Қазақстан жаңалықтары

«EpsilonGroup» компаниясы енді агрономияны игермек

  • Қазақстанның үздік тауары

Кеше өңірлік «Атамекен» өкілдері қала іргесіндегі Сазды ауылында орналасқан «EpsilonGroup» ЖШС өндірістік базасына барып қайтты. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова «Қазақстанның үздік тауары» байқауының облыстық кезеңінде «Халық үшін үздік тауар» номинациясын жеңіп алған компания қызметкерлерімен әңгімелесті.

Серіктестік жылына 10 мың тонна химиялық реагенттердің сан алуан түрін шығарады. Кәсіпорынның өндірістік цехында 40 жұмысшы еңбек етеді.

Ақтөбеде өнеркәсіптік, тұрмыстық химия өндірісін бастағанына 7 жыл толған компания осы уақыт аралығында отандық нарықтан өз орнын айқындап, бүгінде тауарларын Өзбекстан және Ресей елдеріне шығарады. Өнім арнайы зертханада, барлық стандартқа сай жасалады. Отандық өнімнің басты ерекшелігі: нарық бағасынан әлдеқайда төмен бағамен сатылады.

Мұнай, тау-кен саласында, энергия компаниялары мен су арналарында ең көп сұранысқа ие өнімдер — деэмульгаторлар, коррозия ингибиторлары, органикалық химия негізінде тұзға қарсы комплексонаттар. Химиялық өнімдердің бірегей рецептурасы мен өз зертханасының болуы мамандарға ең күрделі міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

«EpsilonGroup» ЖШС Kazхимия, BASF, Эвохим, Snow chemical және Семдел сияқты ірі компаниялармен әріптестік қарым-қатынас орнатқан.

Ақтөбелік компания «ЕАЅУ» сауда белгісімен ыдыс жууға, құбырларды тазартуға, сондай-ақ ағартуға арналған тұрмыстық химия өнімдерін де шығарады. Компания импортты алмастыруға бағытталған.

— Кәсіпорында жеке зертхана, өндірістік цех және логистика бөлімі жұмыс істейді. Біздің компания өнімдерді өзіміздің мамандар әзірлеген технология бойынша өндіреді. Сонымен мақтанамыз. Бұл әрі біздің басқа ұйымдардан тәуелсіз болуымызға мүмкіндік береді. Сондай-ақ баға белгілеуге, жеткізушілерді таңдауға оң әсер етеді. Осындай артықшылықтар нарықта бәсекеге қабілеттілігімізді көрсетеді. Алайда бүгінгі таңда өнімді ірі сауда желілерінің сөрелеріне орналастыру мәселесі бар. Өндірістік аумақты кеңейту үшін қосымша жер учаскесін алу мәселесін шешу қажет. Ғылымға маман даярлауға да дайынбыз. Енді агрономияға да көңіл бөле бастадық. Біз топырақты зерттеу негізінде оларға қажетті мөлшерде тыңайтқыштар жасап, жобаны масштабтауды жоспарлап отырмыз, — дейді компания өкілі Тимур Өмірзақов.

Кездесу соңында «Атамекен» сарапшылары проблемалық мәселелерді нақты пысықтап, кеңес берді, ал өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Дана Бекбауова «Қазақстанның үздік тауары» байқауының республикалық кезеңіне дайындалып жатқан компания басшылығының жұмыстарына табыс тіледі.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button