп, бірқатар мекеме қызметкерлерімен кездесті.

Алдымен «ҚазақАвтоЖол» Ұлттық Компаниясы акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалында болып, жол салушы мердігерлермен жүздесті. Өйткені акцияның мақсаты — еліміздегі жол сапасына қатысты сын мен арыз-шағымдар көп түсетіндіктен автомобиль жолдарын салу, жөндеу кезіндегі сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуіне баса назар аудару. Филиал басшысы Марат Махамбетов облыста жүргізіліп жатқан жол құрылысы туралы айтып, қазіргі таңда ең ірі жоба Ақтөбе-Қандыағаш, Қандыағаш–Мақат жолының салыну барысын баяндады.

Одан кейін «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болған Нұрлыбек Мұқанов дөңгелек үстел өткізді. Медиа басшысы Раукен Отыншин, облыстық мәслихат депутаты Гүлжанат Ерғазина, мәслихат депутаттары және мекеме басшылары бас қосқан жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер, оның алдын алуға арналған бағыттар сөз болды.

«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі  Президентіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру мақсатында құрылды. Еліміз бойынша 17 облыста филиалымыз бар. Республикалық деңгейде өткізіліп жатқан «Әділдікті талап ет!» акциясы аясында қызметімізді халыққа түсіндіру-насихаттау үшін Ақтөбе облысына келіп отырмыз. Жемқорлықпен күресу тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің жұмысы емес. Қазір бірнеше бағыт бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ең бастысы мемлекеттік сатып алуларда болатын заңбұзушылықтың алдын алу. Жыл басынан бері мемлекеттік сатып алуға байланысты 312 әкімшілік хаттама толтырылып, мемлекеттік қызметшілерге 67 миллионға дейін айыппұл салынды. Жарты жыл ішінде бағаны асыра пайдаланып миллиардтаған теңгеге мемлекеттік сатып алуға конкурс жарияланған. Біз дер кезінде конкурс жарнамаларын алдыртып, бағасын төмендетіп қайта бергіздік. Себебі біздің мақсатымыз заңбұзушылықтардың шегіне жетуіне жол бермей, алдын алу. Кейбірі мұндай қадамға саналы түрде барса, ал біреулер қателесіп жатады. Міне, осындай жағдайда уақытын қараймыз. Егер келісімшарт, тағы басқа да құжаттар жасалмаған болса конкурсты тоқтатамыз. Осылайша азаматтарды айыппұлдан немесе басқа да жазалардан құтқаруға тырысамыз. Тағы айтамын, біздің жұмыс заңбұзушылыққа жол бергендерді жазалау емес, керісінше жемқорлықтың алдын алу, — деді бірлестіктің атқарушы директорының орынбасары Н.Мұқанов.

Қазіргі таңда республика бойынша мемлекеттік сатып алу кезінде 23 қылмыстық іс тіркелген. Бұл нақты дәлелденген фактілер. «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің  ерекшелігі — заңсыз әрекеттерді тапқан жағдайда әлеуметтік желіге жариялай бермейді. Әбен көз жеткізіліп барып, тиісті органдарға жібереді. Бұл қоғамдағы болып жатқан жағдайларға тосқауыл болып, мемлекеттік қызметшілердің заң бұзушылыққа ұрынбауына септігін тигізеді.

Айта кетсек, азаматтар «Adildik.kz» веб-сайт арқылы акцияға қатысып, жол саласында байқалған сыбайлас жемқорлық фактілерін хабардар ете алады.

Акцияға қосылғысы келетін азаматтар «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының басшысы Асылбек Байменовке 8701 418 79 78 нөмірі арқылы байланыса алады.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button